Геннадий Головкин көп қазақтың көңілінде «суға салсаң батпайтын, отқа салсаң жанбайтын» супер қаһарман. Тіпті қазақстандық түсінік бойынша ол «көк туымызды көтеріп, бүкіл қазақстанды әлемге таныту» үшін еңбек етіп жүр. Біздің елде бір Головкин емес, өзге де спортшылардың жеке жеңісін бүкіл елдің жетістігі деп санайтын түсінік қалыптасқан. Бұл түсініктің негізін қалаушы – қазақ билігі. Шынын айтқанда, қазіргі қазақ билігі үшін халықтың көңілін аулаудың жалғыз жолы осы ғана.
Алайда билік әспеттеп, халық көтермелеген көп әнші мен спортшының елім деп еңіреп жүргендері шамалы. «Еліміздің атын шығарып, туымызды желбіретті» деген сол спортшылардың бірде әнұранды білмей, бірде мемлекеттік тілді білмей қалатынына етіміз үйреніп кетті. Сонда да жеке адамның кішігірім жеңістерімен елдің атағы аспандап кетпейтінін түсіне алмай өзімізді алдап жүрміз.
Сөздің басын Головкиннен бастаған едік. Енді сол жайлы жазайық. Орта салмақта WBC, WBA (Super), IBF және IBO тұжырымдары бойынша бұрынғы әлем чемпионы Геннадий Головкин кәсіпқой аренада нашар боксшы болған жоқ. Жалпы 40 жекпе-жек өткізіп, 38 мәрте жеңіске жетті. Оның 34-ін нокаутпен ұтты. Бұл елімізден шыққан кәсіпқой боксшылар арасында қазірше ең үздік көрсеткіш. Бірақ біз Головкиннің бірінші кезекте «кәсіпкер» екенін, оған қоса мінсіз періште емес екенін білуіміз керек. Одан тұлға жасап төбемізге көтерудің немесе Қазақстанды әлемге таныту үшін жүр деп үміттенудің қажеті жоқ. Спортқа спорт ретінде қарағанымыз жөн.
Өткен жылы 16 қыркүйек мексикалық Сауль Альварестен жеңілген отандасымыз араға тоғыз ай салып, 8 маусымда Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында өтетін бокс кешінде кәсіпқой бокстағы 41-ші жекпе-жегін өткізгелі отыр. Қарсыласы канадалық боксшы Стив Роллс (19-0, 10 КО).
Бұған дейін Головкин — Роллс жекпе-жегінің андеркартында тағы екі боксшымыз – Али Ахмедов (14-0, 10 КО) пен Данияр Елеусіновтің (6-0, 3 КО) шаршы алаңға шығатыны белгілі болған. Тіпті Елеусінов пен Ахметовтың танымал отандасының андеркартында жұдырықтасуы жарасымды көрінген. Осыған бола Данияр Елеусінов 25 мамырға жоспарлап отырған кезекті жекпе-жегін кейінге шегерген де еді. Бұл туралы Елеусіновтің менеджері Зия Әлиев мәлімдеген болатын.
«8 маусым күні болатын бокс кешінде жекпе-жек өткізуіне Геннадий Головкин рұқсат етпеді. Мәселе промоутерлерде емес. Том Леффлер бізге Головкин өзінің жекпе-жек кешінде Данияр Елеусіновті көргісі келмейтінін айтты», – деді Елеусіновтің менеджері
Бұл іске байланысты қазақстандық кәсіпқой боксшы Фируза Шарипова да өз пікірін білдірді. Ол өз сөзінде Головкиннің жерлестеріне неге қырын қарайтынын түсінбейтінін айтты.
«Данияр Елеусіновпен болған жағдайға қатты таңғалып отырмын. Мен мансабымды бастаған кезде де осыған ұқсас оқиға орын алған болатын. Геннадий Головкиннің андекартында өнер көрсеткіміз келген. Оның промоутері Том Леффлермен де келісіп қойған болатынбыз. Алайда Геннадийдің менеджері Олег Германнан: «ешқашан Фируза Головкинмен бір кардта өнер көрсетпейді» деген жауап алдық. Бұл көрсеткен қылығы – дөрекілік, сол кезде өте қапалы болдым. Геннадий Головкиннен бірауыз қолдау алсақ па дедік. Таныстарымыз арқылы мен туралы баспасөзге жылы сөз айтуын өтіндік. Ол бұған пысқырып та қарамады. Головкиннің сөзі кімге болсын мотивация беретін деңгейде. Алайда, ол бұлай жасаған емес», – деп жазды Шәріпова өзінің Instagram парақшасында.
«Данияр өткен жылы маған қатысты қандай ойда екенін байқатты. Бұл менің оған деген қарым-қатынасымның өзгергенін білдірмейді. Мен, шын мәнінде, оған кәсіби рингте табыс тілеймін. Ол өзі айтқандай «біздің жолымыз екі басқа». Бұл оның сөздері. Оның менеджері кәсібилікке жат қылық көрсетті», – дей келіп, осы арқылы ұлтшылдық тақырыбын көтерудің қажеті жоқ екенін айтыпты Головкин.
Данияр Елеусінов 2018 жылы Головкин жайлы «біраз уақыттан бері GGG өзгерді. Ол қолжетімсіз болып кетті» деген ойын айтқан екен. Бірақ кейін өз пікірінің дұрыс аударылмағанын негізгі айтпағы басқа екенін жеткізді.
«Мен Головкин қазір көпшілік үшін жұлдыз сияқты – қолжетімсіз дедім. Көптеген қазақстандықтан қашықта. Өйткені ол үнемі шетелде. Менің айтқым келген сөз осы болатын», – деген еді ол.
