Жолдау жүктеген міндеттер ауқымды

905

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында тиісті салалар бойынша нақты ұсыныстар айтқан болатын. Халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға негізделген Жолдаудан туындайтын міндеттердің ауқымы да кең.

Тұрмыс сапасының артуы –даму кепілі

Бұл орайда Жолдаудан туындайтын міндеттер Жамбыл облысында жүзеге асырыла бас­тады. Облыс әкімі Асқар Мыр­захметовтің тікелей бастамасымен осы мақсатта барлық сала бойынша бірқатар жоба қолға алынды.

Елбасы Жолдауындағы бірін­­­­ші ба­сым­дыққа сәйкес, Жам­­­был об­лы­сында 2019 жыл­дың 1 қаң­тарынан бастап 101 мың­­ға жуық қызметкер үшін ең төмен­гі жалақыны 28 284 тең­ге­ден 42 426 теңгеге дейін өсі­ру үшін облыстық бюджеттің кіріс­тері мен шығыстары қайта қаралатын болады. Осыған орай өңірдегі бизнес өкілдері де бұл шешімді қуаттау үшін еңбек өнімділігін арттыруды бастады. Екіншіден, Жолдауда бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру және нарық еркіндігін қолдау қажеттілігіне басымдық берілген.

Бүгінде өңірде шағын кәсіп­керлікті қолдау мақсатында «Даму» қорымен бірлесе қаражат бөлу қағидасымен 2018 жылы облыстық бюджеттен 500 мил­лион теңге, «Даму» қорынан 1 миллиард теңге қарастырылған. Ал ауыл тұрғындарына шағын несие беру үшін жергілікті бюджеттен қосымша 1 миллиард теңге бөлініп, жалпы сома 5 миллиард теңгеге дейін жетті. Келесі жылы бұл қаржылардың көлемі барынша көбейетін болады.

Сонымен қатар бүгінгі таңда жылдық қуаттылығы 800 тонна болатын «Әулие-Ата Феникс» – «Құс шаруашылығындағы қайта өңдеуде жаңа автоматтан­дырылған технологиялық желіні енгізу» жобасы жүзеге асырылса, жыл соңына дейін 6 жоба іске қосылады. Іске асырылатын жобалардың ішінде экспортқа бағытталған «Казфосфаттың» аммофос өндірісінің көлемін көбей­ту жобасы да бар.

Жолдау барысында Елбасы шикізаттық емес секторға серпін­ді жобаларды іске асыру үшін шетел инвесторларымен бірле­сіп, тікелей инвестиция қорын құру мәселесін қарастыруды тап­сырған болатын. Шикізаттық емес секторға салынған инвестициялар 87 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 13,3 пайызға артқан. Қазіргі таңда облыста шетел инвесторларының қатысуымен құны 1 миллиард АҚШ долларын құрайтын 13 жоба іске асырылуда.

Жолдауда агроөнеркәсіп кеше­н­індегі еңбек өнімділігін және қайта өңделген өнімнің экспор­тын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту міндеті тұр. Бұл орай­да жыл басынан 1,8 мың тонна ет экспортқа шығарылғанын айта кету керек. Бүгінде облыс­та ауыл шаруашылығы өнім­дерін қай­та өңдейтін 183 кәсіп­орын жұ­мыс істеуде. Бірақ Асқар Мырзахметов сапалы, терең өңдеу­мен айналысатын кәсіп­орын­­дар­дың саны аз екенін атап өтті. Енді олар­дың санын көбей­ту үшін үсті­мі­з­дегі жылы жүзе­ге асатын 4 жоба өңірдің ар­найы картасына енді. Бұдан бөлек, құны 8 мил­лиард теңгені құрай­тын 7 инвес­тициялық бастама қолдау тапты.

Білім бәсекесіндегі белсенділік

Президент әлеуметтік салаға жұмсалатын шығындардың тиім­ділігін арттыруға ерекше мән беріп, 5 жыл ішінде білім беру, денсаулық сақтау сала­лары­на барлық көздерден жұмса­латын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 7,4 пайызынан 10 па­йы­зына дейін жеткізу туралы міндет қойды. Сонымен қатар, Елбасы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқыту әдісі мен жүйесі басқа мектептер үшін бірыңғай стандарт болуы тиіс екендігін баса айтты. Бұл жұмыс облыста тиісті деңгейде жүзеге асырылуда.

Өткен жылы өңірде 45 мектеп жаратылыстану пәндерін ағыл­шын тілінде оқытса, биылғы оқу жылында 277 мектепте 4 пән ағылшын тілінде оқытыла бастады. Облыста Назарбаев Зияткерлік мектебі­нің озық тәжі­рибесі 7 мектепке енгізілген. Алдағы уақыттарда Назарбаев Зияткерлік мектебінің ал­дың­ғы қатарлы педагогика­­лық тәжі­ри­бесін барлық мектеп­ке енгізу жұмыстары жүргізілетін болады.

Мәселен, 2018-2019 оқу жы­лын­­да облыстың барлық мек­тебінде 1-ден 8-ге дейінгі сынып­тарда оқушылардың өз әрекетін бақылау мен бағалай білуге, функ­ционалдық сауат­тылығын арт­тыруға мүмкіндік беретін жүйе енгізілді. Бұған 2019-2020 жыл­дары қалған сыныптар көшетін болады.

