Тамыз айы басталысымен баласы мектепте оқитын ата-анадан маза кетеді. Өйткені бір баланың мектепке қажетті киімі, кеңсе тауарлары мен өзге де керек-жарағын түгендеу қаржылық жағынан оңайға соқпайды. Ал бірнеше баласы бар ата-аналар қайтпек? Базардағы баға да құбылып тұр, қыркүйек жақындаған сайын шарықтап отыр.
Жақында Ranking.kz бір баланы мектепке дайындауға қанша ақша кететініне зерттеу жүргізді. Мектепке ең қажетті заттар тізімінде Қазақстан Республикасында бекітілген стандарт негізіндегі мектеп формасы, сонымен қатар күнделікті және спорттық аяқкиім, дене шынықтыруға арналған киім, рюкзак және кеңсе тауарларының жиынтығы бар.
Тауарлардың бағасы «Детский мир», Ostin, Kari kids, DeFacto, Marwin сияқты дүкендер желісі мен Wildberries және Kaspi.kz маркетплейстерінен алынған. Зерттеу нәтижесі бойынша, мектепке қажетті заттардың құны – 100 мың теңгені құраған. Ұлдар мен қыздардың заттарының бағасында айырмашылық азғантай. Алайда дүкендер мен маркетплейстердегі баға құнында айырмашылық бар екен. Мектеп формасы мен кеңсе заттары интернетте арзанырақ. Интернетте ұл балаға жиынтық – 95,8 мың теңге, қыз балаға – 96,3 мың теңге болса, дүкендерде ұлдарға арналған ең төменгі мектеп жиынтығының құны – 105,5 мың теңге, қыздардікі – 105,6 мың теңге. Бұл баға бастауыш сынып оқушыларына арналған. Орта және жоғары сынып оқушыларының керек-жарақ жиынтығына қойылатын талаптар әртүрлі болғандықтан, баға да өсе береді. Айта кетсек, былтырғы зерттеу бойынша, бір баланы мектепке дайындау құны – 83 865 теңге болған.
Бұл жерде тағы бір ескеретін жайт, 100 мың теңге баланың барлық қажеттілігі мен шығынына жетпейді. Бұдан бөлек, 1 қыркүйекте мұғалімге беретін гүл шоғы, жұмыс және пән дәптерлері, бантик, шұлық, күзгі сырт киім, маусымдық туфли, тіпті ата-аналар комитеті жинайтын ақша бар. Сондай-ақ қыркүйек айы жақындаған сайын бұл бағаның өспейтініне ешкім кепілдік бере алмайды. Мамандар балаға қажетті заттарды тамыз айын күтпей, маусымнан бастап сатып ала беруді, жеңілдіктер мен жаппай сатылымдарды қарап жүруді ұсынады.
Кеңсе тауарлары 64,4 пайызға қымбаттаған
Ата-ана баласына қажетті заттардың сапалы әрі қолжетімді болғанын қалайды. Алайда баға ырыққа көнер емес. Ұлттық статистика бюросы биыл кеңсе тауарлары 2022 жылдың шілде айымен салыстырғанда 64,4 пайызға қымбаттағанын мәлімдеді. Атап айтқанда, мектеп дәптері – 77,2 пайыз, қалам – 38,6 пайыз, түрлі-түсті қарындаштар – 41,9 пайыз, сурет альбомы – 44,1 пайызға қымбаттаған.
Балалардың мектепке қажетті кеңсе тауарынан бөлек, аяқкиімі де қымбаттаған. Ақпан айының қорытындысы бойынша, елімізде аяқкиім бағасы бір жыл ішінде 20,5 пайызға өскен. Ерлер мен әйелдер аяқкиімі 18,2 пайызға, балалар аяқкиімі 26,5 пайызға қымбаттаған.
Тұтыну бағасының индексіне қарасақ, балалар киімі, аяқкиім және кеңсе тауарлары орташа алғанда азық-түлік емес тауарларға қарағанда қымбатырақ дейді мамандар. Мәселен, биыл мамыр айында бұл кеңейтілген топ бойынша инфляция деңгейі 117,2 пайыз болса, балалар киіміне – 118,7 пайыз, аяқкиімге – 120,1 пайыз, кеңсе тауарларына – 167,5 пайыз болды.
