Еге білсең, егін тасқа да шығады

871

Елбасы Н.Ә.Назарбаев атап көрсеткендей, «Әлемнің әміршісі -еңбек». Расында да, бейнет кешкен адамның берекеге кенелетіні ақиқат. Әсіресе, ерте көктемнен таңмен таласа тұрып, күн батқанша дамыл таппастан жер емген диқан қауымының дала төсіндегі қызу тіршілігі қандай құрметке болса да лайық. Біз «Еңбек күні» мерекесі аясында әрбір күнді тиімді пайдалануға тырысып, көктен берген, жерден өнген өнімді төкпей-шашпай жинап алудың қамымен жүрген шаруалардың тынымсыз тірлігіне зер салдық.

Дархан даласы да, шөлі мен шөлейті де, қып-қызыл құмы да, асқаралы таулары мен қырмызы қыраттары да көрген жанды қызықтырмай қоймайтын өңірімізде биылғы егін орағының түсімі жаман емес. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, егін алқаптарынан 667 953 тонна астық (арпа, бидай) жиналып, өңір бойынша орташа өнімділік көрсеткіші гектарына 23,8 центнерді құрап отыр. Былтырғы жылдың осы мезгілімен салыстырғанда 91 339 тонна астық артық жиналған екен.
– Облысымыз мал мен егін шаруашылығын дамытуда мол мүмкіндікке ие. Осы тұрғыдан келгенде өңірімізде жыл өткен сайын мал басының өсіп, егін алқабының да көлемі арта түскенін білеміз. Әсіресе, аймақта көктемгі науқандық жұмыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тұрғындардың берекелі тірлікке деген ұмтылысын қамшылай түсті. Науқандық жұмыстарымыз жоспарлы түрде жүргізіліп, қазіргі уақытта арпа, бидай толықтай жиналып бітті. Облыс бойынша биыл 119 130,6 гектар бидай алқабы орылды. Былтыр 115 385,5 гектар болатын. Сол секілді 162 265,3 гектар (өткен жылы 143 082,5 гектар) арпа орылды. Жылдан-жылға егіс алқабы ұлғайып, тиісінше түскен өнім көлемі де артуда. Қазіргі уақытта егіс ору науқаны толықтай аяқталды. Ал, күзгі дала жұмыстары да өз деңгейінде жүргізілуде, – дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының егін шаруашылығы бөлімінің басшысы Шәкір Момынқұлов.
Облыста картоп пен көкөніс, бақша өнімдері әлі де жиналып жатыр. Бірақ, астықпен салыстырғанда оларға асығыс жоқ, пісуіне қарай қазан айының соңына дейін қамбаға еркін жинауға болады.
Басқарма мамандарының сөзіне сүйенсек, аудандардағы астық жинау науқанының жемісті маусымы былтырғыдан бөлек болып отыр. Сондай-ақ, егін ору науқанында аудандардың көшін Т.Рысқұлов, Қордай, Меркі және Шу өңірлері бастап тұр.
Демек, биылғы науқанда да өңір шаруалары айтарлықтай жетістікке қол жеткізіп, аймақта ауыл шаруашылығы саласының арнасы кеңейе түсті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.