АУДАННЫҢ СОҢҒЫ АУЫЛЫНА ГАЗ КЕЛДІ

271

 

Ауданымыздың  43 елді мекенінің 42-сі бұған дейін газдандырылған болатын. Өткен сәрсенбі күні Жалғызтөбе ауылдық округіне қарасты Төрткүл ауылына газ келіп, ауыл тұрғындары қуанышқа кенелді.
Ауылға келген көгілдір отын алауын жағуға арналған шараға ауыл тұрғындары көп жиналды. Онда алдымен аудан әкімінің орынбасары Талғат Жамалов жиналғандарды Жаңа жыл мерекесімен, сондай-ақ көп уақыттан бері асыға күткен ауылға көгілдір отынның келуімен құттықтады. Ал ауылдық округ ақсақалдар алқасының төрағасы Қалмахан Бекмағанбетов пен Төрткүл ауылының еңбек ардагері Темірхан Өмірәлиев ауылға газ келтірудегі еңбегі үшін аудан әкімі Бақыт Қазанбасов бастаған аудан басшыларына алғыстарын айтты.
Ауылға келген  көгілдір отын алауын аудан әкімінің орынбасары Т.Жамалов, еңбек ардагерлері Қ.Бекмаханбетов, Т.Өмірәлиевтер жаққан бетте ауыл апалары жағалай шашу шашып, мәре-сәре болды.
-Төрткүл ауылындағы 52 отбасында 267 адам тұрады. Ауылға газ келген күні-ақ осындағы 13 азамат үйлеріне газ тартып алса, олардың үшеуі газдарын қостырып, оған ас-ауқаттарын дайындай бастады. Басқа да ауыл тұрғындары үйлеріне жеделдетіп газ кіргізіп алуға қам жасап жатыр,- дейді округ әкімі Нүркен Унетаев.
Бұл күн ауыл халқының есінде қалатындай елеулі күн болды.

 

Сүндетулла АБЫЛАШҰЛЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.