Елімізде тұрғын үйді жалға алу құны қымбаттады

53

Қазақстанда үйді жалға алу құны инфляция мен жалақыға қарағанда айтарлықтай тез өсуде, деп хабарлады turkystan.kz.

Биыл шілденің қорытындысы бойынша, ҚР-да абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу бір айда 1,9% және бір жылда 28,6% қымбаттады. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, шілдеде елде тауарлар мен қызметтер бір айда 0,6% және бір жылда 14% қымбаттаған. Ал 2023 жылдың екінші тоқсанында жалақының нақты өсімі 4,7% және былтырғы сәйкес тоқсанмен салыстырғанда небәрі 1,2% өскен. Яғни, жалдау құны азаматтардың жалақысы мен инфляцияға қарағанда тез өсуде.

«Айлық динамикада еліміздің ірі қалалары арасында жалдау құны Қарағандыда (3,9%), Алматыда (3,1%), Петропавлда (0,6%) және Шымкентте (0,1%) өсті. Жылдық динамикада бағаның өсуі барлық ірі қалаларда байқалды. Тек Түркістанда 3% төмендеді. Ең жоғары қымбаттау Алматыда (43,1%), Петропавлда (40,3%) және Көкшетауда (37,1%) байқалды», – делінген хабарламада.

Елімізде тұрғын үйдің шаршы метрін жалға алудың орташа құны 4,7 мың теңге. Былтыр 3,6 мың теңге болған.

«Ең жоғарғы бағалар Алматыда белгіленді: бір шаршы метр 5,6 мың теңге. Екінші және үшінші орында Астана (шаршы метр 4,5 мың теңге) және Қонаев (4 мың теңге). Тараз (1,9 мың теңге), Қызылорда (2,1 мың теңге) және Түркістан (2,2 мың теңге) сияқты қалаларда жалға алу арзан», – делінген хабарламада.

Баға әлі де өсуі тиіс. Қазақстанның өзін-өзі реттейтін риэлторлар қауымдастығы сарапшыларының пікірінше, Алматыда пәтерді жалға алу бағасы жақын арада 10%–15% көтерілуі мүмкін.

Numbeo мәліметінше, биыл 17 тамызында қала орталығында емес бір бөлмелі пәтерді жалға алу құны бойынша Қазақстан 102 елдің ішінде 56-орынға ие болды (394,9 АҚШ доллары), ал орталықтағы пәтерді жалға алу құны бойынша — 57-орын (569,1 АҚШ доллары).

«Мұндай пәтерді жалға алудың әлемдегі ең төмен бағалары Бангладеш, Пәкістан және Непал, ең жоғарысы — Сингапур болды. ТМД елдері арасында Қазақстаннан тек Арменияда ғана қымбат, онда қала орталығында бір бөлмелі пәтердің құны 1 мың АҚШ долларын құрады. Орталықта емес пәтер — 680,1 АҚШ доллары. Мұндай тұрғын үйді жалға алудың ең төменгі құны Әзербайжанда байқалды: 326,9 АҚШ доллары орталықтағы пәтер, 193,6 АҚШ доллары орталықтағы емес пәтер», – делінген хабарламада.

 

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.