Сарапшылардың сөзіне сенсек, биыл ата-аналар үшін балаларды мектепке дайындау қиынға түседі. Өйткені қазақстандықтардың жалақысы іс жүзінде өскен жоқ, төмендеді десек те болады. Қарапайым тілмен айтсақ, жалақының көбейген бөлігін инфляция «жеп қойды». Нәтижесінде, Қазақстандағы жалақының сатып алу қабілеті өскен жоқ, тіпті 0,6 пайызға төмендеді. Экономистер еліміздегі қымбатшылық деңгейі Қырғыз Республикасын, санкцияға ұшыраған Ресейдің өзін де басып озғанын айтып отыр.
Қымбатшылық халықты тығырыққа тіреді. Айлығы шайлығына жетпей, тапқаны ішіп-жеуден артылмай жүрген көпбалалы аналардың бірі – Амангүл Тілеуова (автордың өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді). Оның 5 баласының үшеуі мектеп жасында. Бұрын АӘК алып келген, кейін табысына байланысты тоқтаған.
– Мен күйеуіммен заңды түрде ажырасқанмын. Айына 50 мың теңге алимент аламын. Өзім мектепте еден жуамын. Жалақым – 120 мың теңге. Пәтерақымыз – 75 мың теңге. Бұрын 65 мың төлеуші едік. Су, жарық, газ қымбаттады деп осы айдан бастап 10 мың теңге қосты. Үйдегі көңілді базардағы нарық шешіп тұр. Астанадағы «Артем» базарына барып келдім. Бір баланың костюм-шалбары 20 мыңнан басталады. Спорттық аяқкиімдер 12-13 мыңнан тұр. Балаларымның керек-жарағын қалай түгендейтінімді білмей отырмын. Жақында мектепке барып, мемлекеттен берілетін көмекке өтініш бердім. Мұғалімдер үйімізге келіп, акт жасап кетті. Енді комиссияның шешімін күтеміз. Үкімет беретін 41 мың теңгеге ары кетсе 3-4 зат аласың. Түркия, Қытай, Қырғыз Республикасының киімі деп таңдап жатпаймыз, ақшамыз қайсысына жетсе, соны сатып аламыз. Ең арзанын алатындықтан киімдер бір жыл кигенге әрең шыдайды. Шалбардың балағы шолтаңдап, матасының түгі шығып кетеді. Арзанның сорпасы татымайды деген осы. Алайда сол ақшаның өзіне іліксек, жақсы болар еді. Ол болмаса, не істерімді білмеймін. Жақында мектеп директорына кіріп, балаларыма киім-кешек алуға жағдайым жоқ екенін айттым. Балаңды ескі киіммен мектепке жібере алмайсың. Өйткені қазіргі балалар бір-бірінің киіміне қарайды, салыстырады, – дейді көпбалалы ана.
Алдағы аптадан бастап еліміздің түкпір-түкпірінде дүкендер мен базарларда сауда қыза бастайды. Саудагерлер жыл сайын мектеп формасы мен оқуға қажетті құрал-жабдықтардың қымбаттауы қалыпты жағдай дейді. Олар нарықтағы орташа бағаны есепке ала отырып орта сыныпта оқитын оқушыны мектепке дайындауға 53 мың теңге жететінін айтады. Мәселен, мектеп формасы – 25 мың, аяқкиім – 10 мың теңге. Сөмкені 8 мыңға алуға болады. Кеңсе тауарларына 10 мың теңге жеткілікті. Алайда саудагерлер бұл тек ең негізгі қажеттіліктер екенін түсінеді. Сондықтан қосымша киім мен құрал-жабдықтарды кейін де сатып алуға болатынын алға тартады.
Материалдық көмек мөлшері – 40 567 теңге
Жыл сайын 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында республикамыздың барлық өңірінде «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтеді. Жоба аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан сондай-ақ, асыраушысынан айырылған, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Алайда бұл тізімге көпбалалы отбасылардың бәрі бірдей іліне бермейді. Мемлекеттен берілетін аталмыш материалдық көмек жан басына шаққандағы орташа табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына беріледі.
