Ерлі-зайыпты тәртіп сақшыларының қызы полицей болуды армандайды

49

«Армансыз адам қанатсыз құспен тең» деген қазақ тәмсілі бекер айтылмаса керек-ті. Бала кездегі арманның кіршіксіз таза әрі оның орындалатынына деген сенімнің күшті болатыны қандай ғажап?! Бойында ізгілік пен мейрімнің нышаны бар кез келген бала өскенде өзгелерге көмек пен игілігін тигізетін маман иесі болғысы келетіні жасырын емес.

Сол секілді Ішкі істер органдарында ілкімді істердің атқарылуына үлес қосып жүрген жарасымды жұп – әділет капитаны Қайрат Калганов пен полиция капитаны Айгерім Махмеджанның қыздары Раянда да өскен соң тәртіп сақшысы болып, қоғам тыныштығын сақтауға үлес қосқысы келеді.

Қазіргі уақытта отағасы Калганов Қайрат Маратұлы Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №25 мекеме бастығының кезекші көмекшісінің орынбасары болып қызмет етуде. Ал жары Махмеджан Айгерім Ануварқызы – Жамбыл облысы Полиция департаменті тәрбие және кадр жұмысы бөлімінің белді қызметкері.

Ішкі істер органдарының қос қызметкері де жұмысында жоғары іскерлік және адами қасиеттері үшін әріптестері арасында зор абырой мен құрметке ие. Жауапкершілігімен, талапшылдығымен және еңбекқорлығымен көзге түсіп жүрген жас мамандар үйінде – мейірімді ата-ана, сүйікті жар екенін естен шығарған емес.

Отан мен қоғам алдында қалқысыз қызмет етіп жүрген ата-анасымен мақтанатын балдырған әлі кішкентай болса да болашаққа жоспарын қазірден нақтылап қойған. Ендеше, тілі балдай балақайдың аңсаған мақсат-мұратына жетуіне шын жүректен тілектестік білдіреміз!

Leave A Reply

Your email address will not be published.