«100 КІТАП» ұлттық сауалнамасы аясында зиялы қауым мен жастар бас қосты

32

Бүгін Тараз қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханада Мемлекет басшысының қолдауымен қолға алынған «100 КІТАП» ұлттық сауалнамасы аясында зиялы қауым өкілдері мен жастардың кездесуі өтті.

Шараның мақсаты — жастар арасында кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, ұлттық құндылықтарды насихаттау және зияткер ұлт қалыптастыруға атсалысу.
Кездесуге Қазақстан Жазушылар одағының Жамбыл облыстық филиалының директоры Хамит Есаман, белгілі журналист және қоғам қайраткері Жаңабай Миллионов, облыстық мәслихаттың депутаты, «Ақ жол» газетінің редакторы Оралхан Дәуіт және өңірдің белгілі қаламгерлері, тарихшылар, ғалымдар мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Олар сауалнама аясында ұсынылған кітаптардың мазмұны, көркемдік ерекшелігі мен бүгінгі ұрпаққа берер тағылымы жайлы ой бөлісті.

Шара соңында қатысушылар кітап оқу мәдениетін дамыту бойынша өз ұсыныстарын білдіріп, үздік шығармаларға дауыс берді.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының қолдауымен төл әдебиетіміздегі 100 танымал кітапты іріктеп алуға арналған жалпыұлттық сауалнама 23-ші шілдеге дейін жалғасады, нәтижесі 10 тамыз – «Абай күні» қарсаңында жарияланатын болады. Сауалнаманың басты мақсаты – еліміздің әдеби мұрасын сақтау және дамыту, Қазақстан жазушыларының шығармаларын дәріптеу, халықтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру және баспа ісін дамыту.

Осы орайда, баршаңызды Электронды үкіметтің ресми сайтында (eGov.kz) 10 кітапты таңдап, дауыстарыңызды беруге шақырамыз. Сіздердің таңдауларыңыз қазақ қоғамының әдеби талғамын айқындауға және оқырман мәдениетін дамытуға септігін тигізеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.