«Ауыл – ел бесігі»: облыста 1073 жоба іске асты

29
Кеше «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі аймақтық кеңестің кезекті отырысы өтті. Басқосуда өңірдің әлеуметтік экономикалық даму барысы және «Ауыл – ел бесігі» жобасының нәтижелері кеңінен талқыланды.

Басқосуға Өңірлік даму жөніндегі аймақтық кеңестің төрағасы Фарида Жүнісова жетекшілік етті. Отырысқа «AMANAT» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Уәлихан Болатбек, аумақтық филиалдардың төрағалары және аудан әкімдерінің салалық орынбасарлары мен бөлім басшылары «ZOOM» платформасы арқылы қатысты.

Жиында баяндама жасаған облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Надира Жолдасбекова «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, бастаманың жүзеге асу барысын тілге тиек етті.

– «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2019-2025 жылдары облыстағы 189 ауылда 81,9 миллиард теңгеге 1 073 жоба жүзеге асырылды. Білім саласына 19 миллиард теңге бөлініп, 71 жоба іске асты. Оның ішінде 19 жапсарлас құрылыс салынып, 47 нысан күрделі, 5 нысан ағымдағы жөндеуден өтті. Ал денсаулық сақтау саласында 6,9 миллиард теңгеге 35 жоба бойынша тиісті жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, 17 нысанның құрылысы аяқталып, 2 жапсарлас ғимарат салынды. 15 нысан күрделі жөндеуден және 1 нысан ағымдағы жөндеуден өтті. Мәдениет пен спорт салаларында 22,9 миллиард теңгеге 105 нысан пайдалануға берілді. Бұдан бөлек тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 85 нысан жөнделіп, құрылысы жүргізілді. Ауыл ішіндегі жолдарды жаңарту жұмыстары да жалғасын тапты. Мәселен, жалпы ұзындығы 892 шақырым болатын 776 көше орташа жөндеуден өтті. Бұл жұмыстарға 27,8 миллиард теңге жұмсалды. Жалпы жоба шеңберінде атқарылған жұмыстар нәтижесінде денсаулық сақтау мекемелерінің тозу деңгейі 2019 жылғы 52,4 пайыздан 2025 жылдың қорытындысымен 42 пайызға төмендеді. Мәдениет нысандарымен қамтылу деңгейі 72 пайыздан 75,4 пайызға, халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі 44,2 пайыздан 68,3 пайызға дейін артты. Ал сапалы ауылішілік жолдардың үлесі 77 пайыздан 89 пайызға өсті. Бұл жұмыстар өңірлік стандарттар жүйесі аясында ауыл тұрғындарын әлеуметтік игіліктермен және қызметтермен қамту деңгейін 54,8 пайыздан 72,7 пайызға дейін көтеруге мүмкіндік берді, – деді Надира Қырықбайқызы.

Биыл өткен жылдан өтпелі 19 жобаны іске асыруға 6,9 миллиард теңге бөлініпті. Қазіргі таңда бөлінген қаржы есебінен 7 мектепке жапсарлас ғимарат, 8 денешынықтыру-сауықтыру кешені, 3 мәдениет үйі және 1 автокөлік көпірінің құрылысы жүргізіліп жатыр.

Жалпы «Ауыл – ел бесігі» жобасына еліміз бойынша 2019-2025 жылдар аралығында республикалық бюджеттен 700 миллиард теңгеден аса қаражат бөлінген. Осылайша 2 200-ден астам ауылда әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған 6,6 мыңнан астам жоба сәтті жүзеге асырылыпты. Сонымен қатар бастама аясында елдегі даму әлеуеті жоғары 3,5 мың тірек және серіктес ауылдарды кешенді түрде жаңғырту жұмыстары қолға алыныпты.

Нұрбақыт ТҰТҚЫШБЕКОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.