Жаңа оқу жылында облыста 9 мектеп пайдалануға беріл­ді. Үш ауысымда жұмыс істейтін 3 мектептің, апатты жағдайда­ғы – 3, орын тапшылығы бар 3 мектептің мәселесі шешіл­ді. Бүгінгі күні 5 мектептің құ­­ры­лысы жүргізілуде. Нәти­жесін­де 1 үш ауысымды, 4 орын тап­­шылығы бар мектептің мә­се­лесі шешілетін болады. Ал әлеуметтік саладағы нысандарды қажеттілігіне қарай салу бойынша өңірде қызу жұмыс басталып та кетті.

Бұдан бөлек, Елбасы тапсырмасына сәйкес балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мектептер мен балабақшаларды 100 пайыз бейнебақылау камераларымен қамту шаралары қолға алынып отыр. Бүгінгі күні облыстағы білім мекемелерінің 90 пайызында бейнебақылау камералары орнатылған.

Мемлекет басшысы ұстаз беде­лін арттыру мәселесін ұда­йы көтеріп келеді. Жолдауға сәй­кес «Педагог мәртебесі туралы» заң дайындалуы тиіс. Биыл педа­гог­тарға ұлттық біліктілік сы­нағы енгізілді. Аттестаттау нәти­жесінде облыстың 2 мыңнан астам мұғалімінің лауазымдық жалақысына 30-дан 50 пайызға дейін қосымша үстемеақы биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап төленіп келеді. Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша сабақ беретін 16 мыңнан астам мұғалімнің жалақысы 30 пайызға көбейді. Мұның барлығы білім бәсекесіндегі қабілеттілікті арттыратыны сөзсіз.

Денсаулық – зор байлық

Елбасы Жолдауында меди­ци­налық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті екендігін және ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмек қолжетімді болуы тиіс екендігін атап өтті. Бұл ретте Жамбыл облысында 95 алғашқы медициналық көмек нысанын салу қажетті­гі туындап отыр. Жыл соңы­на дейін мемлекет-жекешелік әріптестік шеңберінде 30 нысанды пайдалануға беру жоспарланса, бюджет есебінен 9 нысан пайдалануға берілмек. Бюджет қаражатын үнемдеу негізінде 95 нысанның құрылысын жүргізу мерзімі 8-10 жылдан 3 жылға қыс­қар­ғанын айта кету керек. Нәтижесінде құрылысқа жұмса­латын 6,5 миллиард теңге мем­лекет-жекешелік әріптестік аясында 2,3 миллиард теңгеге де­йін қыс­қартылып, қаржы едәуір үнемделеді.

Ал Жолдаудағы алғашқы ме­ди­циналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру және ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсіл­дерін енгізген учаскелік ме­ди­цина қыз­мет­керлерінің жалақы­сын кезең-кезеңмен көбейту бағы­тын­­да емдеу ісін басқару бағ­дар­ламасы өңірдегі 20 емха­наға жүкте­ліп, 180 маман оқытылды. Осы бағдарламаның жаңа тәсіл­дерін енгізген учаскелік ме­дицина қызметкерлерінің жала­қысы кезең-кезеңмен 20 па­йыз­­ға көбейтілетін болады.

Сонымен қатар облыс бо­йынша 11 медициналық ұйымға «Е – Kezek» электрондық кезекті енгізу үшін жергілікті бюджет есебінен 73 миллион теңге бөлінген. Қазіргі таңда облыстағы 43 денсаулық сақтау мекемесінде 8686 медициналық қызметкер ақпараттық жүйелер бойынша жұмыс істейді. Ақпараттық жүйелерге 732 946 электрондық денсаулық паспорты енгізілген.

«Халықты тіркеу регистрі» ақпарат­­тық жүйесіне тіркелген­дер халық санының 65,9 пайы­зын құраса, 2019 жылдың 1 қаң­тары­на 100 пайызды құрайтын бола­ды. Қатерлі ісіктердің аурушаң­дығын, өлімін төмендету және онкологиялық қызметтің сапасын арттыру мақсатында облыс­та онкологиялық диспансердің құрылысы жүргізілуде.

Спорт саласын дамыту басты назарда

Жолдауда бұқаралық спорт пен денешынықтырудың қолже­тім­ділігін арттыру қажеттілігі де кеңінен айтылды. Бүгінде облыс тұрғындарының жүйелі түрде денешынықтыру және спортпен шұғылдануы үшін қолжетімді 1605 спорт нысаны анықталған. Олардың 517-сі Тараз қаласында, 1088-і аудандарда орналасқан. 2019 жылы орта мектептердің спорт залдарының тұрғындарға қол­­жетімділігін толығымен қам­та­масыз ету жоспарланған.

Сонымен қатар саланы дамыту мақсатында 2019-2021 жыл­дары өңірде 30 спорт кеше­нін салу жоспарлануда. Оның ішінде, Тараз қаласында жеңіл ат­летика мен гимнастикаға ар­налған манеждер құрылысы бар. Келесі жылға жалпы сомасы шамамен 4 миллиард теңгеге 11 жобаның құрылысын, 2020 жылға 2 930 миллион теңгеге 11 денешынықтыру-сауықтыру кешені құрылысын және 2021 жылға 1 040 миллион теңгеге 8 денешынықтыру-сауықтыру кешені құрылысын жүргізу жос­парланып отыр.

Бұған қоса аулаларда, саябақ­тарда 29 спорт алаңша­сын салу жоспарланған. Олар­дың ішінде 14 әмбебап спорт алаң­шасы, 6 шағын футбол алаң­­шасы және 8 стритворкаут алаң­шасы бар.

Хамит ЕСАМАН
egemen.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.