XXI ғасыр тек ақпарат пен технологияның ғана емес, сонымен қатар виртуалды қауіптердің де заманы. Түрлі жат ағымдардың «қармағы» дәл осы интернет кеңістігінде өте шебер құрылған. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Сағдат (есімі өзгертілген) әлеуметтік желідегі аңғалдығы мен діни сауатсыздығының кесірінен өмірінің төрт жарым жылын темір тордың арғы жағында өткізді. Бұл — қателік, өкініш және қайта түлеу туралы ашық сырласу.
«Балалық шағымның сызаты ата-анамның ажырасуы еді»
— Сағдат, әңгімемізді әуелден бастасақ.Қандай ортада өстіңіз? Балалық шағыңыз туралы айтып берсеңіз?
— Мен Алматының тумасымын. Зиялы әрі қарапайым мұғалімдер отбасында дүниеге келдім. Анам ағылшын тілінен сабақ берсе, әкем өмірін Алматыны табиғи апаттардан қорғауға арнаған жан болатын. Үйде екі ағайындымыз. Ата-анам бізге кішкентайымыздан адалдық пен әділдіктің құнын үйретті. Мүмкін, содан болар, өзгеге көмектесуді өзімнің өмірлік миссиям деп санайтынмын. Бірақ он алты жасымда отбасымыздың шаңырағы шайқалып, ата-анам ажырасып кетті. Бұл жағдай менің жасөспірім жүрегіме өшпес сызат салды.
— Бұл жағдай сіздің болашаққа деген көзқарасыңызға қалай әсер етті?
— Өте ауыр тиді. Толыққанды отбасыда, әке мен ананың мейіріміне қанып өскен достарыма қызғанышпен емес, үлкен қызығушылықпен қарайтынмын. Ішімнен болашақта үйленгенде тек бір рет және өмір бақи ажыраспайтындай отбасын құрамын деп серт беретінмін. Студенттік шағым Қазақ-Америка университетінде өтті. Спортқа жақын болдым, атап айтсам, регби ойнадым және дзюдодан кәсіби деңгейге дейін жеттім. Мінезім ашық еді, бірақ оқуымды соңына дейін аяқтамай, өмірдің ащы-тұщысын ерте татуға бел будым.
«Инстаграмдағы таныстық және радикалды идеологияның түбі»
— Сіздің тағдырыңызды күрт өзгерткен сол бір оқиға қалай басталды? Темір торға түсуіңізге не түрткі болды?
— 28 жасымда Астанаға көшіп келіп, волонтерлікпен айналыстым. «Даму» қоры арқылы субсидия алып, жарнама бизнесін бастағым келді. Бірақ бәрін діни сауатсыздығым мен жалған намысым құртты. Мен инабатты, иманды жар іздедім. Бір күні Instagram-да орамал таққан бір қыз жазды. Неге екенін білмеймін, жауап бердім. Үш-төрт ай бойы хат алыстық. Ол маған дін төңірегінде күрделі сұрақтар қоя бастады.
— Сіз оған қалай жауап беріп жүрдіңіз?
— Сол жерде менің ең үлкен қателігім басталды. Намазды жаңа бастаған кезім еді, ал мен оның алдында діни білімімнің терең екенін көрсеткім келді. Өзім толық білмейтін ақпараттарды айтып, соңында Instagram-да жалған парақша аштым. Ол жерге радикалды бағыттағы видеоларды жариялап, ресми мешіт имамдарын қараладым. Себебі, 6-7 жыл бұрын әлеуметтік желіде ресми мешіт имамдарынан гөрі, жат ағымның жаршыларының ақпараты басты беттерде тұратын. Шынымды айтсам, сол сәтте бұл ісімнің қылмыс екенін, экстремизмге бастайтынын тіпті сезбедім де. Ол қыздың көзіне «күшті» көрінгім келіп, тура жолдан қалай тайғанымды байқамай қалдым.
— Тұтқындалу сәті қалай болды?
