Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Қордай ауданына жұмыс сапары барысында аудан тұрғындарымен кездесу өткізіп, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.
Кездесуде облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, биылғы бес айда атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.
Ағымдағы жылдың бес айында өңір экономикасында оң өсім сақталып, негізгі салалардың барлығында даму қарқыны байқалған. Жыл басынан бері аймаққа 254,4 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл бүкіл республикалық көлемнің төрттен біріне жуық
Сондай-ақ, өнеркәсіп өнімінің көлемі 17,9 пайызға, құрылыс жұмыстары 22,8 пайызға, көлік саласы 13,3 пайызға, сауда көлемі 3,9 пайызға, байланыс қызметтері 4,5 пайызға, ауыл шаруашылығы саласы 2,5 пайызға артқан.
— Өңірде тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп, жаңа алқаптар мен шағын аудандар салынуда. Осы жылы 770 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 4,9 млрд. теңгеге 350 пәтер сатып алу жоспарлануда. Елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету маңызды мәселелердің бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыстағы 357 елді мекен 100% сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген. 284 елді мекен (79,5%) көгілдір отынмен қамтамасыз етіліп, халықты газбен қамтамасыз ету деңгейі 91,8%-ға жетт, — деді облыс әкімі.
Облыс әкімі Қордай ауданындағы әлеуметтік-экономикалық ахуалға да арнайы тоқталды. Ауданға тартылған инвестициялар көлемі артып, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы саласында көктемгі дала жұмыстары уақытылы ұйымдастырылып, мемлекеттік қолдау шаралары тиімді іске асырылуда.
Кездесу барысында аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, Соғанды ауылында салынып жатқан тау-кен өндірісі кешені, ауыз су жүйелерінің құрылысы, Қордай ауылындағы Достық үйі, Үлкен Сұлутөр ауылындағы спорт кешені мен орталық стадионды жаңғырту жұмыстары сөз болды.
Жиынның негізгі бөлігі сұрақ-жауап форматында өтті. Тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Тұрғындар тарапынан жол мәселесі, ойын алаңшалары, әлеуметтік салаға қатысты және аудандағы орталық аурухананы жаңғыртудан өткізу мәселесі сөз болды.
Өз кезегінде аймақ басшысы көтерілген мәселелердің барлығы назарға алынатынын айтып, тиісті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілетінін жеткізді.
Кездесу қорытындысында Ербол Қарашөкеев Қордай ауданының әкіміне ауданда іске асырылып жатқан жобалардың уақытылы орындалуын қамтамасыз ету, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің заң талаптарына сай жүргізілуін бақылау, қоғамдық-саяси тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау, сондай-ақ тұрғындардың өтініштері бойынша кері байланысты күшейту жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
Кездесу соңында Ербол Қарашөкеев азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдады.