Тарихи орындар тазартылды

Тарих – өткеннің аманаты, ал тазалық – бүгінгі ұрпақтың жауапкершілігі. Көне шаһар Тараздың жүрегінде орналасқан Қарахан кесенесі – ғасырлардан жеткен құнды мұра ғана емес, Әулиеата өңірінің рухани келбетін айшықтайтын қасиетті орындардың бірі. Осындай тарихи нысандардың тазалығы мен көркіне қамқор болу – туған жерге деген құрметтің белгісі.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Тараз қаласындағы Қарахан кесенесінің аумағында «Таза Тараз – Таза қала» атты ауқымды экологиялық шара ұйымдастырылды. Игі бастамаға қала жастары, еріктілер мен жастар ұйымдарының өкілдері белсенді қатысып, көне мекеннің көркеюіне өз үлестерін қосты. Қарахан кесенесі – Тараздың ғана емес, еліміздің тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі. Талай ғасырдың куәсі болған сәулет ескерткіші бүгінде қала тұрғындары мен туристер жиі келетін орынға айналған. Сондықтан оның аумағын таза ұстау, абаттандыру және келушілерге жайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар тұрақты жүргізіліп келеді. Акция барысында қатысушылар кесене аумағын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, қураған ағаштарды жинады. Жастардың бірлесе атқарған жұмысының нәтижесінде тарихи кешен аумағынан 3 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, айнала толықтай ретке келтірілді. Тараз жастар ресурстық орталығының директоры Азамат Лесбек мұндай шаралардың өскелең ұрпақтың бойында экологиялық мәдениет қалыптастыруда маңызы зор екенін атап өтті.

Aqjolgazet.kz

Comments (0)
Add Comment