Атырау облысында мектеп формасын кимеген оқушылардың ата-аналарына айыппұл салынады

54

Атырау облысы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бердібек Таишевтің айтуынша, бұл жөнінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 409-шы бабында көрсетілген.

«Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы № 26 бұйрығымен мектеп формасына қатысты 49-шы бабында балаға форма кигізу, оны мектептен қалдырмау секілді басқа жауапкершілік ата-анаға жүктелген. Ал егер осы талаптар орындалмаған жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 409-шы бабының 2-ші тармағына сәйкес ескерту немесе бес  АЕК көлемінде айыппұл  салынады», — дейді Б.Таишев.

Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 409-шы бабының 2-ші тармағында былай деп жазылған: «Ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасында көзделген міндеттерді орындамауы немесе тиісінше орындамауы – ескерту жасауға немесе бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады».

Бердібек Таишевтің берген ақпараты бойынша, былтыр Атырау облысында бір ата-анаға айыппұл салыныпты.

«2017-2018 оқу жылында 59 ата-анаға қатысты материалдар түсті. Соның ішінде, 19 ата-анаға іс қозғалып,  4 ескерту, ал 15 ата-анаға 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды. 2021 жылы 2 ата-анаға іс қозғалып,  «ескерту» түрінде шара қолданылды. Былтыр 1 ата-анаға 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды», — деді департамент басшысы.

Айта кетейік, бес айлық есептік көрсеткіш  17 мың 250 теңгені құрайды. Атырау облысындағы 200-ден астам мектепте  148 мың оқушы білім алуда.

 

 

https://turkystan.kz/article/235348-atyrau-oblysynda-mektep-formasyn-kimegen-o-ushylardy-ata-analaryna-ayypp-l-salynady

Leave A Reply

Your email address will not be published.