“ҚАМАЖАЙҒА” БИЛЕГЕНДЕ ҚАЙ ЖЕРІМІЗДЕН ОЙЫН-КҮЛКІ КЕЛЕДІ?

60
«Қамажай» десе, көз алдымызға қолын жайқалтып, жеңіл ырғақпен билеп жүрген қыздар елестейді. Бүгінде ол қазақтың ұлттық биінің символдарының біріне айналып кеткендей.
Бірақ бір сәт әннің сөзіне үңіліп көрдіңіз бе?
«Айрылып Қамажайдан болдым күлкі…
Айрылып Қамажайдан отырғанда,
Келеді қай жерімнен ойын-күлкі?»
Немесе:
«Көрмесе жарты сағат тұра алмаушы ед,
Апырмай, кетті ме екен күдер үзіп…»
Бұл – ойын-күлкінің емес, айырылысудың әні, сүйгенінен көз жазып қалған жанның мұңы. Тіпті қайырмасындағы:
«Қамажай, қалдың кейін, сәулетайым…” — деген жолдың өзінен қоштасудың қасіреті сезіледі.
Сонда осындай мұңды мәтінге неге бәріміз қуанып, секеңдеп билейміз?
Осы сұрақ мені көптен ойландырады.
Меніңше, қазіргі «Қамажай» биі – көне халықтық би емес, кейінгі дәуірде сахналық өңдеуден өткен ұлттық би болуы әбден мүмкін. Өйткені XIX ғасырдағы қазақ арасында дәл бүгінгі «Қамажай» биінің биленгенін дәлелдейтін нақты этнографиялық дерек әзірге кездеспейді.
Керісінше, ХХ ғасырда кәсіби қазақ хореографиясы қалыптасып, көптеген халық әндері сахнаға лайықталып, жаңа би композицияларымен орындала бастады. «Қамажай» да сол үдерістен өткен болуы ықтимал.
Әннің мәтініне қарағанда, «Қамажай» – Қамқа, Қамаш, Қамия, Қамажан секілді қазақ қыздарының көне есімдерінің бірі болса керек. Демек, бұл – ғашығына арналған лирикалы мұңға толы ән.
Егер солай болса, бүгінгі көңілді әуен мен мұңды мәтіннің арасында белгілі бір тарихи өзгеріс жатқан жоқ па?
Мүмкін, әннің көне әуені қоңырлау, мұңдылау болған, уақыт өте келе орындалу мәнері өзгерген шығар?
Кейінгі сахна мәдениеті әннің бастапқы табиғатын өзгертті ме?
Әзірге мұның ешқайсысына үзілді-кесілді жауап беру мүмкін емес. Бірақ мұндай сұрақтарды қоюдың өзі – ұлттық мәдениетіміздің тарихын тереңірек тануға бастайды.
Осы тұста тағы бір қызықты дерекке кезіктім. Журналист Қуандық Сәденовтің ««Қамажай» әнінің тарихы» атты мақаласында (Ortalyq Qazaqstan) Ақтоғай өңірінің көнекөз қариясы Қауаз Мұқажанұлының қолжазбалары негізінде өзгеше нұсқа келтіріледі. Онда әннің бастапқы атауы «Әуез-ай» болғаны, әуенін Кенесары қозғалысына қатысқан Құлеке Қармысұлы шығарғаны, кейін Қызылбай Жандеркеұлы сол әуенге қалыңдығы Қамилаға (Қамажайға) арнап жаңа сөз жазып, әннің «Қамажай» деген атпен таралғаны баяндалады. Бұл – әзірге қосымша зерттеуді қажет ететін, бірақ назар аударуға тұрарлық өте қызықты дерек.
Дереккөз: Қуандық Сәденов. «Қамажай» әнінің тарихы. Ortalyq Qazaqstan: https://ortalyq.kz/4864131321-2/
Осы тұста тағы бір сауал туындайды.
Қазақтың табиғи, дәстүрлі билерін неге бүгінгі ұрпақ толық танымайды?
Біздің көне би мәдениетімізде буын биі саналатын Қара жорға, Жорға аю секілді билер ғасырлар бойы қалыптасқан көшпелі өмірдің көрінісі болатын. Онда ат үстіндегі ептілік, аңшылық, табиғатпен үндестік, дененің барлық буындарын қозғалысқа түсіретін ерекше пластика жатыр. Мұндай билер жай ғана өнер емес, халықтың өмір салтымен бірге қалыптасқан қимыл мәдениеті, өзіндік дене тәрбиесі, сергектік пен қуат сыйлайтын табиғи гимнастика еді.
Ал бүгінгі «Қамажай» биіне қарасақ, ән мәтіні мен би қимылының арасында белгілі бір алшақтық байқалады.
Өйткені әннің өзі:
«Айрылып Қамажайдан отырғанда,
Келеді қай жерімнен ойын-күлкі?»— деп бастан-аяқ сағыныш пен айырылысуды жырлайды. Шынында да, қай жерімізден ойын-күлкі келеді? Сүйгенінен айырылған адамның зарын айтып тұрған әнге неге шаттанып билейміз?
Әлде бүгінгі «Қамажай» биі әннің табиғи жалғасы емес, кейінгі сахналық өңдеудің жемісі ме? Бұл – зерттеуді қажет ететін мәселе.
Кеңес дәуірінде көптеген халық әндері мен билері кәсіби сахна талаптарына сай қайта өңделіп, жаңа композициялар жасалғаны белгілі. Сол кезеңде ұлттық өнерді сахналық үлгіге бейімдеу үдерісі жүрді. Осындай жағдайда «Қамажайдың» бүгінгі би нұсқасы да қалыптасқан болуы ықтимал.
Сол сияқты «Дударай» әні де кеңестік кезеңде сахналық қойылымдар арқылы кеңінен насихатталды. Оның халықтар достығы идеясымен жиі байланыстырылып ұсынылғаны белгілі. Бұл әннің көркемдік құнын кемітпейді, бірақ кез келген шығарманың бастапқы тарихы мен кейінгі идеологиялық және сахналық тағдырын бір-бірінен ажыратып қарастыру қажет.
Біздің мақсатымыз «Қамажайды» жоққа шығару емес. Керісінше, қазақтың төл би мұрасын тереңірек танып, табиғи дәстүрлі билерімізді қайта жаңғырту.
Мүмкін, бүгінгі ұрпаққа ең алдымен Қара жорғаны үйрету керек шығар. Мың жыл бойы қанға сіңген әуен мен бойға сіңген қимылдан рух оянады.
Өйткені ұлттың жадын сақтайтын – тек ән емес, оның табиғи қимылы, дүниетанымы, өмір салты. Кейде біз әннің өзін емес, оның кейінгі сахналық тағдырын ғана жақсы білетін шығармыз. Ал «Қамажайдың» шын табиғаты, көне әуені, биінің қалыптасу тарихы әлі де байыпты ғылыми зерттеуді күтіп тұрғандай…
Әділет Ахмет
https://www.facebook.com/groups/396909584451995?locale=ru_RU
Leave A Reply

Your email address will not be published.