Су тасқыны мен құрғақшылықты болжау: қазақстандық және нидерландтық сарапшылар техникалық сессия өткізді

Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов «Су тасқыны мен құрғақшылық туралы ерте ескерту ұлттық жүйесін әзірлеу және су инфрақұрылымы туралы деректерді интеграциялау» жобасы бойынша техникалық сессияны ашты. Сессияны «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Хайрулла Қайратғали жүргізді.
Болжам жасау жүйесі негізделетін Delft-FEWS платформасын әзірлеуші нидерландтық Deltares институтының бағдарламашылары мен инженерлері қазақстандық мамандармен бірлесіп, техникалық жұмыстарды тереңдетіп жүргізді. Сессияға Нидерланд Корольдігінің Елшілігі мен Agip Karachaganak B.V. (Eni) компаниясының өкілдері де қатысты. Сондай-ақ TALSIM-NG моделін қолдану бойынша жұмысты сүйемелдейтін БҰҰДБ-ның техникалық кеңесшісі Хьюберт Лор онлайн форматта қосылды.
Сессия барысында платформаның кеңейтілген мүмкіндіктері, деректерді өңдеу тәртібі және келесі кезеңде атқарылатын міндеттер қаралды. Қазіргі уақытта платформа 11 өзеннің су жиналатын алабын қамтиды. Жыл соңына дейін олардың санын 16-ға жеткізу жоспарланып отыр. Еске салайық, жобаны Agip Karachaganak B.V. (Eni) компаниясының қаржылық қолдауымен Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы жүзеге асырып жатыр.
Deltares-пен ынтымақтастық аясында платформаның конфигурациясын жетілдіру, жұмыс процестерін баптау және СРҰАЖ мамандарын оқыту көзделген. Жұмыстың жеке бағыты – су нысандарын мониторингтеу үшін спутниктік деректерді өңдеу құралдарын меңгеру.
Құрғақшылықты болжау бойынша қажетті көрсеткіштер зерделеніп, есептеулерді автоматтандыру жұмыстары басталды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.
«Біз платформа әзірлеушілерімен бірге жүйенің техникалық мүмкіндіктерін тереңірек зерделеп, қазірдің өзінде болжам жасауға қажетті ақпараттық негізді қалыптастырып жатырмыз. Нақтырақ айтқанда, есептеулерді ретке келтіріп, деректерді тексеріп, бағалау дәлдігін арттырудамыз. Бұл жұмыстар болжам маусымы басталғанға дейін жүйенің барлық мүмкіндігін пайдалануға дайын болу үшін алдын ала жүргізіліп жатыр», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов.
Comments (0)
Add Comment