Еліміздің бірнеше аймағында егін ору науқаны басталып кетті. Қалған өңірлер де алдағы науқанға қамдана бастады. Былтыр егін бітік шығып, өнім жақсы болғандықтан, астықтың қоры артығымен жиналған болатын. Жыл басында биыл да өнім мол болады деген болжам айтылған еді.
Көлеңкелі импорттың өсуі көлікпен астық экспорттауға 6 айға мораторий жариялауға ықпал еткен болатын. Локдаунға байланысты Қытайға теміржолмен астық экспорты уақытша тоқтап, салдарынан бидайдың бағасы 2022 жылғы күзден бастап 2023 жылғы наурызға дейін тоннасына 125 мың теңгеден 95 мың теңгеге дейін арзандаған еді. Дегенмен қазір жағдай реттелді, оған қоса жуырда біз Қытайға
1 миллион тонна бидай жеткізуге келістік. Мұнымен шектелмей, экспорт көлемін одан әрі ұлғайту жоспарланып отыр.
Аустралия мен Ресейдің әлемдік нарыққа ұсынып отырған мол өнімі бидайдың әлемдік бағасын төмендетті. Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы (ФАО) әлемдік бидай өндірісінің 2023 жылға арналған болжамын қайта қарап, өнімнің мол болуына байланысты астық пен дақылдардың бағасы тағы да арзандауы мүмкін екенін мәлімдеген еді.
Егін ору науқанына дайындық қалай? Қанша астық жиналды? Ішкі нарықты қамту бойынша ахуал қандай? Шаруалар не дейді? Әлемдік нарықтағы жағдай мен астық бойынша азық-түлік қауіпсіздігі қандай деңгейде?
Болжауға ерте, бірақ…
Осыдан бір ай бұрын Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қанша астық жиналатынына қатысты болжам айтқан болатын. Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов былтыр астықтың түсімі орташа жылдық көрсеткіштен жоғары болғанын алға тартып, биылғы астық түсімінің болжамын сұрады.
Ербол Қарашөкеев нақты болжам жасауға әлі ерте екенін, дәл болжам жасау үшін біраз уақыт қажет екенін айтты. Дегенмен биыл да көрсеткіш жаман емес екенін меңзеді.
– Шаруалар егін егуді оңтайлы мерзімде аяқтады. Топырақта жиналған ылғалды сақтау үшін істелген жұмыстар да уақытылы аяқталды. «Қазгидромет» мәліметінше, шілде-тамызда еліміздің батыс және оңтүстік өңірлерінде жауын-шашын нормадан сәл аз болады. Басқа өңірлерде жауын-шашынның болжамы нормаға сәйкес болып отыр. Қазір алдын ала факторларды ескергенде, жалпы 16 миллион тонна бидай жиналады деген болжам бар. Астықтың шығымы аз болмайды, – деді Ербол Қарашөкеев.
Қазір ел бойынша егін ору науқанына дайындық жүріп жатыр. Кей аймақтарда жұмыс басталып та кетті. Мәселен Жетісу облысындағы Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Сарқан аудандары мен Талдықорған қаласында егін ору жұмыстары жүріп жатыр. Қазір облыста 46,3 мың гектар масақты-дәнді дақыл орылып, 85,7 мың тонна астық бастырылған. Орташа өнімділік гектарына 18,5 центнерден айналып отыр.
Егістікте жұмыс басталып кеткенімен, Ауыл шаруашылығы министрлігі болжам жасауға әлі де болса ерте екенін айтады. Министрліктің ресми жауабына сүйенсек, қазір 9 өңірде егін ору жұмыстары жүріп жатыр.
– Қазір еліміздің тоғыз өңірінде 910,3 мың га астық алқабы жиналды. Егін жинау науқаны Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан, Абай, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Шымкентте басталды. Елдің барлық аймағында жаппай егін жинау науқаны тамыздың үшінші онкүндігінде басталып, қарашаға дейін жалғасады, – дейді АШМ ресми өкілі Дамир Егізбаев.
Сонымен қатар түсім деңгейі де жаман емес секілді. Науқанға арзандатылған жанар-жағармай да қарастырылған.
