АРДАГЕР ҰСТАЗДАРДЫ ҚҰТТЫҚТАДЫМ

281
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбек екендігін уақыт өткен сайын мойындайсың.
Ұлағатты ой иелері де, арман оты жүрегінде алаулаған жеткіншектер де, парасатты қоғам қайраткерлері де бір адамға қарыздар. Ол – Ұстаз! Ұстаз да диқан сияқты. Ол әр адамның жанына білім дәнін себеді. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді.
Міне, осындай ұлы жандардың ұлық мерекесінде қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байходжаев Арыстан Мұқашұлы және Д.А.Қонаев атындағы «Талас аудандық қорының» атқарушы директоры Нұрұлы Ілеспен бірге қаламыздағы ардагер ұстаздарымыздың үйлеріне барып, арнайы құттықтап шықтым.
Тіршіліктің тынысын, уақыттың жүрісін сезіндіретін, білім әлемінің сырын білетін, өзінің алдынан өтіп жатқан шәкірттерінің жырын жүрекке түйген тағылым иелері:
К.Маркс атындағы орта мектепті 30 жыл басқарған Куцукас Ольга Дмитриевна, С.Сейфуллин атындағы орта мектепте 40 жыл бастауыш сынып оқушыларына тәлім тәрбие берген Нурпейсова Өріккүл Қошанқызы және зейнет жасына жетсе де қоғамдық жұмыстарға,қаланың дамуына,үлес қосып жүрген ұлағатты ұстаз, 36 жыл білім саласында қызмет еткен Коржыкова Камила Халыққызы секілді білім беру саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбектері және жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде біраз жетістіктерге жеткен аяулы ардагер ұстаздарымызға қошемет көрсетіп қайттық.
Осындай ардагер ұстаздарымыздың еңбек жолы көпке үлгі –өнеге.
Ұстаздық тәжірибесінде мыңдаған шәкірттерді білім баспалдағымен шыңға өрлеткен парасатты ұстаздарымыз ризашылықтарын білдіріп, ізгі тілектерін жеткізді.

Дархан Баймбетов,

Қаратау қаласының әкімі

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.