Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік қызметтерді Blockchain технологиясының көмегімен көрсете бастады

199

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Blockchain технологиясын мемлекеттік қызметтерді көрсету үрдісіне алғашқы болып енгізді. Әзірше бұл технология жылжымайтын мүлік кепіл шартын тіркеу бойынша жеке тұлғаларға көрсетілетін мемлекеттік қызметке қатысты қолданыла бастады. Алдағы уақытта бұл тәжірибе басқа да кең таралған қызметтерге енгізілуі ықтимал.

Блоктардың техникалық реттелген тізбегі түріндегі Blockchain жүйесі жеке мәліметтерді үшінші тұлғаларға беру мүмкіндігінен сақтап, ақпараттық қауіпсіздік пен сапалы қызметті қамтамасыз етеді.

 «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташеваның айтуынша, Blockchain технологиясы кепіл шартын тіркеу үрдісін барынша оңтайландыруға жол ашты. «Бұған дейін қызмет алушылар мүлік кепіл шартын тіркеу үшін бірнеше мекемені аралауға мәжбүр болатын. Мәселен, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу туралы анықтаманы алу үшін ХҚО-ға немесе egov.kz порталына жүгініп, сосын оны банкке апаратын. Енді банк қызметкері өтінім жасағанда қызмет алушының жылжымайтын мүлікке құқықтары және ауыртпалықтардың бар-жоғы туралы мәліметтер автоматты түрде тексеріледі. Енді адамдар емес, мәліметтер сіз үшін «жүгіретін» болды», – дейді Балташева.

Blockchain технологиясын қолдану арқылы аталған қызметті көрсету мерзімі үш күннен бір күнге дейін қысқарып, банкке ұсынылатын құжаттар тізімі де азайды.

Енді қызмет алушы банктің ақпараттық жүйесінде мүлік шартымен танысып, өзінің ЭЦҚ-сы арқылы қол қояды, ал қызметтің нәтижесі – жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы хабарлама қызмет алушының egov.kz электрондық порталындағы жеке кабинетіне жолданады.

Blockchain технологиясын таңдау барысында желі қолданушыларының әрекеттерінің айқындығы, децентрализация және сенімді қорғаныс жүйесі есепке алынды.

Қазақстанда кепіл шартын тіркеу бойынша мемлекеттік қызметті осындай әдіспен көрсету үрдісі коммерциялық банктің бірімен жүзеге асуда.

«Азаматтарға арналған үкімет» басқа да екінші деңгейлі банктермен осы бағытта қызмет көрсету туралы келіссөздер жүргізіп жатыр. Себебі Blockchain технологиясы екіжақты келісім жасасу кезінде үшінші тұлғаларды кірістірмей, қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, жылжымайтын мүлік кепілімен берілетін несиені онлайн ресімдеу және несие беру мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.