— Біз ол қызбен бір рет қана жүздестік. Екінші рет кездесуге, яғни үйлену туралы ұсыныс жасауға барғанымда, мені ҚР Қылмыстық Кодексi№256-баптың 1 тармағы бойынша тұтқындады. Бұған интернет арқылы радикалды үгіт-насихат жүргізгенім себеп болды. Шынымды айтсам, жағдайдың бұлай боларын күтпедім. Бірақ бүгін ойлап қарасам, мені дер кезінде тоқтатқаны дұрыс болған екен. Себебі менің сол әрекеттерім тізбектей жалғасып, қаншама адамның санасын улауы мүмкін еді. Сотта бәрін мойындадым. Маған төрт жарым жыл жаза берді.
«Түрме — жалғыздық пен шындықтың бетпе-бет келуі»
— Түрмедегі өмір сізді қалай өзгертті? Ол жерде өткен төрт жарым жыл не үйретті?
— Төрт жарым жыл уақыт ақымақтық пен діни сауатсыздықтың өтеуі болды. Түрмеде ойлануға уақыт көп болды. Мен діннің мақсаты адам өмірін сақтау екенін, ал радикалды топтардың мақсаты тек өз идеологиясын күштеп таңу екенін түсіндім. Ол жерде өзім сияқты сотталғандармен сөйлестім. Олардың көбі діни сауатсыз, бірақ өз қатесін мойындағысы келмейтін жандар екен.Байқағаным, радикалды топтар адамның санасын улап, олардың миына өздерінің дұрыстығын белгілі бір формуламен бекітіп қоятындай. Өйткені, радикалды топтың тұзағына түскен жанның ойын өзгерту үлкен күш пен білімді,уақытты талап етеді. Сотталғандардың көбісі«мен жалғыз емеспін» деген позициямен өз қылмыстарын ақтауға тырысатын. Бұл — нағыз психологиялық манипуляция.
— Түрмедегі күнделікті тіршілік қандай болды?
— Түрмеге түскен уақытым карантинмен тұспа-тұс келді. Менің өтеп жатқан жазаммен түрмеде жұмысқа орналасу өте қиын болды. Бірақ өзімнің батылдығым мен ашық мінезімнің арқасында еңбекке араластым. 4 жылдың ішінде кәсіби тігінші болып шықтым. Пандемия кезінде біз 24 сағат бойы маска тіктік. Кейін ақылы түрдематрасты да тіктік. Лагерьде ешкім басыңнан сипамайды, ол қатал заңдылықтары бар орта. Бірақ дәл осы орта маған еркіндіктің қадірін ұқтыртты.
«Ең ауыры — әкеммен қоштаса алмағаным»
— Бұл сынақ отбасыңызға қалай әсер етті?
— Мен үшін ең үлкен қасірет – темір торда отырғанда әкем дүниеден озды. Онымен қоштаса да, соңғы сапарға шығарып та сала алмадым. Анамның жағдайы тіпті мүшкіл еді. Ол маған жиі келіп тұратын. Бір метрлік қашықтықта тұрып, еңіреп жылаған анаңды құшақтай алмау сөзбен айтып жеткізгісіз азап болды. Мен сол кезде анама жат ағымдардан біржола іргемді аулақ саламын деп уәде бердім.
«Бүгінгі миссиям — өзгелердің менің қателігімді қайталамауы»
— Қазіргі өмірге деген көзқарасыңыз қандай?
— Менің қазіргі мақсатым жастарға дұрыс бағыт көрсету. Менің ащы тәжірибем оларға сабақ болса деймін. Сондай-ақ, гендерлік теңдікті және отбасылық құндылықтарды қолдаймын. Махаббат пен өзара құрметке негізделген нағыз отбасы құрғым келеді.
— Қиындыққа тап болған немесе адасып жүрген жандарға не айтар едіңіз?
— Жақындарыңызды бағалаңыздар. Күйбең тірлікте біз ұсақ-түйекке шағымданамыз, бірақ еркіндік пен жақыныңның қасында болу — ең үлкен бақыт екенін ұмытып кетеміз. Өмірдегі әр қиындық өтпелі, тек сол сәтте ақылыңыз бен жүрегіңізді күмәнді ақпаратқа билетіп қоймаңыз. Уақытты, еркіндікті және ең бастысы жаныңыздағы адамдарды бағалаңыздар!
— Сағдат, ашық әңгімеңіз үшін рақмет. Сізге сәттілік тілейміз!
Сұхбаттасқан: Гүлбиназ Абай
Фото: MadeniPortal.kz
MadeniPortal.kz