Жамбыл облысының аудандарында жемқорлық фактілері жойылмай келеді. Бұл туралы бүгін өткен облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында айтылды, – деп хабарлайды «AraiNews» ақпарат агенттігі Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Комиссия отырысының күн тәртібінде алғашқы болып сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының облыстық департаментінің басшысы Мұрат Қарымсақов баядама жасады.
2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының аясындағы іс-қимылдардың нәтижелеріне тоқталған ол ағымдағы жылдың алғашқы жарты жылдығында олқылыққа жол берген аудандардың атын атап, түсін түстеді. Оның айтуынша, есепті мерзімде облыс бойынша 14 құқық бұзушылық анықталса, оның 8-і сотқа жөнелтіліпті.
Айталық, Шу ауданы әкімі аппаратының қаржы-шаруашылық бөлімшесінің басшысы Айгүл Ахатаева қызметін пайдалана отырып өз карточкалық есеп шотына 663800 теңге бюджеттік қаражат аударғаны анықталған. Аудандық сотта ісі қаралып жатқан А. Ахатаева бүгінде қызметтен босатылған.
Ал, аталмыш аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Самат Сейдахметке шаруа қожалықтарын субсидиялау барысында жеке тұлғаларға артықшылықтар беріп, мемлекетке 35 миллион теңге материалдық шығын келтіргені үшін 3 жыл мерзімге шартты жаза тағайындалған. Осындай және осыған ұқсас сыбайлас жемқорлық көріністері өзге де аудандарда тіркелген. Осы орайда Асқар Мырзахметов жиынға онлайн режимінде қатысып отырған аудан әкімдеріне сауал жолдап, Шу және Жамбыл ауданының басшыларын тыңдады.
Сондай-ақ, басқосуда облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Қалмұханбет Исақов та бірқатар мәліметтермен бөлісті.
Облыс әкімдігі аппаратының бөлім басшысы Аслан Оразбеков комиссияның алдағы үш жылға арналған жұмыс жоспарымен таныстырды. Талқыға түскен жоспар жобасы туралы Асқар Исабекұлы бірқатар ескертпелер жасады.
— Сыбайлас жемқорлықпен күрес деген кезде, статистикалық мәліметтерді айтып ғана қоймай, орын алып отырған жағдайларға қатысты нендей шаралар атқарып жатырмыз? Шын мәнінде біз нені жақсартып, қандай мәселелерді шеше алдық? Міне, осындай сауалдарға жауап беруіміз керек. Әйтпесе, мұндай жиынның ешқандай пайдасы жоқ. Біз халықпен тығыз қарым-қатынас орнатып, халыққа көрсетілер қызметтердегі сыбайлас жемқорлықтың алдын-алуға негізгі күшімізді жұмсау керекпіз. Мысалы, білім, денсаулық сақтау мекемелеріндегі ахуал көңіл көңшітеді ме? Осыны барласақ, сол бойынша жұмыс істесек, кемшіліктерді жоя алсақ, халықтың билікке деген бағасы да жақсарып, көзқарасы артады. Міне, комиссия жоспарында осылар негізге алыну керек. Неге біз жоспарға енгізілген іс-шаралардың атауын, жүзеге асырылар уақытын, қалай орындалу керектігін нақты жазбаймыз? Мынандай жалпылама жоспарды бекітіп, сол бойынша жұмыс жасайтын болсақ ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмасымыз анық,- деген өңір басшысы қоғам дертімен күресуде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының тиімділігін де тілге тиек етті.
Облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібаев жоспар үлгісі қоғамдық ұйымдарға да алдын-ала таратылса ойын білдірі, ұсыныс беруге әзір екендіктерін жеткізсе, ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Мақсұт Нәлібаев жиналғандарды жемқорлықпен жұмыла күресуге шақырды.