Биыл да жылдағы дәстүр бойынша мемлекет тарапынан әлеуметтік осал санаттағы 450 мыңнан астам балаға қаржылай қолдау көрсетіледі. Осы жылы «Жалпыға міндетті білім беру» қорынан әрбір білім алушыға берілетін материалдық көмектің ең төменгі мөлшері – 40 567 теңге. Бұл көмектің мөлшері әр өңірде әртүрлі. Биыл еліміз бойынша мұндай көмектің ең жоғары мөлшері Павлодар облысында – 47 300 теңге екен.
Бұрын бұл жүйе енгізілгенге дейін халық киім-кешек пен кеңсе тауарларының сапасына қатысты жиі шағымданатын. Өйткені былтырға дейін қажетті заттарды сатып алумен әкімдіктің қызметкерлері айналысып келді. Олардың бармақ басты, көз қысты әрекетке баратыны ата-аналар мен балалардың шамына тиді. Жыл сайын киімнің көлеміне, сапасына қатысты мәселелер туындап, балалар өзіне шақ келмейтін киімдерді киюге ұялатын. Осы орайда Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері көпбалалы аналармен кездесіп, олардың тілектерін ескере отырып, жергілікті әкімдіктермен мәселелерді талқылап, былтырдан бастап әлеуметтік осал балаларға көмек көрсету ережелерін өзгерткен болатын. Ендігі жерде ата-ана мектеп формасын, кеңсе тауарларын, балаларға арналған аяқкиімдерді өзі таңдай алады. Өйткені ақша ата-аналардың есепшотына тікелей аударылады. Осылайша, балалар өзі таңдаған киімді ата-анасымен бірге сатып алады. Бұл да болса көңілге медеу.
Осы ретте елімізде жыл сайын оқушыларға қаржылай көмек көрсететін демеушілер де бар екенін айта кетуіміз керек. Мәселен, биыл меценаттардың көмегімен 200 мыңнан астам оқушыға 3 млрд теңгеден көп қаражатқа көмек көрсету көзделіп отыр. Қолы ашық, жомарт жандар қысылтаяң шақта көмекке мұқтаж отбасыларды демеп жіберсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Мемлекеттен берілетін материалдық көмекке үміткерлердің бірі – Қызылорда қаласының тұрғыны, көпбалалы ана – Нұргүл Молдабекова. Алты баланың анасы 41 мың теңге бір баланың қажеттілігін толық өтеуге жетпейді, алайда бұл ақшаға ортаңқол бірсыпыра заттарды сатып алуға болады дейді.
– Базардағы баға басты мұңымызға айналды. Мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен киім-кешек бағасы былтырғымен салыстырғанда едәуір қымбаттаған. Дәптерді былтыр 15 теңгеге алғам, биыл 26 теңгеден алдым. Алланың берген 6 баласы бар, үлкенім – студент, қалған бесеуі мектепке барады. Әзірге 450 дана дәптер алдым. Қалың дәптердің де бағасы біраз қымбаттаған. Кеңсе тауарларын ептеп түгелдегеніммен, балаларыма әлі киім алмадым. Былтыр ақ жейденің бағасы 4-5 мың теңге көлемінде болған, биыл 5-6 мыңнан басталып тұр. Сөмкенің өзі 6-7 мың тұрады, сапалысын 10 мыңға аласың. Спорттық киімді былтыр 10 мыңға алғам, биыл ондай баға жоқ.
Есебім бойынша, биыл бір баланы мектепке дайындау үшін кемінде 70-80 мың теңге жұмсайды екенбіз. Үлкен балаларға қымбатырақ киім-кешек алып, кішкентайларына арзанырақ алып беріп амалдаймыз. Бұдан бөлек, баланың күздік аралық киімі, қыстық аяқ және сырт киімдері бар. Сондықтан мемлекет әр балаға беретін жәрдемақы көлемін 13 мыңнан, 20-25 мыңға дейін көбейтуі керек деп ойлаймын. Көпбалалы ана ретінде алатын жәрдемақы, мемлекеттен берілетін 41 мыңға күйеуім екеуміздің жалақымызды қосып, балаларымызды қыркүйекке дейін қамтамасыз етіп үлгеруіміз керек. Бір отбасында екі адам жұмыс істегеннің өзінде бізге оңайға соқпай тұр. Отбасында бір адам ғана жұмыс істейтін немесе жұмыссыз ата-аналардың жағдайын ойлаудың өзі тіптен қорқынышты, – дейді күміс алқа иесі Нұргүл Төлебайқызы.
