Таразда балабақша тәрбиеленушілері жануарларға қамқорлық пен қауіпсіздік дағдыларын меңгерді

21

Тараз қаласында мектепке дейінгі жастағы балалар арасында жануарларға қамқорлық пен қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру мақсатында «Жануарларды қорғау және өзіңді қорғау» жобасы жүзеге асырылуда.

Тараз қаласындағы «Балақай-Тараз», «Шаңырақ 7» және «Аю-бөбек» балабақшаларымен бірлесіп жұмыс істеу туралы келісімге келді. Кездесу барысында оқу бөлмелерінің дайындығы, интерактивті тақталардың техникалық мүмкіндігі және іс-шаралардың өткізілу уақыты нақтыланды.

Жоба аясында балалардың жас ерекшеліктеріне сай тәрбиелік ойындар мен сабақтар ұйымдастырылды. Балалармен бірге тәрбиешілер мен көмекші педагогтар да белсенді қатысты.

Бірінші кезеңде ойын форматындағы сабақ өтті. Балалар жануарлардың түрлерін еске түсіріп, олардың адам өміріндегі маңызы мен қауіпсіздік ережелерін талқылады. «Досыңды тап!», «Жануарды таны!» және «Қауіпсіз қадам» сияқты ойындар арқылы балаларда мейірімділік пен жауапкершілік дағдылары қалыптасты.

Келесі сабақ иттермен қауіпсіз қарым-қатынас жасау тақырыбына арналды. Дәріс барысында балалар иттердің мінез-құлқын, дауыстарын ажыратып, оларға дұрыс жақындау және қауіпсіз әрекет ету тәсілдерін үйренді. Сабақ интерактивті түрде өткізіліп, бейнематериалдар мен ойын элементтері қолданылды.

Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, мұндай бастамалар балалардың жануарларға деген сүйіспеншілігін арттырып, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға септігін тигізеді. Алдағы уақытта бұл жоба Тараз қаласындағы өзге де балабақшаларда жалғасын таппақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.