«Елдіктің 7 тұғыры»: Елбасы қағидаттары жамбылдық жастарға жігер сыйлады

275

ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай Таразда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Елдіктің 7 тұғыры» атты жастарға арналған үндеуі бойынша ашық диалог өтті.

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде өткен шараға қатысушылар алдымен «Елдіктің 7 тұғыры» атты 7 тақырыптағы кітап пен фото, картиналар, жобалар көрмесімен танысты. Елбасы – ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев туралы бейнероликті тамашалады.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тұңғыш Президенті күні мерекесінің маңыздылығын, тәуелсіздік жылдарындағыеліміздің және облыстың толайым табыстарынажан-жақты тоқталып, ондағы Елбасының ерен еңбегін тілге тиек етті.

– Елбасы – тарихи бетбұрыс тұсында тәуелсіздігіміздің тұғырлы, егемендігіміздің еңселі болуына өлшеусіз үлес қосты. Тәуелсіздік алған жылдан бері еліміздің бір бөлшегі ретінде облысымыз да әлеуметтік-экономикалық дамуды бастан кешті.

Өздеріңіз білесіздер жақында ғана «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жаңа дәуірдегі қазақстандықтарға бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттарын ұсынды. Олар: Тәуелсіздік – кез-келген азамат үшін ең қастерлі құндылық, Бірлік пен келісім – елдігіміздің мызғымас тұғыры, Жер – ата-баба мұрасы, халық қазынасы, Отбасы мен салт-дәстүр – қоғамның алтын діңгегі, Ұлттық мәдениет – халықтың рухани тірегі, Білім мен еңбек – бақуатты өмірдің кілті, Прагматизм – бәсекеге қабілетті болудың кепілі.

Бұл қағидаттар халқымыз үшін, әсіресе жас ұрпақ үшін маңызы зор. Осы құндылықтарды бойына сіңіру арқылы әрбір жас жетістікке жетуге, қоғамға пайдалы адам болуға, қоғамның белсенді мүшесі ретінде өмірлік ұстанымдарының қалыптастыруға ұмтылуы тиіс.

Біздің алдымызда аталған қағидаттан туындайтын аса үлкен міндеттер тұр.

Ең алдымен, қағидатты облыс тұрғындары арасында кең ауқымды түсіндіру шараларын қолға алуымыз керек. Бүгінгі кездесуіміз де дер кезінде ұйымдастырылып отыр. Осы бағыттағы іс-шаралар барлық өңірлерде, ұжымдарда өз жалғасын табу керек,-деген облыс әкімі тәуелсіздік жылдары мемлекет тарапынан жастарға көрсетіліп келе жатқан қолдауларға айрықша тоқталды.

Аймақ басшысы ертеңгі ел тұтқасы – бүгінгі жастарға үлкен сенім артылатынын баса айтты. Ол үшін жастар саналы, білімді, мәдениетті болу керектігін жеткізді.

– «Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей»,-деп дана Абай айтқандай бүгінгі жастар еңбекке бейім, білімге құштар болуы керек. Көп дүние өскелең ұрпаққа байланысты. Мемлекетіміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап жастар саясатына айрықша көңіл бөліп келеді. Елбасымыздың бастамасымен «Болашақ» бағдарламасы қолға алынып, мемлекет есебінен жастарымызды шетелдердегі ең үздік оқу орындарында оқытуға жағдай жасалды. Мұндай мүмкіндік басқа ешқандай елдерде жоқ,-деді Бердібек Сапарбаев.

Ашық  дилогқа қатысушылар әр адам рухани жаңғыруды өзінен бастау керектігі, балаға ерте жастан дұрыс тәрбие беріп, ана тілін үйретіп, ұлттық құндылықтарды санасына сіңірутабыстың кілті – үздіксіз білім алу мен тынымсыз еңбек етуде екендігі, ұлттық мәдениет, бірлік пен келісім – халықтың рухани тірегі екендігі жайында өзекті мәселелерді қамтыды.

Жиында сөз алған жастар да  Ұлт көшбасшысы жүктеген міндеттер өздеріне үлкен сенім, жігер сыйлайтынын жеткізді. Атап айтсақ «Еуразия әлемі жастардың ғылыми ізденісінде» Халықаралық ғылыми байқауының жәнереспубликалық ғылыми-инновациялық жобалар байқауының жеңімпазы Маржан Қалмаханова, Су шаруашылығы, экология және құрылыс институтының студенті, «Enactus Kazakhstan National Expo 2021» жарысының жеңімпазы Дониор Шарахмонов, «Ұстаз» институтының студенті, республикалық ғылыми «Science slam» танымал байқауының жеңімпазы Александр Скалкин, «Журналистика» мамандығының студенті, «Қасиетті Қазақ елі» халықаралық фестивалінің гран-при иегері Жұматай Көксубай, Самбодан Азия чемпионы, Әлем чемпионатының қола жүлдегері, ҚР XI жазғы универсиадасында қазақ күресінің жеңімпазы Аязбек Елизат  және тағы басқалар орамды ойларын ортаға салып, жастарды қолдауға қатысты ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Облыс әкімі еркін диалаог барысында айтылған барлық ұсыныстар назарға алынатынын атап өтіп, жастардың ойларын құптады.

Кездесуде Жамбыл облысының тәуелсіздік жылдардағы даму тарихы туралы бейнеролик көрсетілді.

Университеттің оқытушы-профессорлары және студенттері марапатталды. Бірқатар студенттерге «Nur Otan» партиясының билеттері табысталды.

Ашық  диалог аясында М.Х.Дулати университетінің жастары ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Елдіктің 7 тұғыры» қағидаттары бойынша ел жастарына Үндеу арнап, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің студенттеріне челлендж жолдады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.