– Орташа өнімділік гектарына – 13,8 центнер, 1,2 млн тонна астық бастырылды. Сонымен қатар майлы дақылдардың түсімі – 1,6 мың тонна, картоп – 293,7 мың тонна, көкөніс дақылдары – 915,7 мың тонна, бақша дақылдары 1,8 млн тонна болды.
Егін жинау науқанын өткізу үшін 426 мың тонна арзандатылған дизель отынын бөлу жоспарланған. Қазір оның 93,4 мың тоннасы төленіп, шамамен 66,0 мың тонна жөнелтілді, – деп жауап берді министрлік.
«Райымбек Нан» ЖШС бас агрономы Әбдімұхаммед Сұлтанов аздаған құрғақшылықты есепке алмағанда, жағдай жақсы, егіннің шығымы да ойдағыдай болуы керек екенін айтады.
– Әлі астық көк, дегенмен, биылғы егіннің шығымы жақсы. Биыл да құрғақшылық болып тұр. Болжап айтар болсақ, 12-15 центнер болуы мүмкін. Жаңа технологияларды қолдандық. Бұрын тек арпа ғана болатын, қазір бидайдың жаңа сорттарын, ерте пісетін, қуаңшылыққа төзімді түрлерін егеміз. Биыл үлкен тәжірибе жасап, біздің аймаққа төзімді «Наз», «Қарасай», «Алмалы» деген сорттарды егіп көрдік. Болашақта да жұмыстарды жалғастырамыз, – дейді маман.
Бұған дейін көктемгі егіс жұмыстарына дайындық мәселелері қаралған Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі биыл жалпы егіс алқабы 23,4 млн гектар екенін айтқан болатын, бұл – 2022 жылғы көрсеткіштен 68,6 мың гектарға көп екенін мәлімдеген. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алаңын 117 мың гектарға, азықтық дақылдар егіс алаңдарын 36,5 мың гектарға және қант қызылшасы алаңдарын 6,7 мың гектарға ұлғайту көзделіп отырғаны да мәлім болды.
Шілдеде бидайдың 2023 жылғы егіс алқабы 13,72 миллион гектарға жеткен, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 6,5 пайызға артық. Сондай-ақ Ұлттық статистика бюросы арпаның егіс алқабы 2,18 миллион гектардан 2,55 миллион гектарға дейін және жүгерінікі 189,3 мың гектардан 193,9 мың гектарға дейін өскенін тіркеген. Дегенмен қара бидай дақылдары алқабы қысқарған: 2022 жылғы 34,8 мың гектардан 2023 жылы 21,78 мың гектарға дейін азайыпты. Жалпы, елімізде 2023 жылғы дәнді және бұршақты дақылдардың егіс алқабы 17,38 миллион гектар болды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 8 пайызға жоғары.
Облыс әкімдіктері де тұқым себу жоспары 100 пайыз орындалғанын хабарлаған еді. Фермерлер 2,4 миллион тонна көлемінде тұқым қорын қалыптастырған.
Жалпы, 2 миллион гектарға жуық алқапқа егін егу мен оны жинау үшін 3 200-ден астам ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қамту жоспарланған. Сондай-ақ «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» арқылы да қаржыландыру жалғасты. Биыл Азық-түлік корпорациясы салаға 55 миллиард теңге бөлген.
Былтыр елімізде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардан түскен өнім деңгейі кейінгі он жылдағы ең жоғары көрсеткіш болып, 21,8 миллион тоннаға жеткен болатын. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2023 жылғы сәуірде дәнді-бұршақты дақылдар қоры 11,9 миллион тонна болды, бұл – өткен жылғы көрсеткіштен бір жарым есе көп көрсеткіш. Яғни, ішкі нарыққа қажетті қор артығымен қалыптасқаны айтылды. Биыл да өнім мол болса, астық экспорты көлемін ұлғайту жоспарланып отыр.
Бұған дейін Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин 2023 жылы мол өнім жиналады деген болжам барын айтқан.
«Қазақстанның астық одағы» мәліметінше, ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін (тұқымға пайдалану, қайта өңдеу, жем-шөп және т.б.) жылына 5,5 миллион тонна жұмсақ бидай қажет. Оңтайлы қор қалыптастыру қажет екенін ескерсек, ішкі нарықтың жалпы қажеттілігі – 6,5 миллион тонна, ол толығуы үшін әр гектардан 5 центнер түсім қажет. Елімізде құрғақшылық жылдары да ел бойынша орташа өнімділік кемінде гектарына 7 центнер екен.
