Ұлы Жібек жолының бойында орын тепкен, бүгінде халқы тығыз орналасқан ауданың ажарлануына «Ауыл – ел бесігі» жобасы айрықша орын алады.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртудың маңызын атап өтіп, «Ауыл –ел бесігі» жобасын жандандыруды тапсырған болатын. Осы бағыттағы жұмыстар аясында Жамбыл облысы бойынша 163 перспективалы ауылдардың тізімі бекітіліп, оған Байзақ ауданындағы Сарыкемер ауылы енген еді.
«Гүлденсе ауыл — гүлденеміз бәріміз» деп Бейімбет Майлин айтқандай, аталған жоба аясында Сарыкемер ауылын жаңғырту мақсатында ел қазынасынан 948 миллион теңге бөлініп, 29 жоба іске асырылды. Атап айтқанда, 2099 жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген аудан орталығындағы Әл-Фараби атындағы мәдениет үйін жаңғырту үшін жобалық құны 14 млн. 664 мың теңгені құрайтын ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, нысанның қасбеті жаңартылып, ғимарттың алдыңғы алаңының брусчаткалары ауыстырылды. Фойелер әрленіп, есік-тезелері ауыстырылды, алдыңғы жағына орындықтар қойылып, шамдар орнатылды. Нысанның алдыңғы жағына ұлы ойшыл Әл-Фарабидің ескерткіші қойылды. Сонымен қатар, аудандық тарихи өлкетану музейі мен орталық кітапхана ғимараты ағымдағы жөндеуден өтті.
1985 жылы пайдалануға берілген, содан бері 30 жылдан бері күрделі жөндеуді көрмеген «Теремок» (жоба құны 146 822,8 млн. теңге) және «Балдырған» (жоба құны 41 951,4 млн. теңге) балабақшаларының ғимараттары жаңа келбетке ие болды.
Мұнымен қатар, Бәйтерек ауылдық округіндегі Байзақ батыр көшесінің 1,6 км шақырымы, Жанқұлиев көшесінің 0,333 шақырымы, Көшербаев көшесінің 0, 355 шақырымы, Новая көшесінің 4 шақырымы жарықтандырылды. 108 млн. теңгеге аудан орталығындағы Жамбыл және Байзақ батыр, Сыздықбаев, Наурыз, Сапаралиев, Әуезов, Әуезов бұрылысы, Райымбек баба, Бұралқиев, Сүлейманов, Құлымбаев, Сыпатай батыр, Бәйдібек баба, Байзақ батыр, Қонаев, Төле би, Дидарбеков, М.Мәметова көшелеріне ағымды жөндеу, Жиделі көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мәмбет батыр мен Кравцов көшесіне асфальт жабыны төселді. Бұл жұмыстардың барлығы «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында атқарылды. Облыстық мәндегі «Тараз-Жетібай- Тегістік- Ойық» автожолының 1,7-7 шақырымына, сондай-ақ, «Тараз- Сарыкемер-Түймекент — Ақшолақ» автожолының 3,4-14,4 шақырым аралығына асфальт төсеу жұмыстары жалғасын табуда.
Сарыкемер ауылындағы жазғы театрға (жоба құны 5908,7 млн. теңге), халықты жұмыспен қамту орталығының ғимаратына (жоба құны 3 449,5 млн. теңге), орталық ауруханаға ағымдағы, аудандық орталық аурухананың үшінші қабатындағы операциялық бөлімшесіне (жоба құны 70 407 млн. теңге) күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мәселен, Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаевтың есімімен аталатын орталық саябаққа (жоба құны 5 908,7 млн. теңге) жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде саябаққа сән кірді. Саябаққа аспалы шамдар орнатылды, балалар ойнайтын түрлі әткеншектер бой көтерді, спорттық құрал-жабдықтар орнатылды. Қылқан жапырақты ағаштар егіліп, ыңғайлы орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылды.Қазіргі таңда саябақ тұрғындардың жиі келетін сүйікті орнына айналған.
Мұнымен қатар, «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында 60 млн. 100 мың теңгеге спорт нысандары күрделі және ағымды жөндеуден өтті. Аудандық орталық стадион аумағында ашық аспан астындағы шағын футбол және әмбебап баскетбол алаңы жасақталып, пайдалануға берілді. Сарыкемер ауылындағы БЖО ғимараты мен Г.Мұратбаев гимназиясының шағын стадионы ағымды, №1 Ж.Үшкемпіров спорт мектебі күрделі жөндеуден өтті. Сарыкемер және Бәйтерек ауылдарындағы көше шамдары ауыстырылып, тіректеріне жаңғыртылды.Ауыл халқының тұрмысын көтеру үшін қолға алынған ауқымды жобаның арқасында аудан орталығы Сарыкемердің келбеті ажарланып, абаттандырылуда.
Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдық аумақтардың әлеуметтік ортасын жаңғырту, оларды өңірлік стандарттарға дейін жеткізу бағытындағы жұмыстар өз жемісін беруде.