«Мұра» жобасы: Таразда жастар тарихи жәдігерлерді қалпына келтіруді бастады

19

Тараз қаласында тарихи мұраларды сақтау мен қалпына келтіруге бағытталған «Мұра: Волонтерлерді археологиялық жәдігерлерді реставрациялау ісіне үйрету» атты оқыту курсы өтті.

Игі бастаманың мақсаты — жастар мен волонтерлерге археологиялық жәдігерлермен жұмыс істеудің негізгі қағидаларын үйретіп, тарихи-мәдени мұраға деген құрмет пен жауапкершілік сезімін қалыптастыру.

Курс барысында қатысушылар археологиялық реставрация мен консервацияның теориялық және тәжірибелік негіздерімен танысты. Мамандар арнайы дәрістер өткізіп, жәдігерлерді сақтау мен қалпына келтірудің негізгі әдістері мен кезеңдері бойынша практикалық сабақтар ұйымдастырды. Тыңдаушылар реставрация және сақтау ісінің кәсіби қағидаларын меңгеріп, археологиялық нысандармен ұқыпты жұмыс істеуді үйренді.

Практикалық бөлімде волонтерлер мамандардың жетекшілігімен жәдігерлердің бетін тазалау, сынған бөлшектерін сәйкестендіру және арнайы желім арқылы біріктіру жұмыстарын орындады. Бұл тәжірибе жастарға реставрация процесінің дәлдік пен жауапкершілікті талап ететінін ұғынуға мүмкіндік берді.

Курс аясында қатысушылар Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне барып, археологиялық жәдігерлермен жеке танысты. Музей қызметкерлері әр экспонаттың тарихи және мәдени маңызын түсіндіріп, олардың табылу тарихы мен сақтау ерекшеліктері туралы жан-жақты ақпарат берді. Бұл тәжірибе жастардың тарихи мұраға деген қызығушылығын арттырып, жәдігерлерді сақтау ісіне деген көзқарасын тереңдетті.

Курс соңында қатысушылар археологиялық жәдігерлерді реставрациялау мен сақтау ісі бойынша негізгі кәсіби дағдыларды меңгеріп, арнайы сертификаттарға ие болды.

– Біздің музей үшін мұндай жобалардың маңызы зор. Себебі бұл бағыт тек жәдігерлерді қалпына келтірумен шектелмейді, ол жастардың тарихи сана-сезімін оятып, ұлт мұрасына деген құрметті күшейтеді. Әрбір волонтер бүгінгі күні өткен мен болашақты жалғайтын алтын көпір іспетті. Біз жастардың осы салаға қызығушылығының артып келе жатқанын қуана байқаймыз, – деді Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Ілияс Сейітжан Рысбекұлы.

Мамандардың айтуынша, бұл жоба жастарды археология және реставрация саласына кәсіби тұрғыда баулуға, сондай-ақ ел тарихына деген құрмет пен мәдени мұраға жауапкершілік сезімін қалыптастыруға үлкен үлес қосуда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.