Біздің киелі Әулиеата өңіріндегі қасиетті Сарысу елінде берекесі мен бірлігі жарасқан Игілік деген ауыл бар. Бұл кешегі кеңестік шаруашылық тұсында аты алысқа шыққан, одан бергі нарық заманы қалыптасқан уақытта да ынтымағы аймаққа үлгі болып отырған елді мекен.
Аты алысқа кеткен, есімін күллі қазақ елі таныған ұлттық поэзия әлемі мен алқалы ел ақындары ортасында орны бөлек Маралтай ағамыз осы Игілікте туған. Игілікте оқыды. Игіліктен өрге ұмтылды. Игілікті жақсы көрді. Игілікті жырға қосты.
Бізге Маралтайдай ағаның інілері, бауырлары ретінде замандас болу, пікірлес болу, қатар жүру – рухани мәдениетімізді қалыптастыруға, жетілдіре түсуге үлкен ықпал етті.
,,Біз Тұран деңгейінде ойлауымыз керек, түркі биігінде бірігуіміз қажет!,, деп өзі айтатындай ақынның әңгімелері айналасындағыларды кейде соноу бағзы замандарға дейін жетелейді.
Күнделікті тоқтаусыз қозғалыстағы тірліктің ішінде жүргенде ақын өлеңдеріне бір мезгіл зер салып, тереңіне үңілсең бойың жадырап, жаның рухтанып, жүрегің жылылықты сезіп, ойың марқайады, көңілің қош табады. Оған қасиетті сөзге қанат бітіретін айбоз ақын Маралтайдың жүрек төрінен шыққан жыр әлеміндегі қайталанбас туындылары анық куә!
Өйткені, талантты ақынның поэзиясы тұнып тұрған тәлім, қайсар мінез, отаншыл көзқарас, пайымы биік парасат пен нағыз ұлтжандылыққа баурайтын қасиеттер! Әрине, бір қараған жанға кестелі орамалдай көркем өлеңдерді оқу оңай шығар, ал, бірақ Маралтай ақындай жанын жеп жазу, езіле ойлау, шұғылалы таңдарды жыр жолдарымен қарсы алулары – оның өр мінезінде, суреткерлік келбетінде, ең бастысы ұлтын сүюден болар деп топшылайтындай.
Сол Игілікке Маралтай ақынмен бірге еліміздің шоқтығы биік ақын-жазушылары талай келді.
Ал, ақын ағамыз ердің жасы 50-ге толған жылы Мереке Құлкенов, Несіпбек Дәутай, Есенғали Раушанов, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Серік Ақсұңқарұлы, Светқали Нұржан және Берік Жүсіпов сынды ұлттық әдебиетіміздің дүлдүлдері келіп, ардақ тұтар ақын інілерінің мерейін асырып, мәртебесін көтерді. Барлығы да шақырып келтіре алмайтын кісілер. Әрқайсысы бір-бір шыңдай көрінетін жыр алыптарының Игілік ауылына келуі Игіліктің бойтұмарындай болған ,,Маралтай мерекесіне,, айналып сала берді.
Ауыл орнынан тұрып, елдің азаматтары жиналып, атбасын арнайы бұра келген қадірі биік ақын-жазушыларға қызмет жасады. Қонақ етті. Сөз зергерлерінің ауызынан шыққан әрбір әңгіме ықыласпен тыңдалды. Сол бір ұмытылмас шақтарда Маралтай ағамыздың біз ойлағаннан да биікте екенін көрдік. Оған ел болып қуандық!
Алқалы кездесу барысында сөз тізгінін ұстаған ақындардың әрқайсысы Маралтаймен алғаш қалай танысқанын, талантын қалай мойындағанын айтып отырды. Осындай бір әсерлі әңгімені есіне алған, қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Есенғали Раушанов Шерхан Мұртаза атамыздың 60 жылдық мерейтойында өзін іздеп келген Маралтайдың оған тік қарап тұрып ,,маған Есенғали Раушанов керек!,, деген тосын да, тік сұрағына әзілдеп, «ондай халтурщикті танымаймын!» деп жауап бергенін, кейін ақын інісін бауырына басып, жақын тартқанын, мейілінше жақсы көргенін ықыласпен есіне алды. Сонымен қатар Есенғали ақын Маралтайдың өлеңдеріне жасаған талдауларын айтып, әдеби ортада тәуелсіздік дәуірінде қалыптасқан, ойы өзгеден оқшау тұратын, ең көрнекті ақын екенін жақсы мысалдарымен келтірді. Есенғали аға Маралтайды ,,Тай-Марал,, деп еркелетеді екен.
