Ардагерге әріптестері құрмет көрсетті

388

Өмір бойы түзеу мекемелерінде тәртіп сақшысы болған ардагерге әріптестері құрмет көрсетті. Әділет полковнигі Қайрат Масатбаев — Ауған соғысының ардагері. Саналы ғұмырын қылмыстық-атқару жүйесіне арнаған ардагердің жас қызметкерлерге үлгі боларлық өзіндік қолтаңбасы бар. Зейнет жасына жеткенше осы қиын саланың қазанында қайнап, талай белестерден өткен.
Нақтырақ айтсақ, Қайрат Сабырұлы 1963 жылы сәуір айының 21-і күні дүниеге келген. 1981-1983 жылдары әскер қатарында қызмет еткен. Осы жылдары ол Ауған соғысына қатысып, қан майданда дұшмандардың көзін жоюға атсалысқан. Елге оралған соң, қылмыстық-атқару жүйесінде қызмет етуді ойлап, қазіргі Тараз қаласының маңындағы қоныс колониясына жұмысқа орналасады. Кейінірек, Шымкент қаласындағы ішкі істер мектебін тәмамдап келген лейтенант шеніндегі жап-жас жігіт тергеу изоляторының жедел уәкілі болады.
Қайрат Масатбаев осылайша өзінің еңбек жолында Жамбыл облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты түзеу мекемелерінде әртүрлі қызмет атқарып, құрметті зейнеткерлік демалысына шыққан.
Қашанда өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын тәртіптің ұстасы Қайрат уақытында елдің амандығы мен қоғамдық тәртіптің сақталуына жанын салып қызмет етті. Түзеу мекемелеріндегі тәртіпсіздіктерге тосқауыл қойып, көптің сенімінен шықты. Осылай небір ұйқысыз күндермен қауіпті түндерді бастан кешірген ардагерге кезінде өзі қызмет еткен ЖД-158/5 мекемесіндегі әріптестері арнайы барып, көңілін сұрап қайтты. Кездесу барысында ЖД-158/5 мекемесінің басшылығы Қайрат Сабырұлының өмір бойы жинаған жұмыстағы тәжірибесі кейінгі буынға аса қажетті екеніне тоқталып өтті.

Бүгінде айнымас адалдықтың, мәңгілік махаббаттың арқасында Қайрат Масатбаевтың шаңырағанды 2 ұл, 2 қыз өсіп-өнді. Бүгінгі таңда олардан немере сүйіп бақытқа кенеліп отырған ардагердің деніне саулық, отбасына амандық тілейміз.

Венера Каракозова,
ЖД-158/5 мекемесінің жасақ бастығы әділет аға лейтенанты

Leave A Reply

Your email address will not be published.