ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ МЕКТЕБІНЕ БАРДЫ

112

 

 

Мырзатай ауылында туып-өскен Әли Бауыржанның есімі бүгінде аудан, облыс, республика ғана емес оданда тысқары жерлерге де  мәлім болып отыр. Жастайынан спортты жанына серік еткен Әли бокс, киокушинкай кан каратэ, жекпе-жек ұлттық спорт түрлерімен қатар айналысып келе жатқан жан-жақты, талантты спортшы жас.
«Талантты  жас-тас жарады» демекші, ол аталған спорттың үш түрінен де атағынан ат үркетіндей айтулы жетістіктерге  жетіп келеді. Атап айтқанда, жекпе-жек ұлттық спорт түрінен Қазақстан Республикасының чемпионы, Азия чемпионы, жастар және ересектер арасындағы әлем чемпионы және әлем кубогінің иегері. Республикалық ұлттық құраманың мүшесі. Бокстан Қазақстан чемпионы, көптеген халықаралық жарыстардың жеңімпазы, спорт шебері. Киокушинкай кан каратэден республика чемпионы, ұлттық құрама мүшесі, спорт шеберлігіне үміткер. Ал биылғы Жаңа жыл қарсаңында жекпе-жектен халықаралық  дәрежедегі спорт шебері атанып, «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы» атағына қол жеткізді. Міне осындай көл-көсір жетістікке жетіп, атақтарға ие болу бар болғаны 17 жастағы бозбалаға оңайлықпен келе қойған жоқ. Әрбір жарысқа тынбай дайындалу, төккен тер өз өтеуін берді деген осы болар.
Өткен аптада Мырзатай ауылындағы Мырзатай орта мектебінің оқушылары мен ұстаздары өздерінің шәкірті, саңлақ спортшы Әли Бауыржанмен «Спорт саңлақтары ауылдан шығады» тақырыбында кездесу өткізді. Кездесуге Әлидің әкесі Әділбек Молдатаев, мектеп директоры Роза Жұмасаева, Әлидің бастауыш сыныптағы ұстазы Күлзахира Жантаева, мектеп ұстаздары мен жоғары сынып оқушылары қатысты.
Алдымен аталған шараны ұйымдастырушы мектеп директорының орынбасары Айгүл Базарбаева жиналғандарды Әли Әділбекұлының өмірбаяны, спорттағы қол жеткізген жетістіктерімен жан-жақты таныстырып өтті.
Кездесуде алдымен мектеп оқушысы  Айзере Әлішер мектеп мақтанышына айналып отырған Әли осындағы ұстаздардан тәлім-тәрбие алғанын еске сала келіп «Ұстазым»  әнін әуелете шырқады. Ал мектептің «Балауса» би тобы мың бұрала биледі.  Дина Сайлаубектің шырқаған «Отаным» әні де көпшіліктің көңілін көтеріп тастады.
Бұдан соң кездесу сұрақ-жауап тәртібімен өрілді. Оқушылар Әлиге «Сіз бокстасқанда қарсыласқа соққы беріп, соққы алып жатасыз. Бұл денсаулыққа зиян емес пе?», «Спортқа келуіңізге кім себепкер болды?», «Тамақтану тәртібіңіз қалай?», «Қай спортшыларды үлгі тұтасыз?», «Болашаққа қандай жоспарыңыз бар?», «Спортта қандай мінез керек?» тағы басқа да бірнеше сұрақтар қойылды. Әли әрбір қойылған сұрақтарға тиянақты жауап беріп, біраз оқушыларды ойға қалдырды. Соған қарағанда оларда ертеңгі күні Әлидей саңлақ спортшы болуды армандап кетсе керек…
Кездесуде мектеп директоры Р.Жұмасаева мен сынып жетекшісі К.Жантаевада Әлиге арнаған өз тілектерін жеткізді. Алдағы уақытта бұданда биік шыңдарды бағындырып, өз мектебінің абыройын асқақтата беруіне тілектес екендіктерін айтып өтті.
«Бетпе-бет» деп аталатын сергіту сәті де сәтті шықты. Онда салауатты өмір салтын ұстануға басымдық берілді. Оқушылар бұл жолы Әлиге «Қандай түс ұнайды?», «Соңғы барған қалаңыз?», «Қандай асты ұнатасыз?», «Соңғы оқыған кітабыңыз?» деген сұрақтарға Әли мүдірмей жауап бергенімен соңғы «Ұнататын қызыңыз бар ма?» деген сұрақ оны көп ойландырды. Самайдан аққан тер соған дәлел болса керек. Бәлкім сол қыз осы бүгінгі кездесуге қатысқан оқушылардың арасында отырғанда шығар. Әли бұл сұраққа қинала-қинала отырып, екіұшты ғана жауап беріп құтылды.
Кеш соңында мектеп директоры Р.Жұмасаева мектепке атбасын бұрып, кездесуге арнайы келген Әлем чемпионы Бауыржан Әли Әділбекұлына алғыстарын айтып, сыйлықтарын табыс етті.
Кездесудің мағыналы, өз дәрежесінде өтуіне мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері де өздерінің мол үлестерін қосқандығын айта кеткен орынды болар.

Сүндетулла ӘБІЛОВ,
Мырзатай ауылы.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.