Инвесторлар елімізде күн және био станцияларын салады. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте Энергетика вице-министрі хабарлады.
Анатолий Шкарупаның айтуынша, жауапты министрлік биылдан бастап баламалы энергия көздерінің жаңа жобалары бойынша аукцион жүйесін енгізді. Алғашқысы мамыр айында өткен. Ол жолы ұсынылған 10 жобаның 8-і қолдау тапты. Ал екінші рет қазанда ұйымдастырылды. Күздегі науқан қорытынды бойынша алдағы екі жылда 8 күн станциясының жұмысы қолға алынады. Инвестиция көлемі 73 млрд теңге. Баламалы энергия көздеріне арналған жобалар Алматы, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облысы мен Шымкент қаласында жүзеге асады. Алдағы 3 жылда жоғарыда аталған жобалармен қоса, құны 145 млрд теңге болатын 6 жел электр станциясы бой көтереді.
Анатолий Шкарупа, ҚР Энергетика вице-министрі:
— Қазіргі уақытта биоэлектр станцияларын тұрғызу мәселесін қарастыру қажеттігін көріп отырмыз. Бұл станциялар қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу арқылы жұмыс істейді. Олар қоқыс полигондарында салынады. Қатты қалдықтарды өңдеу жөніндегі жобалардан басқа, қоқыс полигондардың негізінде биоэлектростанциялар орнатылады деп күтудеміз. Бұл экологиялық таза энергияны өндіруде қоқысты қайталама шикізат ретінде қолдану мәселесін шешеді.