Қолда бар мәліметтер мен мамандардың сөзіне сүйенсек, биыл да астықтың түсімі былтырғыдан кем болмайтын сияқты. Дегенмен астықтың әлем бойынша шығымы да жаман емес. Яғни, ұсыныс деңгейі жоғары. Бұл, сәйкесінше, әлемдік нарықтағы астық бағасының төмендеуіне әсер етіп отыр.
Әлемдік болжам қайта қаралды
Маусымда Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы (ФАО) астық бағасының индексін 19,8 пайызға төмендетті. Астық бағасының арзандауына Аустралия мен Ресейдің мол астығы әсер еткен. Сонымен қатар ұйым шілдеде әлемдік бидай өндірісінің 2023 жылға арналған болжамын қайта қарады. ФАО-ның жаңа болжамына сәйкес, дүниежүзіндегі астық қоры 878 миллион тоннаға жетеді, бұл бір ай бұрын болжанғаннан 5,1 миллион тоннаға (0,6 пайыз) және алдыңғы маусымға қарағанда 2,3 пайызға жоғары.
Еуропалық Одақта бидай өндіру болжамы қайта өзгерді, Пиреней түбегіндегі жауын-шашын тапшылығына қарамастан өнім жоғары болады деген болжам бар. Сонымен қатар Канада мен Қазақстанға қатысты да болжам ауысты, бұған дейінгі есепке қарағанда өнім мол болады деп тұжырымдапты ұйым сарапшылары. Сондай-ақ Түркияда да өнім алдын ала болжамдардан жоғары болуы мүмкін екені айтылған.
– Қазақстанда елдегі жылдық ішкі бидай өндірісінің шамамен 95 пайызын құрайтын жаздық бидай өнімі мамыр айына дейін шамамен 12,8 миллион гектарға егілді, бұл орташа бес жылдық деңгейден 6 пайызға жоғары. Ауа райы жаздық бидайдың өсуіне, ерте пісуіне қолайлы болды. Тұтастай алғанда, ішкі бидай өндірісі (күздік бидайдың аз өнімділігін қоса алғанда) орташа деңгейден жоғары және 16 миллион тонна болады, – деп айтылған ФАО Егін және азық-түлік жағдайы басылымының шілдедегі санында.
Маусым болжамының деректерімен салыстырғанда астық тұтыну көлемі де 1,5 миллион тоннаға немесе 0,1 пайызға өскен. Десек те, әлемде азық-түлік қауіпсіздігі әлі өзекті болып отыр. The Economist Украинадағы соғыс пен климаттың өзгеруі 2023 жылы азық-түлік пен ауылшаруашылық өнімдерінің тапшылығын тудыратынын жазған болатын. БҰҰ бүкіл әлем бойынша 830 миллионға жуық адам аштыққа ұшырайды деп болжаған. Бұған Ресейден тыңайтқыштардың келмеуі және энергия бағасының жоғарылауы, сондай-ақ 2022 жылғы құрғақшылықтың салдары бүкіл әлемге әсер ететіні де айтылды. Украинадан астық экспорты төмен болатыны белгілі, бұдан Египет көбірек зардап шегеді деген топшылау бар. The Economist азық-түліктің әлемдік бағасы түсетінін, алайда, жеткізу бойынша қауіп сақталғандықтан, кей елдер экспортқа түрлі тыйым салуы мүмкін екенін айтады. Бұл қайтадан бағаның қымбаттауына әкелуі мүмкін.
Экспорт көлемін ұлғайтуға мүдделіміз
Еліміз бидай және ұн өндіретін ең ірі он елдің қатарына кіреді. Жыл сайын 5 миллион тоннадан көп астық және 1,5 миллион тонна ұн экспорттаймыз.
