Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан–Америка цитоматрицаны зерттеу орталығы ашылды

65

https://turkystan.kz/article/271830-al-farabi-atyndagy-qazaq-ulttyq-universitetinde-qazaqstan-amerika-citomatricany-zertteu-ortalygy-asyldy

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан–Америка цитоматрицаны зерттеу орталығының салтанатты ашылуы өтті. Жаңа орталықта ғалымдар цитоматрица құрылымын, жасуша ішіндегі күрделі клеткалық процестерді терең зерттеп, биомедициналық ғылымды дамытуға үлес қосады. Сонымен қатар қатерлі ісік жасушаларының биологиясына арналған бірлескен инновациялық жобалар іске асырылып, жоғары білікті ғылыми кадрларды даярлауға мүмкіндік бермек, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ауқымды іс-шараға ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, Peri-Nuc Labs LLP бас директоры, АҚШ-тағы Хьюстон университетінің профессоры Таттым Шайкен, «ЭКОМЕД» клиникасының ғылыми директоры, биология ғылымының докторы, профессор Салтанат Байқошқарова, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты басқарма төрағасының орынбасары Гүлмира Жұрабекова, отандық ғылыми-зерттеу институттары мен жетекші клиникалардың өкілдері, белгілі ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев өз сөзінде бірлескен орталықтың ашылуы Қазақстан ғылымы үшін маңызды қадам екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – академиялық білім аймағы» атты стратегиялық серіктестер форумында сөйлеген сөзінде: «Ғылымның ең басты миссиясы – адамзат игілігіне қызмет ету.  Мықты университеттер – келешектің фабрикасы. Бұл жерде идеялар туып, кедергілер еңсеріледі», – деп атап өткен болатын. Президент тапсырмасына орай, біздің алдымызда ғылымды жетілдіру, жасанды интеллект технологияларын барлық салаға енгізу мақсаттары тұр. Университетте жаңа орталықтың ашылуы – Қазақстан мен АҚШ арасындағы нәтижелі әріптестіктің жемісі. Бұл орталықты құру жөніндегі келісімге 2024 жылдың 6 шілдесінде қол қойылған. Келешекте осы орталықтың негізінде ірі зерттеу және инновациялық бағыттағы кластер құрылатын болады», – деді ректор.

Өз кезегінде профессор Таттым Шайкен цитоматрицаның қасиеттері мен жаңа зерттеу бағыттарына арналған ғылыми презентациясын ұсынды. Ол қатерлі ісік жасушалар мінез-құлқын зерттеудегі цитоматрицаның маңызына тоқталып, алдағы уақытта жүзеге асатын бірлескен жобалардың негізгі бағыттарымен таныстырды.

«Қазір әлем ғалымдары қатерлі ісік ауруының алдын алу және емдеу бағытында жан-жақты зерттеулер жүргізуде. Біздің басты мақсат та – осы. Біз жасушадағы цитоплазманы зерттеу арқылы клеткадағы қатерлі ісікті болдырмау жолдарын қарастырамыз», – деді Таттым Шайкен.

Сондай-ақ іс-шара барысында Қазақстанның жетекші мамандары да құттықтау сөз сөйледі. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты басқарма төрағасының орынбасары Гүлмира Жұрабекова орталықтың отандық онкология саласының ғылыми әлеуетін күшейтетініне сенім білдірді.

«Қазақстан ғылымының халықаралық деңгейде мойындалуы – осындай батыл бастамалардың нәтижесі. Бұл жоба жас зерттеушілер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді  «Экомед» клиникалар желісінің ғылыми жетекшісі Салтанат Байқошқарова:

Айта кетейік, ҚазҰУ студенттері орталықтағы заманауи құрылғыларды пайдалана отырып, тағылымдамадан өтеді.

Орталықтың ашылуынан соң, қонақтарға арнайы экскурсия ұйымдастырылып, оқу ордасы базасындағы ғылыми орталықтар мен зертханалардың жұмысы көрсетілді.

Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/271830-al-farabi-atyndagy-qazaq-ulttyq-universitetinde-qazaqstan-amerika-citomatricany-zertteu-ortalygy-asyldy

Leave A Reply

Your email address will not be published.