Жамбыл облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінде Талас ауданының 2025 жылғы әлеуметтік — экономикалық дамуының аралық қорытындыларына арналған брифинг өтті.
Брифингте аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үй, инвестиция, шағын және орта бизнес, инфрақұрылымдық құрылыс сынды салалардағы мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысына тоқталды.
— 2025 жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша ауданда түрлі салалар бойынша оң динамика байқалды. Өнеркәсіптік өндіріс орындары 12,9 млрд. теңгенің өнімін өндірді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,1 млрд. теңгеге артық. Инвестиция көлемі 11,3 миллиард теңгеге жетті (өсім 234,9 пайыз), оның 85 пайызы жеке инвестициялар. Құрылыс жұмыстары 2,6 млрд. теңгеге (өсім 233,4 пайызға) орындалды. 7051 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 133,5 пайызға артық.
Төрт миллиард теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді (орындалуы – 102 пайыз), мал басының өсімі 7,1 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемі 12145 гектарды құрады. Шағын және орта бизнес өкілдері 3823 субъектіден тұрады. Мемлекеттік қолдау аясында 127 миллион теңгенің жобалары жүзеге асырылуда, — деген аудан басшысы мұнан соң өңірде іске асып жатқан ең ірі жобаларды атады.
— Қазіргі таңда «Talas Investment Company» ЖШС 300 жаңа жұмыс орнын ашу арқылы өндірісті кеңейтуде. Сонымен қатар «Karatau chemicals» ЖШС-нің құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Ал, мәрмәр өндіретін «Asia NST» кәсіпорны іске қосылып, 12 адам жұмыспен қамтылды. «Жамбыл Недр» ЖШС аумағында қуаттылығы 400 тоннаға дейін 1 және 2 сортты әктас шығаратын зауыты құрылысының инвестициялық жобасы басталды.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында ұсынылған 48 жобаның 29-ы 197,4 миллион теңгеге қолдау тапты. Бұл жылыжай шаруашылықтары, наубайхана, құрылыс материалдарын өндіру және қызмет көрсету саласы. Аудан аумағындағы 17 елді мекен газдандырылды. 2027 жылға қарай бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарлануда. Қазіргі таңда төрт ауылға газ тарту жұмыстары жүргізілуде.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 12 көшені жөндеу, сондай-ақ мәдениет ошақтарын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру және инвестиция тарту жұмыстарының нәтижесінде барлық негізгі бағыттар бойынша өсім байқалады. Бүгінде ауданның әлеуметтік- экономикалық дамуы тұрақты. Тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, барлық маңызды салаларды дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді, – деді аудан әкімі сөз соңында.
Талас ауданы