Жылына 1 миллион тоннаға дейін өнім шығаруға мүмкіндік бар

32
Химия өнеркәсібі Жамбыл өңірі үшін стратегиялық маңызға ие. Республикадағы фосфорит қорының 72 пайызы облыс аумағында орналасқан. Қазіргі таңда өңірдің химия саласында 44 кәсіпорын жұмыс істейді. Негізгі бағыттар қатарында фосфорлы шикізат өндіру, минералды тыңайтқыштар шығару және өзге де химиялық өнімдер өндіру бар. Осы жылдың төрт айында облыстың химия өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 150,6 миллиард теңгені құрап, өсім 16,5 пайыз болды. Мұның ішінде Сарысу ауданында орналасқан «ЕвроХим-Қаратау» компаниясының да үлесі бар.

Аталған компанияның ірі жобасы бірнеше кезең бойынша жүзеге асуда. Алғашқы кезең 2016 жылы іске асырылып, фосфорит шикізатын өндіру және өңдеумен айналысатын тау-кен байыту кешені пайдалануға берілген. Бұл кезеңдегі инвестиция көлемі 126 миллион АҚШ долларын құрады. Биылғы төрт айда кәсіпорын 8 миллиард теңгенің 344,9 мың тонна өнімін өндірген. Қазіргі таңда жобаның екінші кезеңі бойынша қарқынды жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, минералды тыңайтқыштар мен индустриялық өнімдер шығаратын өндіріс кешені салынуда. Міне, оның алғашқы нысаны – күкірт қышқылын өндіретін зауыттың құрылысы аяқталып, ашылуы өтті. «ЕвроХим» ПМУ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Игорь Ахмеровтың айтуынша, жылдық қуаты 800 мың тонна күкірт қышқылын өндіруге бағытталған жаңа өндіріс орнының жалпы жобалық құны 1 миллиард АҚШ долларын құрайды.

«Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 1 миллион тоннаға дейін өнім шығаруға мүмкіндік береді. Жобаның басты ерекшелігінің бірі – заманауи әрі экологиялық қауіпсіз технологиялардың қолданылуы. Жаңа өндірістің жанама өнімі ретінде кальций хлориді мен синтетикалық гипс алынбақ. Бұл өнімдер түрлі өнеркәсіп салаларында кеңінен қолданылады. Құрылыс кезеңінде 2 мыңға дейін адам жұмыспен қамтылса, кәсіпорын толық іске қосылғаннан кейін кемінде 1200 тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Қазірдің өзінде «ЕвроХим» кәсіпорындарында мыңнан астам адам еңбек етуде. Бұдан бөлек, сервистік және аутсорсингтік ұйымдарда тағы 300-ге жуық жұмыс орны құрылған. Ал негізгі химия өндірісін іске қосу 2027 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған», – дейді Игорь Ахмеров.

Құрылыс алаңында атқарылған жұмыстарға, өндіріс көлемін арттыру бағытында жүзеге асырылған бастамаларға өңір басшысы мен министр жоғары баға берді. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өңдеуші өнеркәсіпті дамыту ел экономикасындағы негізгі басым бағыттардың бірі екенін айтады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында қазіргі кезеңдегі ең маңызды міндеттердің бірі – елдің берік өнеркәсіптік негізін қалыптастырып, экономикалық дербестікті нығайту екенін айтқан болатын. Сондықт ан өңдеуші секторды жедел дамытуға айрықша мән беру қажет. Бұл кәсіпорынның іске қосылуы – инвестицияның, заманауи технологиялардың және өңірдің өндірістік әлеуетінің нақты нәтижеге ұласқанын көрсетеді, – деді Ербол Қарашөкеев.

Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, осы жылдың төрт айында облысқа тартылған негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 277,2 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 38,3 пайызға артқан. Қазір өңірде жалпы құны 5,6 триллион теңгені құрайтын 116 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптасқан. Ал биыл жалпы құны 471 миллиард теңгені құрайтын 47 жобаны жүзеге асырып, мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Бүгінде жалпы құны 144,3 миллиард теңгені құрайтын 5 жоба іске қосылып, 485 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал Қазақстан Республикасының өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев өз кезегінде республикадағы фосфорит қорының 72 пайызы Жамбыл облысында орналасқанын, бұл өңірдің химия өнеркәсібіндегі рөлін айқындайтын маңызды артықшылық екенін атап өтті.

«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей:

«Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет». Бұл – ел экономикасының тұрақтылығын күшейтуге, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге және өңдеуші өнеркәсіптің үлесін арттыруға бағытталған нақты міндет. Осы бағытта Жамбыл облысында өнеркәсіптік және инвестициялық жобаларды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Жамбыл облысы үшін химия өнеркәсібі стратегиялық маңызы бар салалардың бірі. Бүгінде оның облыстың өнеркәсіп құрылымындағы үлесі шамамен 32 пайызды құрайды», – деді министр.

Жалпы, облыстың өңдеуші өнеркәсіп құрылымындағы саланың үлесі 49,1 пайызды құрап отыр. Бұл салада «Қазфосфат» ЖШС «Минералды тыңайтқыштар» филиалы, «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты» ЖШС, «Talas Investment Company» ЖШС және тағы басқа шағын кәсіпорындар бар. «Қазфосфат» ЖШС компаниясының «Минералды тыңайтқыштар» филиалы фосфорлы және азотты минералды тыңайтқыштар өндіруге мамандандырылған, «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты» ЖШС фосфор және оның қосындыларын өндіреді, «Talas Investment Company» ЖШС натрий цианиді мен аммоний сульфатын өндіреді.

«ЕвроХим» ПМУ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Игорь Ахмеров өз сөзінде алдымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды жоба «ЕвроХим-Қаратау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күкірт қышқылын өндіру зауытының іске қосылуымен құттықтады.

«Бұл жоба өңір экономикасын әртараптандыруға, химия өнеркәсібінің дамуына және отандық өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Кәсіпорын заманауи технологиялармен жабдықталып, жоғары сапалы, бәсекеге қабілетті өнім шығаруға бағытталған. Бұл өз кезегінде ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, алдағы уақытта экспорттық әлеуетті арттыратын болады», – деп атап өтті ол.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Сарысу ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.