Әділетті Қазақстанның міндеті – Жолдау мақсаттарын орындау

115

Бүгін «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы кезектен тыс ХХХIII конференциясы өтті. Партия облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшелері, партия ардагерлері, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары қатысқан келелі жиында Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауын талқыланды.

Басқосуда «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов Мемлекет басшысының Жолдауы Тараз қалалық және аудандық фракция отырыстары мен ірі бастауыш партия ұйымдарында талқыланып, түрлі форматтағы 1770 іс-шара өткенін жеткізді. Сонымен қатар, сарапшылардың қатысуымен партияның «Талқылайық» пікір алмасу алаңында және «Жамбыл» телеарнасының «Қоғамдық талқылау» бағдарламасында Жолдаудың негізгі бағыттары талқыланды.

Сондай-ақ, шарада партия облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Ерұлан Мағзымбековке басты құжаттың басымдықтарына тоқталды. Қазір еңбек нарығында ауқымды өзгерістер болып жатқанын тілге тиек еткен ол бірқатар кәсіпорындарда жұмысшылардың құқықтары қорғалмағанын жеткізді. Айта кетейік, жыл басынан бері өңірдегі кәсіпорындарда 29 жазатайым оқиғалар орын алса, 34 адам зардап шеккен. Өкініштісі, 4 қайтыс болды. Жолдауда Мемлекет басшысы жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін еңбек құқықтарын қорғаудың нақты тәсілдерін әзірлеп, платформалық жұмыспен қамту мәселесін түгел реттеу қажеттігіне назар аударды.

Партияның Қордай ауданындағы депутаттық фракциясының мүшесі, «Ізгі іс Қордай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Әлібек Омар Жолдау жүктеген міндеттердің іске асырылу барысын баяндады. Басты құжатта Президент агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек деген болатын. Аталған сала аясында Қордай ауданында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Мәселен, «Eko-Chicken» құс фермасы жылына 500 мың тонна ет өндіруге қауқарлы.

Конференцияда партия атынан Тараз қалалық мәслихатының босап қалған депутатының орнына кандидат ретінде Рашид Пірмановты ұсындық. Қоғамдық өмірде белсенді азаматтың кандидатурасын конференция делегаттары бірауыздан қолдады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.