17 шілде күні кешке Жамбыл облысы Қордай ауданына қарасты Бетқайнар ауылында толассыз жауған жаңбыр салдарынан 700-ге жуық мал басын су ағызып кеткен.
Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, жақын маңдағы елді мекендерге қауіп жоқ. Жеке аулаларды, тұрғын үйлерді су басу фактілері де тіркелмеді. Алайда шаруалар 700-ге жуық мал суға ағып кеткенін айтты.
Алдын ала мәліметтер бойынша, «Береке» ШҚ аумағынан 671 бас ұсақ мал мен 10 бас жылқы су ағып кеткен. Таңертең бұл мәселе арнайы комиссиямен нақтыланады», – деді әкімдіктегілер.
Оқиға орнына жергілікті атқарушы органдар мен өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің 18 қызметкері мен 6 бірлік техникасы жіберілді. Төтенше жағдайдың салдарын жою бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Ағын су салдарынан «Соғанды-Бетқайнар» автожолындағы көпір бүлінген. Жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметінің күшімен (5 адам және 2 бірлік техника) бекеттер қойылып, жол қалыпқа келтірілді.
«Ауа-райының қолайсыздығына байланысты бірқатар елді мекендерде уақытша электр желілері өшірілді Авариялық қызметтер барлық шақыруларға жедел шығып, электр желілерін қосу шараларын атқарды. Қазіргі уақытта Соғанды ауылындағы 65 үйде электрмен жабдықтау жұмыстары жалғасуда. 219 үй мен 2 әлеуметтік нысан газдан ажырады. «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ЖОФ (5 адам және 1 бірлік техника) қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Ауа-райына байланысты газға қайта қосу шаралары 18 шілдеге жоспарлануда», – делінген хабарламада.
Беріктас ауылында екпіні 43,5 м/с дейінгі қатты жел тіркелді. Қатты жел салдарынан 18 жастағы тұрғынға ескі сарайдың қабырғасы құлаған. Ол аудандық ауруханаға жатқызылды.
Қордай ауданындағы жағдай Жамбыл облысы әкімінің жеке бақылауында.
https://turkystan.kz/article/246040-kordai-audanynda-700-ge-zhuyk-mal-suga-agyp-ketti