Өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды

30

Жамбыл облысы әкімдігінің мәжіліс залында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Сайровтың төрағалығымен «AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық кеңестің отырысы өтті. Жиынға Мәжіліс депутаттары Абзал Құспан, Нұрлан Әуесбаев қатысып, бейне байланыс арқылы партия хатшысы Ержан Жылқыбаев пен орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, облыс басшылары қосылды.

Кеңесте облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өңірде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, бұл бағыт әкімдіктер жанындағы ведомствоаралық комиссиялардың тұрақты бақылауында, бүгінде облыста 12 комиссия жұмыс істейді. Сонымен қатар, өткен жылы 98 мекемеде жүргізілген ішкі талдау нәтижесінде 58 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталып, оларды жою бойынша нақты шаралар қабылданған.

Жиында кеңес мүшесі Абзал Құспан өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарының жай-күйіне тоқталып, партияның Сайлауалды бағдарламасының іске асырылуына жүргізілген зерделеу нәтижелерін таныстырды.

Кеңес барысында партияның Сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы да қаралды. Атап айтқанда, өңірде Терісащыбұлақ және Қалғұты су қоймаларының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Бұл бағытта тиісті министрлік «ИсламДаму» банкімен жұмыстар жүргізуде.

Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» жобасына өзгерістер енгізу, қала құрамына енген елдімекен тұрғындарын несиемен қамту мәселелері талқыланды. Жер қатынастары саласындағы өзекті мәселе де көтерілді. Қазіргі таңда Тараз қаласында 134 мыңнан астам адам жер кезегінде тұр, ал жыл сайын шамамен 300-ден астам азаматқа ғана жер беріледі. Осыған байланысты жер кезегіне қатысты тетіктерді жетілдіру қажеттігі айтылды.

Бұдан бөлек, ақылы автожолдардан түсетін қаражат есебінен жолдарды жарықтандыру, сондай-ақ Шу ауданы Жайсаң ауылындағы мектеп құрылысы мен Жамбыл ауданы Қаратау ауылындағы жол жөндеу жұмыстарының барысы қаралды.

Жиын қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында құқық қорғау органдарының жұмысын күшейту, алдын алу шараларын жетілдіру және жұмысты жаңа тәсілдермен ұйымдастыру қажеттігі атап өтілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.