Ет өнімдерінің экспортына тыйым салуды тоқтату қажет – депутат

35

https://turkystan.kz/article/271756-et-onimderinin-eksportyna-tyiym-saludy-toqtatu-qazet-deputat

Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінң төрағасы Марат Омаровқа және Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа ет экспортына қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оның айтуынша, ет эспортына салынған тыйымның салдарынан фермерлердің табысы төмендеп, сатып алу бағасы күрт құлдырап, инвестициялық тартымдылық төмендеп, нарық механизмдері бұзылып, хаос пен белгісіздікті тудырып отыр.

«Қазақстан Республикасының ет экспортына енгізілген тыйымға байланысты менің атыма фермерлерден, қайта өңдеушілерден және салалық бірлестіктерден көптеген өтініштер келіп түсуде.

Атап айтқанда, оңтүстік өңірде экспортқа рұқсат тек бір ғана  компанияға беріліп, олар тәулігіне бар болғаны 150-200 бас бұқаны шығарып жатыр. Экспортқа шектеу қойылғанға дейін Өзбекстан еліне облысымыздан күніне 1000 бас қара малдың еті жіберіліп отырған.

Үкіметтің Түркістан облысынан ет экспорттауға рұқсат беру шешімі бұл компанияға негізсіз артықшылық бергендей әсер қалдырады. Мұндай жағдай лоббизм мен олигополия белгілерін еске салады. Бұл қаншалықты заңды? Неліктен дәл осы компанияға экспортқа рұқсат берілді және таңдау қандай критерийлер бойынша жасалды?

Тыйымның салдарынан басқа фермерлердің табысы төмендеп, сатып алу бағасы күрт құлдырап, инвестициялық тартымдылық төмендеп, нарық механизмдері бұзылып, хаос пен белгісіздікті тудырып отыр.

Мемлекет басшысы еліміздің экономикасын экспортоориентті бағытта дамыту стратегиялық мақсатымыздың бірі екенін бірнеше рет атап өткен болатын.

Алайда, Ауыл шаруашылығы министрлігінде 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі мерзімде 13 000 тонна көлемінде ірі қара малдың (ІҚМ) экспортына сандық шектеулер (квоталар) енгізуді көздейтін «Қазақстан Республикасының аумағынан сиыр етін әкетуге тыйым салуды белгілеудің орындылығы туралы» бұйрықтың жобасы әзірленді», — деді депутат.

Темір Қырықбаев экспортқа тыйым салу – экономикалық тұрғыдан негізсіз екенін айтты.

«Өйткені, бұл шешім болашақта еліміздің сыртқы нарықтарға қол жеткізуін шектейді және алдағы уақытта ірі қара мал бағасының үш есеге өсіп кетуіне ықпалын тигізеді.

Бұл жағдайда Үкімет халық үшін еттің бөлшек бағасын төмендетеміз деп жариялаған мақсатына жете алмады. Өйткені нарықтың заңдылықтарын күшпен өзгерту мүмкін емес. Егер ет өндіру тиімсіз болса, онда баға, керісінше, барлық тұтынушы үшін қымбаттай түседі.

Ет өнімдерін экспорттау – ауыл аймақтарының экономикасын қалыптастырады, халықтың тұрмысын, мәдениетін жақсартады, экспорттық әлеуетті қамтамасыз етеді.

Халықаралық мойындалған мысал ретінде айтатын болсақ, Аргентина бірнеше рет сиыр етін экспорттауға тыйым салған. Нәтижесінде, мал саны миллиондаған басқа қысқарып, мыңдаған фермерлік шаруашылықтар банкротқа ұшыраған, экспорт екі есеге дейін төмендеген, нарықтарды бәсекелестер жаулап алып, саланы қалпына келтіру он жылдан астам уақытқа созылған.

АҚШ, Канада, Австралия, Бразилия сияқты дамыған ел нарықтарында ет – құнының тек 45-50% құрайды, қалған 50-55% қосымша өнімдер, сүйек, коллаген, желатин, тері, қырық қабат және т.б. шет елге экспортталуына мүмкіндік береді.

Ет өндіру – еліміздің дәстүрлі саласы.

Ет өнімдері экспортын дамыту үшін қайта өңделген өнім үлесін арттыру қажет, яғни сыртқы экономикалық шектеулер қоймай, керісінше, қосымша өнімдерді қайта өңдеуді дамыту және жаңа нарықтарды ашу бағытында жұмыс жасау қажет.

Шектеуді алып тастау арқылы еліміз мал басын сақтап қалуға, фермерлердің банкротқа ұшырауын болдырмауға, дәстүрлі саланы сақтауға және экспорттық әлеуетті ұзақ мерзімді дамытуға мүмкіндікті жіберіп алмауы тиіс.

Жоғарыда айтылғандарға сәйкес, Қазақстан Республикасынан ет өнімдерін экспорттауға қойылған тыйымды толық және шартсыз жоюды сұраймын.

Бұдан әрі сыртқы сауда мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырыстарына және Халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу үшін әр облыстан бір фермерді енгізуді ұсынамын. Бұл ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің нақты сұраныстарын ескере отырып, анағұрлым үйлесімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді», — деді Т. Қырықбаев.

Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/271756-et-onimderinin-eksportyna-tyiym-saludy-toqtatu-qazet-deputat

Leave A Reply

Your email address will not be published.