– Қазақстан астық өндірісі бойынша әлемде жетінші орын алатын ел ретінде дүниежүзілік азық-түлік тапшылығымен күресте өзінің ауыл шаруашылығы әлеуетін пайдалануға ниетті, – деген еді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми мәліметіне сүйенсек, еліміздегі бидай мен ұнды ең көп алатын – Өзбекстан мен Ауғанстан елдері. Екі елге жалпы экспорт үлесінің 80 пайыздан астамы тиесілі.
– Еліміз бидай мен ұнды негізінен Орталық Азия мен Ауғанстан елдеріне экспорттайды. 2022 жылы бұл елдерге астық эквивалентінде 7,7 миллион тонна қазақстандық бидай мен ұн экспортталды. Бұл ретте экспорттың 80,5 пайызы Өзбекстан мен Ауғанстанға тиесілі, – деп айтылған ресми жауапта.
Биылғы 6 ай ішінде шетелдерге 4 мың тоннадан астам бидай мен ұн экспортталған. Министрліктің берген ақпаратында экспортты ұлғайту бойынша жұмыстар атқарылып жатқаны айтылады.
– 2023 жылғы қаңтар-маусым аралығында 4 186 мың тонна астық эквивалентінде бидай мен ұн экспортталды, оның ішінде Өзбекстанға – 2 345 мың тонна, Тәжікстанға – 428 мың тонна, Түрікменстанға – 259 мың тонна, Қырғыз Республикасы – 7,6 мың тонна және Ауғанстанға – 1 146 мың тонна бидай. Қазақстаннан Ауғанстанға ұн экспортын ұлғайту үшін Өзбекстан аумағы арқылы теміржол көлігімен транзиттік тасымалдауға тарифтік преференциялар алу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді министрліктің ресми өкілі Дамир Егізбаев.
Сарыағаш – Галаба учаскесі бойынша Ауғанстан бағытында Қазақстан ұнын тасымалдаудың базалық тарифі – тоннасына 33,4 доллар, 2023 жылға Өзбекстан тарапы 0,8 немесе 20 пайыз коэффициентін пайдалана отырып, тарифтік шарттар ұсынған, бұл ағымдағы тарифті тоннасына 26,7 долларға дейін төмендетеді.
Министрліктің мәліметінше, қазір транзит құны тоннасына 16,7 доллар болатын базалық тарифке 50 пайыз преференция алу бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Сондай-ақ астықтың тұтыну нарығын кеңейту бойынша да бірқатар қадамдар жасалғаны айтылды.
Соның ішінде, Қытайға астық тасымалын ұлғайту бойынша нақты меже белгіленіп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстелінде сөйлеген сөзінде екі ел арасындағы агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға мол мүмкіндік бар екенін айтқан.
– Жуырда біз Қытайға 1 миллион тонна бидай жеткізуге келістік. Бірақ мұнымен шектелмейміз. Оның көлемін бірнеше есе арттыруға болады. Соңғы бес жылда Қазақстаннан Қытайға экспортталған майлы дақылдардың көлемі 3,5 есе (113 мың тоннадан 405 мың тоннаға дейін), өсімдік майы 2 есе (50 мың тоннадан 105 мың тоннаға дейін) көбейді, – деген еді Президент.
Осыған дейін коронавирусқа қарсы шектеу шараларының салдарынан Қытайға теміржолмен астық тасымалдау біршама тежелген болатын. Бұл астық бағасының өзгеруіне айтарлықтай әсер етті. Қазір жағдай реттеліп, экспорт көлемін ұлғайтуға назар аударылып отыр.
– Биыл Қытай тарапымен Алашанькоу стансасына «тәулігіне бір теміржол құрамы» схемасы арқылы Қазақстан астығын экспорттау бойынша келісімге келдік. Коронавирус пандемиясына байланысты үш жылдық тыйымнан кейін осы шаралардың арқасында отандық экспорттаушылар Қытай бағытына тасымалды қайта бастады. Осылайша, 2023 жылғы бірінші жартыжылдықта Қытайға «тәулігіне бір теміржол құрамы» схемасы бойынша 100 мың тоннадан астам отандық бидай экспортталды. Қазір тәулігіне екі теміржол құрамын жөнелту туралы келісімге келдік, бұл астық экспортының көлемін айтарлықтай көбейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Қытай тарапынан отандық астықты қабылдаушылардың санын көбейту бойынша келіссөз жүргізіліп жатыр, бұл да ҚХР-ға көбірек астық тасымалдауға ықпал етеді, – деп мәлімет берді Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Қытайға теміржол арқылы астық экспорттауға байланысты тыйымдар және Ресейден сұр импорттың өсуі отандық бидайдың бағасын 2022 жылғы күзден 2023 жылғы наурызға дейін 25 пайызға, тоннасына 125 мың теңгеден 95 мың теңгеге дейін арзандатқан.
