Президент тапсырмаларының орындалуы – облыс әкімінің қатаң бақылауында

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен Президенттің тапсырмаларының орындалуы жайында арнайы жиын өтті. Жиынға басқарма басшылары қатысты. Аудан-қала әкімдері бейнережимде қосылды.
Аймақ басшысы жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, облыстың 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және биылғы төрт айдағы көрсеткіштері туралы толық баяндағанын атап өтті.
«Кездесу барысында Президент өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Бұл – барлығымыздың бірлескен және жүйелі еңбегіміздің нәтижесі. Бүгінде облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері оң серпін көрсетуде. Экономиканың негізгі салаларында өсім байқалады: инвестиция тарту, өнеркәсіп өндірісі, құрылыс, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлікті дамыту бағыттарында нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. Бұл жетістіктер – әрқайсыңыздың күнделікті қажырлы еңбектеріңіз бен өңірдің дамуына деген жауапкершіліктеріңіздің айқын көрінісі. Алдағы уақытта да осы қарқынды сақтап қана қоймай, жұмыстың тиімділігі мен сапасын одан әрі арттыруымыз қажет», – деді Берік Уәли.
Өткен жылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша жалпы өнім көлемі 3,9 триллион теңгеге жетті. 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 103,8 пайызды құрады. Осы кезеңде инвестиция көлемі 19,4 пайызға өсіп, өнеркәсіп, өңдеу секторы, ауыл шаруашылығы, құрылыс және көлік салаларында оң өсім тіркелді.
Инвестиция тарту бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар аясында инвестициялық пулға енгізілген жобалар саны 29-дан 112-ге дейін ұлғайды. Жобалардың жалпы инвестициялық көлемі 2,2 триллион теңгеден 4,4 триллион теңгеге дейін артты. Өңірде бірқатар ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда. Олардың қатарында құны 577,5 миллиард теңгені құрайтын «Аягөз– Бақты» теміржол желісінің құрылысы бар. Сонымен қатар Семей қаласында құны 714 миллиард теңге болатын жаңа жылу электр орталығы мен инвестиция көлемі 255 миллиард теңгені құрайтын тау-кен байыту комбинатын салу жобалары жүзеге асырылып жатыр.
Семей қаласында арнайы экономикалық аймақ құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жоспарланған аумақта жалпы құны 400 миллиард теңге болатын өндірістік жобаларды іске асыру және 2500 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Қазіргі уақытта үш ірі жоба бойынша ұсыныстар түскен.
Алакөл туристік аймағын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Биыл жағалау инфрақұрылымын жаңғыртуға 15,4 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде электр желілерін жүргізу және Үржар әуежайының терминалын реконструкциялау үшін Арнаулы мемлекеттік қордан 11,6 миллиард теңге қарастырылған.
Сондай-ақ өңірдің инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту бойынша бірқатар жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, сумен жабдықтау, кәріз және жылу желілерін жаңарту, Семей қаласындағы жаңа көпір құрылысын аяқтау, тұрғын үй құрылысы мен жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүргізілуде.
Мемлекет басшысы қабылдау барысында өңірге инвестиция тарту жұмыстарын күшейту, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, «Абайға құрмет» акциясын лайықты деңгейде жүзеге асыру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.
Облыс әкімі отырыста Президент тапсырмаларын сапалы, уақтылы орындау қатаң бақылауда болатынын жеткізді.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ
Comments (0)
Add Comment