Қақтығыс кезінде әскери көлікті басып алған жігіттің арақ ұрлап жүрген видеосы тарады

640

Желіде қаңтар трагедиясына қатысты жаңа видеолар тарап жатыр. Соның ішінде тонаушы мен мейрамхана иесінің сөзі де жазылып қалған.

Видеодан 3-4 жігіттің мейрамхана ішінде жүргенін және оларға мейрамхана қожайыны келіп, ол жерден шығуларын талап етіп тұрғанын көруге болады.

Телефонға түсіріп жүрген адам: «Жігіттер, біз қазақпыз ғой. Бұл жерден шығайық, мынау біздің мейрамхана, мен басшыларының бірі боламын», – дейді. Оған бейтаныс жігіт: «Олай болса, мұндағы алкогольді алып кетейін, өйткені біз онсыз да алдық», – дейді. Мейрамхана иесі онымен келісіп, ол жерден тезірек шығуларын өтінеді.

Видеодағы мародер кейін Алматы трагедиясы кезінде әскери көлікті басып алғаны үшін ұсталған. Ол жаппай тәртіпсіздік кезінде әскери КамАЗды басып алған Павлодар облысының тұрғыны болып шықты. Оны полицейлер қаңтардың 10-ы күні ұстаған.

Ол Екібастұз қаласының 27 жастағы тұрғыны болып шықты. Айыпталушының тонауға да қатысы бар екені анықталды.

«Алатау ауданының полиция қызметкерлері күдіктіні «Өжет» ықшамауданында ұстады. Одан қару-жарақ дүкенін тонау нәтижесінде ұрланған 30 патроны бар тегіс ұңғылы «Сайга» мылтығы тәркіленді», – деп хабарлады Алматы қаласының ПД баспасөз қызметі.

Айта кетсек, Алматы трагедиясы кезінде қалаға 112 млрд теңгеден астам шығын келтірілген.

Leave A Reply

Your email address will not be published.