Бүгін облыс әкімі Берік Уәли «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновпен кездесті. Өңірдегі тиісті басқарма басшылары, Аягөз, Үржар және Мақаншы аудандары әкімдері мен мердігер компания өкілдері қатысқан жиында «Бақты – Аягөз» теміржол құрылысы мен облыстағы теміржол вокзалдарын жаңғырту жобалары жан жақты талқыланды.

Аймақ басшысы жобаның өңір және ел экономикасы үшін маңызына тоқталып, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытудағы және транзиттік әлеуетті арттырудағы рөлін атап өтті.

«Бұл жоба Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында жүзеге асырылып жатыр. Жалпы алғанда, «Бақты – Аягөз» теміржол желісі Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы өткізу қабілетін 28 миллион тоннадан шамамен 48 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға, оңтүстік бағыттағы өткізу бекеттеріне түсетін жүктемені азайтуға және қосымша транзиттік көлемдерді тартуға мүмкіндік береді», – деді Берік Уәли.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы өңір аумағында бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда. Атап айтқанда, өткен жылдан бастап Семей қаласында, сондай-ақ, Аягөз, Шар, Ақтоғай, Жалаңашкөл, Дегелең, Үшбиік, Жарма, Белағаш және Ауыл елді мекендеріндегі 10 теміржол вокзалына реконструкция жұмыстары жүргізілуде.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