Ата-аналар баласын несиеге
«киіндіреді»
Балаларын жаңа оқу жылына дайындау қаржылық жағынан қандай қиын болса да, ата-аналар тығырықтан шығар жол іздейтіні анық. Ақшасы жеткендер қолма-қол, жетпегендер амалсыз несиеге рәсімдейді. Bmc Sales Сауда әріптестік желісінің директоры Бейбіт Күлшікбаева ақшасы бар ата-аналар тамыздың 15-не дейін балаларының керек-жарағын түгендей бастайтынын, ал ақшасы аз ата-аналар тамыздың 15-нен кейін мектеп формасын несиеге рәсімдеуді сұрайтынын айтады.
– Баласына қандай сапада, қандай бағада мектеп формасын сатып алуды ата-ананың қаржылық жағдайы шешеді. Мәселен, бізде қыздардың 1 сыныпқа арналған мектеп жиынтығы 27 500 теңге тұрады. Жеке алсақ, сарафан – 11 мың, ақ жейде – 6 500 теңге, пиджак –10 мың теңге. Ал ұлдардың костюм-шалбары 19 500, жейдесі – 6 500. Осылайша, ұлдардың минималды жиынтығы 26 000 теңгені құрап отыр.
Біздің елде отандық киімнің бағасы арзанға түспейді. Өйткені біз матаны шетелден алдыртамыз. Қырғыз Республикасынан келетін киім арзан, бірақ сапасы сын көтермейді. Олар 1 жыл киюге жарамайды. Біздің фабрика мектеп формасының бағасын қолжетімді деңгейде ұстап тұр. Тіпті, төмен десек те болады. Дүкендерімізде 6 800 теңгеден басталатын шалбарлар басқа дүкендерде 10 500 теңгеден сатылып отыр.
Фабрикамыз 3 жыл бойы аз қамтылған отбасыларға арнап киім тікті. Бұл да болса кәсібімізге сәл демеу болатын. Былтырдан бері ол ақша ата-аналардың есепшотына аударылатын болды. Байқағаным, көп ата-ана ол ақшаға балаға киім алмай, несиесін жабады екен. Бізден келіп чек сұраған жағдайлар өте көп болды, – дейді Бейбіт Марданбайқызы.
Кәсіпкердің айтуынша, мектеп формасын тігу – өзін-өзі ақтамайды. Өйткені жеңіл өнеркәсіптің жолы ауыр. Өндіріс орындарының өз-өзін қаржыландырып, қымбат несие алғаннан басқа амалы жоқ. Шикізатты шетелден тасиды. Қосылған құн салығы, мемлекетке төлейтін салық сомасы да аз емес. Сондықтан отандық киімдердің бағасы арзандамайды. Жеке мектептерден келетін тапсырыстар аз-маз табыс әкеледі. Ал мемлекеттік органдардан түсетін тапсырыстар өте тиімсіз. Олар ұсынған ақша қызметкерлердің жалақысын төлеуге де жетпейтін көрінеді.
– Алыпсатарлар көбейсе, Үкімет кәсібімізді қолдаса, арзан несиені тездетіп берсе тасымыз өрге домалар еді. Сапалы шикізат өзімізден шықса, мектеп формасының бағасы арзандап, қарапайым халыққа қолжетімді болар еді. Сәйкесінше, ата-аналар баласына Қырғыз Республикасынан сапасыз мектеп формасын емес, отандық сапалы өнімді әперер еді, – дейді Бейбіт Күлшікбаева.
Кәсіпкердің сөзінің жаны бар. Жыл сайын тамыз айында мектепке қажетті заттардың бағасы бақылауға көнбейді. Мемлекеттің беретін материалдық көмегі мардымсыз. Жыртыққа жамау болуға ғана жарайды. Ал отандық өндірушілер шетелден алған шикізат қымбат болғандықтан, киім бағасын арзандата алмайды. Арзандатса, өзі шығынға батады. Ал ата-ана тапқанын балаларының тамағы мен киіміне жеткізе алмай дал. Олай тартсаң, өгіз өледі, былай тартсаң арба сынадының кері…