Жамбыл полициясының автопаркі 88 жаңа қызметтік көлікпен толықты

87
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев облыстық полиция департаментіне жаңа қызметтік автокөліктерді табыстады.
Өңір басшысы өз сөзінде жергілікті атқарушы органдар мен полиция департаменті арасындағы өзара іс-қимылдың нәтижелі жүзеге асып келе жатқанын атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің беделін арттыруға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға және материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Сіздер заң мен тәртіпті қамтамасыз етіп, ел тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін сақтауда маңызды міндет атқарып келесіздер. Бұл жолда кәсібилік пен табандылық танытып жүрген баршаңызға алғысымды білдіремін. Жаңа техникалар жұмыстарыңыздың тиімділігін арттырып, жүктелген міндеттерді жедел әрі сапалы орындауға мүмкіндік береді деп сенемін, – деді Ербол Қарашөкеев.
Өз кезегінде облыстық полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға тұрақты қолдау көрсетіліп отырғанына назар аударып, облыс әкімдігіне алғысын білдірді.
Биыл полиция департаментінің қажеттіліктері үшін жергілікті бюджеттен 3,2 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 2,7 млрд теңге Шу аудандық полиция бөлімінің жаңа ғимаратына бөлініп, қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Сондай-ақ,  717,5 млн теңгеге 93 қызметтік автокөлік сатып алынған. Соның 88-і бүгін салтанатты түрде полиция қызметкерлеріне табысталды.
Жалпы 2024-2026 жылдар аралығында облыстық полиция департаментінің автопаркі 193 жаңа қызметтік көлікпен толықты. Оның ішінде 2024 жылы – 81, 2025 жылы – 19, ал 2026 жылы 93 автокөлік сатып алынған.
Шара соңында жаңа қызметтік автокөліктер сап түзеп, салтанатты шерумен жүріп өтті. Осылайша олар өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы күнделікті қызметтеріне кірісті.

Жамбыл облысының әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.