Елордада АҚШ пен Қазақстанда кәсіп ашу тәжірибесі талқыланды

131

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде АҚШ және Қазақстан компанияларын ашу тәжірибесі туралы дәріс өтті деп хабарлады turkystan.kz.

Қаржы кафедрасы мұндай дәрісті жыл сайын оқу жылының басында ұйымдастырады.

Тақырыптың өзектілігі мемлекет пен жеке сектор институттарының өзара тиімді ынтымақтастығы қазіргі заманда  сұранысқа ие және қажетті болып отыратындығымен айқындалады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік пен оны дамыту құралдарына ерекше көңіл бөлді. Мақсатымыз – АҚШ-та отандық кәсіпорындар мен компаниялар құру мысалында студенттердің білімін тереңдету, практикалық тәжірибе жинақтау, сыни ойлауын дамыту, – дейді кафедра профессоры Ботагөз Сапарова.

Іс-шара барысында заңгерлер, Леоне Жгун заң фирмасының негізін қалаушылар Артем Жгун мен Алексей Войскович компания қызметі туралы айтып, АҚШ пен Қазақстанда бизнес жүргізу тәжірибесімен бөлісті.

Заң мамандығын оқығаннан кейін Майамиде заңгерлік фирма аштық. Біз бірнеше салада заңгерлік қызмет көрсетеміз. Біз корпоративтік, көші-қон, келісім-шарт құқығы, мүлікті тіркеу мәселелерімен айналысамыз. Осы салада бірнеше жыл жұмыс істегеннен кейін біз АХҚО-да кеңсе ашуды ұйғардық. Қазір Алматыда да кеңсе ашып жатырмыз. Біздің мақсатымыз – Америка мен Қазақстан арасында көпір салу. Яғни, американдық компаниялардың осында келуін, қазақстандық компаниялардың америкалықтармен келісім-шарт жасағанын қалаймыз, – дейді Алексей Войскович.

Сондай-ақ АҚШ-та бизнесті бастамас бұрын салық, иммиграция және еңбек заңдарын зерделеудің маңыздылығын атап өтті.

«Павлодар мұнай-химия зауытын жаңғырту» жобасының жетекшісі Тұрар Жолдасбаев табыс табу жолымен бөлісіп, қазақстандық бизнесті дамытудың маңыздылығына тоқталды.

Өзіңіз үшін дұрыс ортаны таңдау маңызды. Көп нәрсе адамдарға, кіммен бизнес құрып жатқаныңызға байланысты. Студент ретінде уақытты бағалап, әртүрлі адамдармен араласып, жобалармен айналысу керек. Бизнес экономиканың негізгі драйвері екенін есте ұстаған жөн. Неғұрлым бизнес жобалары көп болса, соғұрлым қоғамымызға тигізер пайдасы зор, – деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәрісте оқылған мәліметтер қатысқан студенттерге курстық және дипломдық жұмыстарды орындау кезінде, сондай-ақ олардың болашақ кәсіби қызметінде қажет болады.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.