Бас жүлде біздің жігіттерде

495

9-мамыр Ұлы Жеңіс күніне орай Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЖД-158/5 қоныс колониясында департамент қызметкерлері арасында кіші футболдан жарыс өтті. Аталған жарыста 9 команда өзара кім мықтыны анықтады. Теңбіл доп аламанына ардагерлер, аудандардағы Пробация қызметі бөлімдерінің қызметкерлері де қатысып, өздерінің бақтарын сынады.

Жарыстың ашылу салтанатында Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы әділет полковнигі Миржан Смағұлов сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Бұдан кейін, командалар арасында жеребе тартылып, қарсыластар белгілі болды. Алғашқы жұп ЖД-158/1 және ЖД-158/2 мекемесінің арасында ойын тең аяқталды. Ал аудандардағы Пробация қызметі және ҚАЖД зейнеткерлерінен құралған құрамалар арасындағы тартысты ойында бірінші команда жасындай жарықырады. Олар қарсыластарын 3:0 есебімен ойсырата ұтып, жеңісті жұлып алды.

Айта кету керек, аталған сайыста оңай шағылатын құрама болған жоқ. Жігіттердің барлығы дерлік «сен тұр, мен атайын» дейтін кіл мықтылар. Алайда, сайыста бір ғана команда жеңімпаз атануы шарт. Бабы мен бағы қатар келіскен құрама «мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік» шығуы қажет. Бұл жарыста біздің мекеме яғни ЖД-158/5 қоныс колониясының құрамасы өздеріне жүктелген міндетті орындады. Олар кездескен қарсыластарын қоғаша жапырып, жеңісті жұлып алды. Ақтық сында біздің жігіттерге аудандардағы Пробация қызметінің командасы қарсылас атанған-ды. Алайда, оларға көз тиді ме кім білсін, әйтеуір финалға дейін өте жақсы ойын өрнегін көрсетіп келе жатқан аудандардағы Пробация қызметінің командасы ойсырай ұтылды. Біздің құраманың жігіттері ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланып, олардың қақпаларына жауапсыз 3 гол соқты. Осылайша, ЖД-158/5 қоныс колониясының қызметкерлерінен құралған команда бас жүлдеге ие болды.
Ал ЖД-158/1 мекемесінің командасы үздік үштікті түйіндесе, Жүлделі ІІ орын аудандық Пробация қызметінің құрамасына бұйырды.

Сондай-ақ бұл күні қатысушылар әртүрлі номинация бойынша марапатталды. Атап айтқанда, ЖД-158/1 мекеме бастығының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары — Жанболат Жамалиев «Үздік қақпашы», ЖД-158/2 мекемесінің сотталғандар арасындағы тәрбие және әлеуметтік психологиялық жұмысы жөніндегі бөлімінің жасақ бастығы — Талғат Сәрсенбеков «Үздік шабуылшы» сондай-ақ ЖД-158/4 мекемесінің сотталғандар арасындағы тәрбие және әлеуметтік психологиялық жұмысы жөніндегі бөлімінің аға теологы — Аян Сурашов «Үздік ойыншы», ЖД-158/1 мекемесі режим бөлімінің бақылаушысы — Ардақ Төребек пен ЖД-158/7 мекемесінің режим бөлімі тексеру тобының инспекторы — Абзал Жампазов «Әділ төреші» атағына ие болды.

Айта кетейік, аталған сайыс Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы әділет полковнигі Миржан Смағұловтың, ЖД-158/5 қоныс колониясының бастығы Раушан Ахметовтың қолдауымен және ҚАЖ департаментінің жеке құрам бойынша инспекторы әділет лейтенанты Ринат Тезекбаевтың ұйымдастыруымен өтіп отыр. Ал сақшыларды салауатты өмір салтын ұстануға шақыратын мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Венера Мұратқызы Қаракозева
ЖД-158/5 қоныс колониясының сотталғандар арасында әлеуметтік психологиялық жұмыс бөлімінің жасақ бастығы

Leave A Reply

Your email address will not be published.