Ресми дерекке сүйенсек, елімізде үш мыңдай адам бүйрек трансплантациясына мұқтаж болса, бауыр трансплантациясын қажет ететін пациенттердің саны мыңға жуықтайды. Қазақстанда жылына 1 млн адамға бір ғана донор табылады екен. Оның көбі туыстық донор. Астанада «Академиялық медициналық орталық. Трансформацияның сын-тегеуріндері және даму перспективалары» тақырыбымен өткен халықаралық конференцияға қатысқан ақ халаттылар қазақстандықтардың мәйіттік донорға көп келісім бермейтінін айтады. Яғни, Онкология және трансплантология ұлттық ғылыми орталығында жыл басынан бері жасалған 36 бүйрек трансплантациясының жетеуі ғана мәйіттік донорды пайдаланған.
Республикалық диагностикалық орталық пен Онкология және трансплантология ұлттық ғылыми орталығының 10 жылдығына арналған алқалы жиында ағза трансплантациясындағы және онкогематология саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, ядролық медицина мен сәулелік диагностикада қолданылатын жаңа технологиялар, сондай-ақ ауыр аллергиялық синдромдарды және бастапқы иммунотапшылық жағдайын диагностикалау мен емдеудегі жетістіктер сөз болды. Пленарлық отырыста АҚШ-тың Питтсбург университетінің медициналық орталығының (UPMC) өкілдері баяндама жасап, трансплантология және мамандандырылған терапия Жерорта теңізі институты ISMETT-тің жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Ағзаларды алмастырып салу және жоғары технологиялық хирургия бойынша әлемдегі жетекші орталықтардың бірі саналатын бұл институт Италияда АҚШ-тың Пенсильвания штатының медициналық орталығымен бірлесіп ашылған. Доктор Тимоти Биллиар медициналық орталық құрамындағы клиникалық департаменттердің негізгі инструментальдық менеджменті жөнінде әңгімеледі. UPMC вице-президенті доктор Деб Салава инновациялық технологиялар саласындағы «UMC» корпоративтік қорының трансформациясы бойынша баяндама жасады.
Жиында сөз болған өзекті мәселенің бірі – донор тапшылығы. Бұған дейін біз сөз еткен жүрек трансплантациясындағы донор тапшылығы («Ұлттық кардиохирургияда жүрек донорының тапшылығы қалай шешімін тауып жатыр?», №182, 26 қыркүйек) бүйрек пен бауырды ауыстыруда да кездеседі. Соған қарамастан Онкология және трансплантология ұлттық ғылыми орталығы 10 жыл ішінде бес ірі ғылыми жобаны жүзеге асырып, 374 инновациялық технология енгізген. «Біз ересек адамдарға бүйрек және бауыр трансплантациясын жасаймыз. Ол тірі туыстық трансплантация және мәйіттік трансплантацияны қамтиды. 2010 жылдан бері 350-ден аса бүйрек трансплантациясы жасалды. Бүйрек трансплантациясы бойынша орган комплексін алуды бірінші рет бастадық. Донордан бүйректі лапароскопиялық жолмен (миниинвазивтік әдіспен) алу бойынша жетістіктерге жеттік. Енді бауырды осы жолмен алуға дайындалып жатырмыз. Ал бауыр трансплантациясын 2013 жылдан бері жасап келеміз. Бес жылда жасалған бауыр ауыстыру операциясының саны 50-ге жуықтады. Елімізде ең алғаш рет мәйіттен ортотропиялық бауыр трансплантациясын жасауды да біздің орталық енгізді. Өткен жылы қан тобы сәйкес келмейтін донордан трансплантация жасалды», деді Онкология және трансплантология ұлттық ғылыми орталығы Хирургия департаментінің басшысы Әділбек Мұқажанов.
Әділбек Қайырбекұлының айтуынша, елімізде мәйіттік донорды пайдалану дамыған мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда төмен деңгейде. «Бізде мәйіттік органдар жетіспейді. Өйткені менталитетке, халықтың келіспеуіне байланысты елімізде жылына бір млн адамға бір ғана донор шығып жатады. Еуропаның дамыған елдерінде 1 млн адамға 30-40 ағзалық трансплантация жасалады. Сондықтан біз көбінесе туыстық трансплантация жасауға мәжбүр боламыз. Мысалы, туысының екі бүйрегінің біреуін немесе бауырының жартысын алып саламыз. Кейде донорлардың денсаулығына байланысты кері көрсеткіштер болады. Өйткені донор 100 пайыз дені сау адам болуы керек. Сондай-ақ бір бүйрегін немесе бауырының жартысын алғанда ағзасына ешқандай зақым келмейтініне көз жеткізуіміз тиіс. Сондықтан трансплантация аз жасалынады. Биыл бауырға төрт, бүйрекке жеті ғана мәйіттік трансплантация жасадық. Әрине, бұл өте аз. Ал бізде 3 мыңдай адам бүйрек трансплантациясына, мыңға жуық адам бауыр трансплантациясына кезекте тұр. Қазақстанның барлық орталықтарында маман, құрал-жабдық және дәрі-дәрмек жағынан мүмкіндіктер бар, толық жағдай жасалған. Тек туыстық және мәйіттік трансплантацияның санын көпшілік болып көбейтуіміз керек», деді Ә.Мұқажанов.
Трансплантация бойынша республикалық үйлестіру орталығының директоры Жақсылық Досқалиев 100 донордың 30%-ының ғана ағзасы донор болуға жарамды екенін айтады. Оған бірінші кезекте адамдарда жиі кездесетін инфекциялық аурулары себеп болса, екіншіден жасы ұлғайған кісінің ағза кызметінің нашарлауында. «Донорлық бойынша көптеген жұмыстар атқарылды. Ең алдымен заң қабылданды. Науқас тірі кезінде ағзасын донорлыққа беру-бермеу бойынша көзқарасын білдірмесе, онда ол көз жұмғаннан кейін дәрігерлер ағзасын алып донорлыққа пайдалана алады. Ағзасын донорлыққа беруге келісетін адамдардың да қатары молайып келеді. Мысалы, былтыр 22 адам келісім берсе, биыл бұл көрсеткіш 32-ге жетті. Бірақ ол аз», дейді профессор Ж.Досқалиев.
Жиында ең озық технологияларды, диагностика мен емдеуде дәлелді медицинаны пайдалана отырып, ересектер мен балаларға консультативтік-диагностикалық медициналық көмек көрсететін Республикалық диагностикалық орталықтың жетістіктері де сөз болды. Конференция жұмысының қорытындысында қарар қабылданып, онда «University Medical Center» корпоративтік қорының Республикалық диагностикалық орталығы мен Онкология және трансплантология ұлттық ғылыми орталығының 10 жылдық оң тәжірибесі мен жетістіктері атап көрсетілді.