Семей орманы резерватының Бегенев филиалының Дөнгүл орманшылығы аумағында мемлекеттік орман қоры өртеніп кетті.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне сенсек, өрт кеше 12:06 кезінде байқалған.
Техника орман өртін сөндіру стансасынан 12:12 шамасында жолға шықты.
12:45-те орманшылар мен құтқарушылар өрт сөндіруді бастады.
Семей орманы резерваты мен Абай облысы ТЖД қызметкерлері тілсіз жаумен бірлесіп күресті.
Өрттің жалпы ауданы — 7 гектар. Оның ішінде орманмен қамтылғаны — 1,06 га.
Өрт сөндіруге 82 адам және 26 техника қатысты. Оның ішінде МИ-2 тікұшағы да бар.
Жалын түнде ғана ауыздықталып, сөндірілді.