Ал, маңғаз Маңғыстаудың дара ұлы, арқалы ақын Светқали Нұржан сөз арасында Маралтай поэзиясындағы ерекшеліктерді ұлттық рухпен байланыстырып, сөзге аса зор жауапкершілікпен қарайтын сирек ақын екенін айта келе, ,,оның өлеңі де мінезі сияқты өзгеше,, деді. Светқали аға Маралтайды ,,Хай-Марал,, деп атайды екен…
Қазақтың және бір тылсым ойлы, ерек жаратылған ойшыл ақыны Тыныштықбек Әбдікәкімовтың өмір жолы біздің ауылмен тікелей байланысты боп шықты. Ол кісі соноу жетпісінші жылдардың басында Байқадам аулындағы кірпіш зауытта бір жылдай жұмыс істеген көрінеді. Ол өз алдына бір бөлек әңгіме. Сол Тыныштықбек ағамыз Маралтай ағамызды ,,Ай-Марал,, деп еркелетеді екен. Маралтай ағамыздың бұл туралы өлеңі бар.
Сол тұста Маралтай ағаның ,,Иесі бар иттер талап жатса да, Киесіне шағынбаған бөрі едім…,, деген терең сөзінің мағынасына көңіл бөлдік. ,,Сүйемдей жерге сүйегін беріп…,, деген ұлтарақтай жерді Ұлы Даланың өзіндей көріп қорғаған ерлердің жанқиярлық ерлік жолын сезіндік.
Әрине, бір қарағанда қарапайым қазақтың қара өлеңіндей көрінгенімен, үңіліп оқи бастасаң небір тылсымдарға жетелейтін жерлері шексіз. Кейде бірнеше рет қайталап оқысаң да толық мағынасына жетуің де қиындайтын тұстары мол. Өзі айтқандай ,,кейде жерлік, кейде жат әлемдік,, ақынның жазғанына аса сергек қарайтын тау тұлғалы Берік Жүсіпов ,,осынша сөздің өрнегін салып отырған Маралтай…, Маралтай емес…, Маралтай құбылыс!,, деді. Тыңдап отырған жұртшылық бір сәт үнсіздікпен тына қалып, артынан ,,па, шіркін!,, деп, ду ете қолдады.
Арда ақын-жазушы ағаларымыздың сол сапарында тәлім алар келелі кездесулер көп болды. Шоқай датқа бабамыздың басына тәу етіп, атақты қылқобыз шебері Ықылас Дүкенұлы атындағы мұражайды тамашалап содан-соң Баба Түкті Шашты Әзіз әулиенің басында дастархан жайылып не бір ғажап әңгімеге куә болғанымызды ұмытпаймыз. Осы сапарды Несіпбек Дәутай ағамыз ерекше бағалап еді. ,,Жыл құсындай әдемі тобымен Сарысу топырағына дәл бұлайша қазақтың ұлы ақындары ешқашан келмеген еді. Маралтай өз оқырмандарына осындай мүмкіндік сыйлады,, деп қатты разы болған-ды.
Біз сол жолы даңқы алашқа жайылған Серік Ақсұңқарұлын көру бақытына ие болдық. Серік ағамыздың өлшемге симайтын болмысы, буырқанған жырларын тындап едік-ау!
Мереке Құлкенов ағамыздың сырбаз мінезі, жөн-жосыққа толы ғақлиясына тәнті болғанбыз.
Осынау ардақты ағаларымызды шығарып салу салтанаты Сарысу ауданындағы атақты Ақтоғай бастауында ұйымдастырылған болатын. Таңғы сағат бесте алыс жолға шығар құрметті қонақтар құрметіне мөлдір бастауға қармақ салғанда жуан білектей алтын сауыр ақ сазан қармақ қапты. Мен осы балықты Маралтай ағаға ұсынып тұрып ,,Аға, мына ,,Алтын балықтың,, тағдыры сіздің қолыңызда,, деп әзілдегенмін. Маралтай аға қолындағы балыққа аз уақыт сүйсіне қарап тұрды да, балықтың құлағына бірдеме айтып күбірлегендей болды да суға қоя берді. ,,Аға не сөйлестіңіздер,, деп әзілдеп ем ,,Кейін айтам,, деді де қойды… Сол сәтте Есенғали аға ,,Әй, Тай-Марал, Құдай қалса енді алты жылдан кейін осы топыраққа қайта ораламыз,, деп еді-ау! Адамның айтқаны бола ма, Алланың айтқаны бола ма? деген осы да. Сол ағамыз бүгін жоқ. Бірақ, Маралтай ағам Құдай қаласа осы күзде елге тағы бір мәрте жақсы-жайсаң ағаларымен бірге келеді деп үміттенем. Сенем!
Бүгін сол бір сәтті күндер мен мазмұны келіскен сапар тағы да еске оралды… Оның басты «кейіпкері» әрине Иглікте туған, Игіліктен ұшқан, қасына ылғи игі жақсыларды ерте жүретін, жыр қуатымен елді өзімен бірге жетелей жүретін Маралтайдай асыл ағамыз!

Ия, бүгінде балалықтың ауылынан даналықтың ауылына бет бұрған, Маралтай ақынның қайталанбас шығармашылық жолына жаңа табыстар мен жайсаң жетістіктер тілей отырып, оның кешегі Абай бастаған ұлы жыр көшінің сәніне сән, мәніне мән қоса береріне сенім мол!
Қолыңыздан түспей жүрген құс қанат қауырсынының сиясы кеппесін, қадіріңіз биік Маралтай аға!
Қанатбек МӘДІБЕК, Мемлекет және қоғам қайраткері