Осыған байланысты 10 сәуірде Ауыл шаруашылығы министрлігі Ресейден арзан астық ағынын шектеу үшін бидайды автомобиль көлігімен импорттауға 6 айға тыйым салды. Бұйрыққа 10 сәуірде қол қойылды, осылайша шектеу 10 қазанға дейін жалғасады. Құжат кез келген елден бидай әкелуге тыйым салғанымен, ол негізінен Ресейден арзан астық ағынын шектеуге бағытталған. Ресей астығының Қазақстанға көлеңкелі импорты жылына 1,5-2 миллион тоннаға бағаланады. Бұл ретте биыл көрсеткіш әдеттегіден де жоғары болуы мүмкін, өйткені Ресейден ірі астық трейдерлері кетті, Қара теңіз порттары арқылы астық жеткізуге қатысты қиындықтар реттелген жоқ. Сондықтан көрші елге астығын Қазақстанға экспорттау оңайырақ болып отыр. Кейінгі кезде Павлодар облысы Ресейден заңсыз астық қабылдау және транзиттеу бойынша көш бастаған, биыл Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында да осындай жайттар жиі тіркеліпті.
Оған қоса, көрші елде санкцияларға қарамастан аяқталған ауыл шаруашылығы жылы астық экспортының рекорд көлемімен ерекшеленіп отыр. Елдің Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша – 60 миллион тонна. Егін жинау және экспорт бойынша да болжам – оң. Сондықтан астық игерілмей қалуы мүмкін деген қауіп бар. Астық одағының жауабына сүйенсек, 2022 жылғы қыркүйек пен 2023 жылғы мамыр аралығында ресми түрде 1,6 миллион тонна Ресейдің жұмсақ бидайы импортталған. 2023 жылғы маусым-тамыз айларында 500 мың тоннаға дейін Ресей бидайының импорты келеді деген болжам бары айтылды.
Отандық фермерлер шектеу енгізілгеннен кейін бидайдың көтерме бағасы тоннасына 100 мың теңгеден 120 мың теңгеге дейін өседі деген үмітпен бидай сатуды тоқтатқанын eldala агроөнеркәсіптік порталы жазған еді. Басылым сарапшылары бидайдың ішкі бағасы өсетінін, бірақ тоннасына 10 доллардан аспайтынын болжаған еді. Қазақстанның Астық одағы Сауда комитетінің басшысы Александр Малов автокөлікпен Қазақстанға астық әкелуге тыйым салу өз нәтижелерін бергенін, 3 апта ішінде ішкі нарықтағы бидайдың бағасы тоннасына 85-88 мың теңгеден 100 мың теңгеге қайта жеткенін мәлімдеген болатын.
Сонымен қатар экспорт көлемін ұлғайту аясында «Азық-түлік корпорациясы» және басқа қазақстандық экспорттаушылар Кавказ аймағы елдеріне, соның ішінде, бірінші кезекте Әзербайжанға астық жеткізуді ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Молшылық болғанымен, мәселе көп
Жалпы, астық экспортына байланысты еліміздің әлеуетін билік тарапы жоғары бағалайды. Дегенмен салада түйіні тарқамаған мәселе көп.
