Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №25 мекемеде 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылды. Олардың аясында жазасын өтеушілер Отан тақырыбында жазған өлең шумақтарын оқып, патриоттық әндер шырқады.
Сонымен қатар спорт түрлері бойынша жарысқа түсті. Мұндағы мақсат – салауатты өмір салтын қалыптастыру, жазасын өтеушілердің спортқа деген қызығушылығын арттыру, белсенділігін көтеру. Осылайша мерекеге орай ұйымдастырылған жарыста сотталған азаматтар гір тасын көтеру, арқан тартыс, шағын футбол, қол күресі және шахматтан өзара мықтыны анықтады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы мақтау қағаздарымен марапатталды.
Сотталғандар арасында мұндай шаралардың маңызы зор. Себебі, шалыс басып, бармақ тістеп қалған азаматтардың осындай шараларға қатысу арқылы санасы сергіп, келешектегі мақсаттарына жетуге ұмтылары анық.
– Жаза мерзімін өтеуші азаматтарды жазасын өтей отыра түзелу жолына салу, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында әртүрлі тәрбиелілік іс-шаралар ұйымдастырылып отырады. Бүгінгі шараға қатысушылардың барлығы да белсенділік танытып, өздерінің спортқа деген оң көзқарастарын көрсете білді. Спорттық іс-шараларға қатысқан сотталғандар серігіп, өмірге деген құлшынысы артады, – дейді мекеме бастығы, әділет подполковнигі Бекзат Ортаев.