Қысқасы, Данияр Елеусінов Геннадий Головкинмен бір кеште өнер көрсете алмайтын болды. Есесіне Головкин — Роллс жекпе-жегінің андеркартында биыл сәуірде өткен Азия чемпионатында қызылордалық Тұрсынбай Құлахметтен жеңілген өзбек боксшысы Исраил Мадримов жұдырықтасады.
Елеусінов пен Шариповадан бөлек, Геннадий Головкинге өкпе артып жүрген қазақстандық тағы бір боксшы – Руслан Мадиев (12-1, 5КО). Головкиннің анық жерлесі, Қарағанды өңірінде туып өскен Мадиев бір кездері жерлес ағасының «GGG Promotions» промоутерлік компаниясының қарамағында жекпе-жек өткізіп жүрді.
Сол боксшы жақында Рrosports.kz сайтына берген сұхбатында «GGG Promotions» компаниясының кесірінен карьерасы құрдымға кету алдында тұрғанын айтты. Оның сөзінше, бес жыл бойы Головкиннің қарамағында жыттығып жүрген. Алайда екіжақты ешқандай келісімшарт болмаған. «GGG Promotions» өзіне чемпиондық жекпе-жек өткізіп бермейтініне көзі жеткен Мадиев командадан кетуге бел буған. Бірақ басқа промоутерлер бұрынғы командасынан шыққаны жайлы анықтама сұраған. Ал Головикин ол қағазды 100 мың долларға сатқысы келеді. Сөйтіп, талантты боксшы АҚШ-та жекпе-жек өткізу құқығынан қағылған.
«Америкада барлық промоутерлер соттардан қорқады. Сондықтан олар тәуекелге барғысы келмейді. Оларға менің GGG Promotions-пен келісімшартым жоқ деген қағаз керек. Бірақ Геннадий маған бұл қағазды тек 100 мың доллар төлесем ғана беретінін айтты. Бұл мен үшін түсініксіз жағдай. Себебі мен бес жыл тегін жұмыс атқардым десе де болады. Қазір бір тиын да бермеймін. Головкиннен мұндайды күтпедім», – дейді Руслан Мадиев.
Головкин бұл 100 мыңды Русланға жаттығу лагерін ұсынып, билеттер мен дәрі-дәрмектер сатып алып бергені үшін сұрап отырған көрінеді. Алайда олар Мадиев қатысқан жекпе-жектерден түскен табысты ескермеген. Мәселен, Golden Boy Promotions ұйымдастырған бокс кешінде Русланды GGG Promotions-тен сатып алған. Бірақ бұл ақшадан боксшының өзіне ештеңе тимеген.
«Али – өте мықты боксшы. Алғаш Big Bear-ге келгенде, оның еншісінде кәсіпқой бокста 12 жекпе-жек болды. Бірақ Америкадағы бірінші қарсыласы 12 рет жеңілген өте әлсіз боксшы болды. Артынша, 14 рет ұтылған боксшымен жұдырықтасты. Ендігі қарсыласы 37 жастағы боксшы болмақ. Бұл дұрыс па? Егер де Алиді көтергісі келмесе, не үшін оны қинап жүр? Мықты қарсылас табу үшін ақша төлеу керек, ал олар қаражат жұмсағысы келмейді», – дейді Мадиев.
«Макс пен Генаны үлкен ағаларым ретінде көрдім, олардың істеп жатқаны мынау… Менің карьерамды құртып жатыр десем де болады», – деп күйінген Руслан Максим Головкиннің «барлық сұрақтар бойынша Геннадийге хабарлас» дегенін, ал Геннадийге хабарласса телефонын алмайтынын, тіпті боксшыны былай қойып заңгерлерге де жауап бермейтінін айтады.
Биыл сәуір айының соңында отандасымыз өзін тоғыз жыл жаттықтырған бапкері Абель Санчеспен қоштасып, Джонатан Бэнкс есімді жаттықтырушымен келісімге келген еді. Қазақстандық жанкүйерлер үшін өкініштісі, Головкин ұзақ уақыт серіктес болған бапкерімен де жылы қоштаса алмады.
Геннадий Головкинмен келісімшартты үзгеннен кейін мексикалық маман бұрынғы шәкіртінің қызғаншақ екенін және ақша оны өзгерткенін айтты.
«Мен Головкиннен мұндайды күткен жоқпын. Ол DAZN-мен келісім жасағаннан кейін, айлығымды қысқартатынын айтты. Әрине, мен оған көнбедім. Және екеуміз жұмысты тоқтатуды жөн деп шештік. Геннадийге сеніп жүрген мен ақымақ екенмін, ақша оны соншалықты өзгертеді деп ойламадым, қызғаншақ адам екен. Өмір мұнымен тоқтамайды, ары қарай қолдағы шәкірттеріммен жұмысымды жалғастырамын», – деді Абель Санчес.
Сөйтіп, Геннадий миллиондаған отандасын «көк тудың желбіреп, әнұранның шырқалған» сәтін көру мүмкіндігінен «айырды». Мүмкін олар үшін әнұран орындалу-орындалмауы қатты маңызды емес шығар. Алайда, қазақстандық түсінікте Геннадий жекпе-жегінің алдында шырқалған әнұран «бүкіл Қазақстанды әлемге танытады». Әрі осы бір сәттік «бақыт» бүкіл қазақ жанкүйерлеріне күнделікті күйбің тіршілігін ұмыттырар еді…
Осылайша, бар қазақтың махаббатына бөленген Геннадий Головкин де кез-келген спортшы үшін ең маңызды мақсат біз ойлағандай елдің туын желбірету емес екенін көрсетіп берген еді. Сол үшін біздің халық әншілер мен спортшылардың жетістігіне марқайып, өз-өзін алдағанды қойғаны жөн.