Балабек Нарбаев «Сарысу ауданының Құрметті азаматы» атанды

53
«Адамның әуелден тоқымашы немесе хатшы болып тумайтыны сияқты, қайырымдылық пен жаман қылық та адамға әуел бастан жаратылысынан дарымайды» (әл-Фараби).
Ал, жас емен ағашын күтіп баптаған сайын түзу өсетіні секілді, ізгілікті жанына серік еткен ел, баласына жақсы амал жасауды жастайынан үйреткен ел қайырымды ұрпақ өсіреді.
Ізгілікті жанына серік еткен ел тұрғындарының ең игі істерінің бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау.
Адамдар бір-біріне қайырымдылық, мейірімділік таныту арқылы халық тұрмысы түзелсе, қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы ел алға қадам басады.
Қайырымдылық жасау үшін асқан дәулет емес, жүректегі мейірім мен адал ниеттің болуы жеткілікті.
Қайырымды жандарды «алтын жүректі адамға» теңейтіні де содан болар.
Адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту етіп, жаны жаралы жанның жасын сүртіп, жылы лебізін аямай, қолдан келген жәрдемін ұсынып жүрген N5 әлеуметтік оңалту орталығының басшысы Балабек Нарбаев Жанбекұлы дер едім.
Бұл орталыққа барғанымда ет жақындары денсаулығы сыр беріп, немесе туа бітті ерекше болып туылып, яки жүйкесі тозған шақта керек қылмай, қарай алмаймыз деген азаматтардың көздері мөлдіреп жатқанын көрдім…
Екі көзін бір нүктеге қадап-ап, ештеңені сезінбейтін, ақыл-естен ада болған жандарды көрдім.
Бір жұтым суға зар болып, зорға тыныс алып, өмірімен күресіп жатқан адамдарды да көрдім…
Бір сөзбен айтқанда осында барып, бір сағат аралап шыққан болсаңыз жүрегіңіз жаралы болып, әр күніңізге шүкіршілік айтар едіңіз.
Міне, осындай орталықта басышылық жасап жүрген Балабек ағаны сол жерде жатқан жандардың «папалап» қуанышпен қарсы алғанын, оларға күлімдей қарап, өзімен тең санаған басшының бойынан ізгілік пен іріліктің көрінісін көрдім.
Сыртта тон пішу немесе ақыл айту оңай.
Ал, ауыр істі қиынсынбай, жеңіл іске ұмтылмай барынша жауапкершілікпен қызмет ете білген жанның құрметке лайықты екенінде білеміз.
Айтпағым бұл емес еді әрине.
«Өмірде жүз жасау міндет емес, артыңда із қалдыру – міндет».
Осы орайда Балабек аға жайлы айтар болсақ, ол кісі– өзінің таза еңбегінің арқасында биікке көтерілген адам.
Бойына сіңген адамгершілік қасиет оны үнемі жоғарыдан көрсетті.
Әр түрлі лауазымды қызметтерде жүргенде қандай болса, бүгінде тура сол қалпында.
Қашан көрсең де бойындағы кісілік қасиеттермен ерекшеленіп тұрады.
Осындай қарым-қабілеттерінің арқасында бүгінде Балабек Жанбекұлы ортаға сыйлы.
«Өткен өмір ұмытылмайтындығымен құнды» деген рас екен.
Балабек ағамыздың бар болмысы, атқарған ауқымды істері мен бойындағы асыл қасиеттерін елі бағалайды.
Осының жарқын дәлелі осыдан біраз жылдар бұрын Сарысу ауданында әкімдік қызмет атқарған жылдары, ауданның әлеуметтік-экономикалық, рухани, тағылымдық дамуына үлес қосқаны үшін бүгін-Балабек Нарбаев «Сарысу ауданының Құрметті азаматы» атанды.
Балабек Жанбекұлы ағамен болған екеуара әңгімеде «еңбек еттім, ел сыйлады, жар таптым, өрісім кеңейді, көсегем көгерді. Пәк жаралып, ылғи ақ жолда жүру оп-оңай емес. Өмірді өкінбестен өткізудің жолы – еліңді сүйіп, халқыңды құрметтей білу, Ананың ақ сүтін ақтау!» деген еді.
Өнегеге толы ағамыздың бүгін кеудесі жарқырап, ұрпаққа үлгі болардай ізі қалып, өмірі осылайша жалғасып жатыр.
Ақиқатында кіммен сұхбаттассаң да ол кісі туралы сүйсіне әңгімелейді, құрмет-қошеметтерін білдіреді.
Жақсының артыннан ерген жағымды сөз, жылы лебіз дегеніміз осы болса керек.
Жаны жайсаң, өн бойы адалдыққа толы, азаматтығы асудай биік ағамызды бүгінгі марапатымен шын жүректен құттықтап, отбасына бақыт, өзіне денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз

Leave A Reply

Your email address will not be published.