Балқаш көлінің су деңгейі орта есеппен 15 сантиметрге көтерілді

106
Жыл басынан Балқаш көлінің су деңгейі орта есеппен 15 сантиметрге көтерілді. Егер 1 қаңтарда көлдің орташа су деңгейі 159 см болса, қазір бұл көрсеткіш 174 см-ге жетті.
Биыл трансшекаралық Іле өзенінен үлкен көлемде су келгенін айта кеткен жөн. Осының нәтижесінде Қапшағай су қоймасынан Балқаш көліне шамамен 2 текше шақырымнан астам су жіберуге мүмкіндік туды.
«Қазсушар» мекемесінің Батыс Қазақстан филиалы Ресейден келген тасқын суының 30 млн текше метрін облыстағы Қамыс-Самар көлдеріне жіберді. Айта кету керек, соңғы 20 жылда бұл көлдерге су бармаған.
Бұдан бөлек, «Қазсушар» мамандары соңғы жылдары құрғауға айналған Еділсор, Жалтыркөл, Бірқазан, Соркөл, Салтанат және басқа да су айдындарына тасқын суын жіберуге ниетті.
«Қазсушардың» Батыс Қазақстан филиалы Жәнібек сорғы станциясын іске қосу бойынша дайындық жұмыстарын жүргізуде. Нысан Ресей Федерациясының Волгоград облысынан келген суды Батыс Қазақстан облысының Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарының 9 ауылдық округінің аумағына айдайды. Биыл 25,8 млн текше метр су жіберу жоспарланып отыр.
Суару маусымына дайындық аясында Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы «Қазсушар» филиалы 30 гидропостқа, оның ішінде Күрті су қоймасындағы гидропостқа жөндеу жүргізді.
Ал, Павлодар облысы бойынша «Қазсушар» филиалы Шідерті лиманды суару жүйесіне су жіберуді жалғастырып жатыр. Бүгінгі таңда 40,4 млн текше метр су жиналды, 11,5 мың гектар лиман сағасы суланды. Сондай-ақ Көлбай лиманды суару жүйесін де суландыру жұмысы жүріп жатыр. Шамамен лиманның 800 гектары қамтылды.
Беловод топтық су құбырында айналымды сумен жабдықтау жүйелерін жөндеу, магистральдық желіні тексеру және қажет болған жағдайда құдықтардағы еріген қар суын айдау жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ ықтимал су тасқынынан қорғау үшін №1 сорғы станциясында бөгет құрылысы жүріп жатыр.
Егістік алқаптарын ағын сумен қамтамасыз ету сапасын жақсарту мақсатында «Қазсушар» мекемесінің Түркістан облыстық филиалы теңгеріміндегі мемлекетаралық «Ханым» каналының 15 мың текше метрден астам бөлігінде механикалық тазалау жұмысы жүргізіліп, 17 мың текше метрден астам лай тұнбасы шығарылды. Сондай-ақ, Түркістан филиалы «Найман» каналының 6 шақырым бөлігін бетондады.

Нұржан Нұржігітов,

                                                                                                                           ҚР Су ресурстары және ирригация министрі

Leave A Reply

Your email address will not be published.