Жеке құрамның дайындығы тексерілді

263

Түзеу мекемесі жеке құрамының қызметі оңай емес. Қоғам қауіпсіздігін сақтау үшін еңбек ететін қызметкерлердің әрдайым сақадай сай болуы аса маңызды. Сол себепті мекеме қызметкерлерінің әскери дайындығы үнемі пысықталып отырады. Кез келген төтенше жағдай кезінде жеке құрамға дабыл белгісі беріліп, белгіленген уақытта межелі жерде болу керек.

Бұл саланың қызметтік тәртібі сол, әрдайым сауысқандай сақ, қырандай қырағы болып, жауынгерлік әзірлікте жүруі керек. Сондықтан мекеменің кәсіби қызметтік және дене шынықтыру даярлығын шыңдау бойынша теориялық сабақтар мен практикалық жаттығу жұмыстары жоспарға сай өткізіліп тұрады.

Осындай мақсаттағы шараның бірі Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №25 мекемесінде өткізілді. Осыған орай мекеме бастығы, әділет подполковнигі Ерлан Оразгелдиевтің бұйрығымен 26 қыркүйек күні таңғы сағат 6:00-де дабыл жарияланды. Онда қызметкерлердің сырт көріністері, нысанды киім мен шаш үлгісінің талапқа сай болуы қарап өтілді. Сондай-ақ, сапқа тұру барысында олардың қызмет куәліктерінің атағы мен лауазымына сәйкестігі қаралып шықты. Сонымен қатар қызметкерлердің дабыл сөмкелерінің толықтай жабдықталуына мән беріліп, жіті қадағаланды.

– Бүгінгі жеке құрамның төтенше жағдай кезіндегі дабыл сөмкелерін тексеру барысында олардың ережеге сәйкес дайын екені анықталды. Олардың сыртқы көріністері де белгіленген талаптарға сай болды. Дабыл белгісі бойынша жиналғандардың келуі жүз пайызды құрады. Жоспарға сай өткізілген мұндай дайындық жұмыстары жеке құрамның қызметіне деген жауапкершілігін арттырып, жауынгерлік намысын оятқаны анық, – деп баға берді мекеме бастығы Е. Оразгелдиев.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.