Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаевтың дүйсенбі қаладағы көпбалалы аналарға арналған жатақхана құрылысымен танысты.
Шілденің шіліңгір ыстығына қарамастан құрылыс нысандарын аралаған шаһар басшысы «Қарасу» мөлтекауданындағы құрылысты бастаған «Бином» ЖШС-не жатақхананың құрылысы қарқынды жүргізу қажеттігін жеткізді. Өйткені қазан айының басында жатақхана құрылысы аяқталып, кезекте тұрған аз қамтамасыз етілген, көпбалалы аналарға үй кезегі келгенге дейін тұруға берілу керек. Бұл жерде, әрқайсысы 45 пәтерлік 4 жатақхана құрылысы жүргізілуде. Бекітілген кестеге сәйкес жұмыстар уақтылы жүргізілгенмен, шаһар басшысы Қайрат Әскербекұлы қосымша құрылысшылар мен қажетті техникаларды тарта отырып, мерзімінен бұрын жатақхана пайдалануға берілсін деген талап қойды.Сонымен қатар жатақхана алдында абаттандыру және балалар алаңшасының құрылысын мердігер өз қаражаты есебінен жүргізуді тапсырды.
Келесі кезекте «Мыңбұлақ» мөлтек ауданындағы №62 үйдің жай-күйімен танысты. Мұнда үйдің ортаңғы бөлігі толығымен алынып тасталған. Көпқабатты тұрғын үйдің іргетасы қайта қалануда. Құрылыс барысында сейсмокүшейткіш мөлшері және үйдің бұрынғы көлемі сақталады.
Одан кейін қала басшысы Қонаев-Комратов көшелерінің қиылысында М-4 жылу магистралінің құрылысын жүргізіп отырған мердігер компанияның жұмыстарымен танысты. Автокөлік жүргізушілерінің, жолаушылардың ыңғайына байланысты Қонаев көшесінің бір бетін көлік қозғалысы үшін ашып, жолдағы шаң-тозаңға күнде су себу керектігін және барлық жұмыстардың тамыз айының 5-ші жұлдызына дейін аяқталуын талап етті. Төле би көшесі № 7 үйдің алдынан өтетін жылу құбырын жоба бойынша жер астымен жүргізіп, көпқабатты тұрғын үйдің алдын аббаттандыруды тапсырды.
А. Есіркепов