Бүгін қала әкімі Ержан Жылқыбаевтың қатысуымен кезекті аппараттық кеңес өтті. Басқосуда жеке тұрғын үй құрылыстарына арналған жер телімдерін беру жұмыстары және қолжетімді баспанамен қамту бағдарламаларының іске асырылуы және тұрғын үй қорын жаңғырту жұмыстарының жайы қаралды.
2005-2021 жылдар аралығында Тараз қаласында жер телімін алуға 74 714 азамат кезекте тұр.
Бүгінгі таңда қалаға қарасты «Қарасу» (Құмшағал) алқабынан жеке тұрғын үй құрылысы үшін 369 га жер учаскесі қарастырылып отыр. Ондағы жер телімінің саны – 1460.
Тараз қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Б.Бижігітовтың айтуынша, қазіргі таңда 2005-жылдың қаңтарынан 2006-ның мамыры аралығында жер кезегінде тұрған азаматтарға жер үлестірілуде. Айта кететін жайт, осы мерзім аралығында кезекте тұрған 4870 азамат болса, дайын жер телімі 1460 қана. Сондықтан, хабарлама алған соң бірінші болып келгендер жер теліміне ие болады. Қалған азаматтарға келесі жер беру мерзімін күтуге тура келеді. Осы орайда сан жылдан бері кезекте тұрған азаматтар мүмкіндікті дұрыс пайдалануы қажет. Мәселен соңғы айда 1000-ға жуық хабарлама таратылғанымен, тек 200 адам келіп құжаттарын рәсімдеуде.
Бүгінде хабарлама алған азаматтардан 732 өтініш келіп түскен. Олардың құжаттары рәсімделу үстінде.
Екінші мәселе бойынша Тараз қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Ғ.Ералиев есеп берді. 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында қалада 8500 отбасына арналған 190 көпқабатты үйлерді құрайтын 15-мөлтек ауданы бой көтеруде.
Бүгінгі күнге «Шаңырақ» (5-10-20) бағдарламасы аясында 645 отбасы, сонымен қатар «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы 97 отбасы баспаналы болып отыр.
Алқаптағы 64 тұрғын үйден 4450 пәтер халық игілігіне берілді. Оның ішінде, 51 ипотекалық тұрғын үй және 13 коммуналдық арендалық үй. Арендалық үйлер мемлекеттік қордан тұрғын үй алу кезек тізімінде тіркелген азаматтарға берілді. Сондай-ақ, 2021 жылы үй кезегінде тұрған мұқтаж азаматтарға 562 пәтердің кілті кезек ретіне сай тапсырылды.
2011-2021 жылдар аралығында «Тұрғын үй қорын жаңғырту» тетігі арқылы 388 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді.
2022 жылы 42 көппәтерлі үй пайдалануға берілмек. Оның 36-сы кредиттік, 6-ы арендалық үйлер.
«Бүгінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың да қарасы қалың. Кредиттік үй санын көбейтіп, халыққа қолжетімді ету керек» деп жиынды қорытындылаған қала әкімі бұл мәселені жүйелі шешу үшін тұрғын үй соғамын деген жеке инвесторларды тарту керектігін айтты.
«Мемлекет бос жатқан жерлерге инфрақұрылымды жүргізген соң, кезекте тұрған азаматтар ертерек алып, құрылыстарын бастау қажет. Бұл жұмыстарды ұйымдастыруда жайбасарлық бар» деген Е.Жұматұлы жер телімдерін таратуды барынша жеделдетуді тапсырды.