Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінде «Онлайн бюджеттік мониторинг» жүйесінің жүзеге асырылуы бойынша жиын өткізілді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Мемлекет қаржысының мақсатты жұмсалуына бақылауды күшейту және қаржылық бұзушылықтардың алдын-алуға арналған жүйе кемшіліктерді жедел анықтауға мүмкіндік беріп отыр.
Департамент ұйымдастырған жиынға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша Превенция басқармасының басшысы Жәнібек Қаражанов, облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Тілекқабыл Байдошев, қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Ермек Мамбетова қатысты.
Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Зоя Сапарова атап өткендей, «Онлайн бюджеттік мониторинг» арқылы ұстаздардың жалақысын төлеуге бөлінген бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы бақылауға алынған. Бұл мониторингтің тиімділігі мемлекеттік аудит объектілеріне шықпай-ақ электронды түрде қаржылық бақылаудың ден қою хаттарын жолдау арқылы жедел шаралар қабылдап, жымқыру деректерінің алдын алуға мүмкіндік беріліп отыр.
Аталған департаменттің жоспарлау, талдау, есептілік және сапаны бақылау бөлімінің басшысы Саягүл Сапарованың баяндауынша, мониторинг нәтижесінде 102 млн.542 мың теңгеге ден қою шаралары қолданылған. Бүгінде 12715,1 мың теңге бюджетке кері қайтарылған.
«Атап айтқанда, Индер аудандық білім бөліміне қарасты орта мектеп директорының карт-шотына жалақы түрінде мамыр айында 1 млн.теңгеден астам, маусым айында 911 мың теңгеден астам бюджет қаражаты аударылған. Яғни, оған қаңтар-сәуір айлары арасындағы біліктілік санаты артық есептеліп кеткен. Қорытындысында мамыр айына 566 021 теңге, маусым айына 286 595 теңге айырмашылық бюджетке кері қайтарылған»,-дейді Саягүл Мүтиғоллақызы.
Осыған ұқсас фактілер қаладағы білім ошақтарынан да анықталған. С. Датов атындағы №26 жалпы білім беретін мектепте қызметкердің карт-шотына жалақы түрінде қазан айында 940 000 теңге бюджет қаржысы аударылған. Мектеп басшылығы бұл келеңсіздікті 820 мың теңге көлемінде артық қаржыны 1С бағдарламасы арқылы қате аударылып кетуімен түсіндіріп, қазына қаражатын қайтарған болатын.
Қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Ермек Мамбетова бұл кемшіліктерді мектептерде есепші мамандарының жетіспеуімен байланыстырды. Сондай-ақ, жалақы есептеу жүйесі басқа бағдарламаға ауысқан кезде техникалық қателіктер де орын алғанын атап айтты.
Жиын барысында облыстық білім беру басқармасының басшылығы анықталған кемшіліктер бойынша жауапкершілікті күшейтетінін жеткізді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
https://atpress.kz/kk/news/atyrauda/atyrauda-m-galimderge-artyk-ak-sha-audarylgan?fbclid=IwY2xjawHV5xNleHRuA2FlbQIxMQABHZGLYF-A_4UmKRDMkCF9fHs4VgOrxZTawTnj6h9FZsTzN4BTCeMaTbkiPA_aem_C0l4aHmXSTdjHF6eIPAXJw