Бүгін Үржар ауданының Жоғарғы Егінсу ауылында мәдениет үйі пайдалануға берілді. Жаңа нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли, Қазақстанның Халық әртісі, күйші Секен Тұрысбек қатысты.
Сонымен қатар ғимарат мүгедектігі бар азаматтардың қажеттіліктеріне толық бейімделіп салынған. Жаңа мәдениет үйі ауыл жастарының шығармашылық әлеуетін дамытуға, өнерге баулуға, ұлттық мәдениетті дәріптеуге және ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға қызмет етпек.
Салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы жаңа ғимарат ауыл тұрғындарының игілігіне қызмет ететінін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттің мәдениетті қолдауы қашанда тоқтамайтын үдеріс, маңызды стратегия екенін нақты атап өткен болатын. Былтыр көктемде ауданға келіп, осы ауылдың ахуалымен танысқан кезде мәдениет үйінің құрылысы тоқтап тұрған болатын. Дер кезінде тиісті қаржыны бөлу туралы шешім қабылдап, бүгін тарихи күнге куә болып отырмыз. Мәдениет үйінің осы ауылда ашылуы заңдылық. Өйткені, бұл елді мекенде Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Секен Тұрысбеков дүниеге келген. Баршаңызды Жоғарғы Егінсу ауылындағы жаңа Мәдениет үйінің салтанатты ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі күн – ауыл тарихындағы айтулы әрі маңызды оқиға.
Бұл нысан – жай ғана ғимарат емес. Бұл – ауылдың рухани өмірін жандандыратын, мәдениет пен өнерді дамытуға жол ашатын, ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын маңызды орталық. Ең бастысы, бұл – соңғы қырық жыл ішінде Үржар ауданында салынған алғашқы мәдениет үйі. Сондықтан оның әлеуметтік және рухани маңызы ерекше. Осы маңызды жобаның жүзеге асуына атсалысқан құрылысшыларға, жобалаушыларға, мемлекеттік органдардың өкілдеріне және қолдау көрсеткен барлық азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Берік Уәли.