– Азық-түлік қауіпсіздігі бүкіл әлем бойынша басты мәселеге айналды. Биыл біздің елде астық мол шықты. Бірақ егіннің орташа шығымы әлі де төмен. Бұл салада заманауи технологияны қолдану өте маңызды. Шаруаларды осыған ынталандыру керек. Сондай-ақ тыңайтқыштың қолжетімді болуын қамтамасыз еткен жөн. Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу ісін жақсартуға баса назар аудару қажет, – деген еді былтыр Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Ең алдымен, тыңайтқыш мәселесіне тоқталсақ. Jusan Analytics-тің астық нарығына жүргізген зерттеуінде саладағы басты мәселе осы тыңайтқыш екені айтылады. Зерттеуде келтірілген мәліметке сүйенсек, дәнді дақылдарға басымдық КСРО кезінде қалыптасқан және одан әрі сол соқпақпен жылжыдық. КСРО кезінде (1986-1990) отандық бидайдың өнімділігі орта есеппен гектарына 12,6 центнер болған. 1980 жылдары астық өндірісі бойынша өндірісті қарқындату жұмыстары жақсы нәтиже берген. Егіннің 50 пайызы минералды тыңайтқыштарды қолдану есебінен, 20 пайызы аудандастырылған сорттарды пайдалану есебінен және 30 пайызы технологияны сақтау есебінен қалыптасыпты. Бұл пропорция аграрлық салада жүзеге асырылған ұйымдық өзгерістерге, дәнді дақылдарды өсіру технологиясының бұзылуына, бағаның диспаритетіне және басқа факторларға байланысты бұзылған. Jusan Analytics мәліметінше қазір бидай өнімділігі бойынша Қазақстан әлемнің 130 елінің ішінен 109-орында. Біздің еліміз негізінен ақуызға (глютенге) бай, бірақ салыстырмалы түрде жұмсақ, әлсіз сорттардың өнімділігі төмен күшті жұмсақ бидайды өсіреді. Алайда салыстырмалы бидай сорттары бар елдер арасында да біздің бидайдың өнімділігі ең төмен екен. Осы орайда сарапшылар басқа бағытқа басымдық беру керек екені туралы айтып өткен.
Жалпы, тыңайтқыш мәселесі біздің елде ғана емес, әлем бойынша өзекті екені белгілі. Ресми мәліметке сүйенсек, 2022 жылдың қорытындысы бойынша кейінгі 10 жылда алғаш рет тыңайтқышпен қамту 667 мың тоннаға немесе қажеттіліктің 26 пайызына жеткен. Биыл шамамен 704 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланған еді, оның 63 пайызы – отандық тыңайтқыштар (аммиак селитрасы мен аммофос). Тыңайтқыштарды субсидиялау бағдарламасына жергілікті бюджеттерде 31,3 миллиард теңге қарастырылыпты.
Тыңайтқыш, жаңа технологиялар мәселесіне маман жетіспеушілігін де қосып өткен жөн. «Райымбек Нан» ЖШС бас агрономы Әбдімұхаммед Сұлтанов 50 жылғы еңбек жолында мамандардың азаюы айқын байқалғанын айтып өтті.
– Біздің өңірдің астық өндірудегі әлеуеті жоғары. Жаңа технологияларды енгізетін болсақ, өнім өте мол болады. Бізде игерілмей жатқан жерлер жатыр. Ауданда 36 мың гектар дәнді дақыл болған. Соның қазір 10 пайызы игерілген жоқ. Қуаңшылыққа төзімді жаңа сорттар егу қажет. Сонымен қатар қазір жермен жұмыс істейтін маман жоқ. Астық өндірушілерге жеңілдетілген несиелер беріп жатыр, ал оны салаға мүлдем қатысы жоқ адамдар алып, игере алмай жатыр, – дейді агроном.
Жалпы, 2023 жылға облыстардың жергілікті бюджеттерінде тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 11,4 миллиард теңге бөлінген екен. Мемлекет жыл сайын агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 350 миллиард теңгеден астам субсидия бөледі. Соған қарамастан, өңдеу өндірісі дамып жатқан жоқ.
Биылғы егіннің шығымы жақсы, нақты болмағанымен болжам да – оң. Сарапшылар ішкі нарықты қамтуға әлеуетіміз жететінін айтады. Бұдан да мол өнім алуға қауқарымыз жететіні де сөз болды. Ал Үкімет импорт көлемін одан әрі ұлғайтуға мүдделі. Бұл бағытта жұмыстар жалғасып жатыр. Әйтсе де, маман тапшылығы, жерді игеру, тыңайтқыш, жаңа технологиялар төңірегінде түйткіл көп. Бұл мәселелер тек астық өндірісі емес, жалпы ауыл шаруашылығы саласына ортақ болып отыр.